ЕЛГЕ БАЙ ҚҰТ ЕМЕС, БИ ҚҰТ Кешегi биiңiз – бүгiнгi судья. Мыңдаған жандардың тағдыры мен дауын шешiп, олардың құқығы мен бостандығын қорғайтынын ескерсек, ол шығаратын шешiмдердiң әдiлеттiлiгiне қарап, соттың бағасын халық береді. Қазір сот жүйесі уақыт талабына сай іргелі өзгерістерді бастан кешіріп, өз дамуында сапалық жаңа деңгейге көтерілді. Елбасының биылғы жариялаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында да сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылғандығы айтылды. Жалағаш аудандық сотының төрағасы Асылхан Мизанбаевпен əңгімеміз осы бағытта өрбіді.– Асылхан Әбитханұлы, Елбасы әр жылғы Жолдауында сот саласын дамытуға, жүйені жетілдіруге қатысты нақты тапсырмалар беріп келеді. Жалпы, сот жүйесіндегі реформаларда қандай өзгеріс бар?– Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында да қоғамымыздың заңнамалық қамтылуы назардан тыс қалған жоқ. Елбасымыз «…әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендірілген жөн. Әкімшілік айыппұлдар әділетті және құқық бұзу деңгейіне сәйкес болуға тиіс» деп атап көрсетті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Жолдауда: «Сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу қажет» деген болатын. Сонымен бірге, Ұлт жоспарының «100 нақты қадамында» Қазақстанды әлемдегі озық отыз елдің қатарына қосу мақсатында еліміздің сот жүйесіне де қомақты міндеттер жүктеді. Негізгі бес бағытқа басымдық берілген Ұлт жоспарында елімізде «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», соның ішінде сот жүйесінің қызметін оңтайландыру көзделген. Реформаның заң үстемдігіне арналған екінші бағыты бойынша сот жүйесіне қатысты 19 мақсатты қадам бар. Олардың он бір қадамы сот жүйесін реформалауға тікелей қатысты. Ал, Елбасы жариялаған биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауда сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылып жатқандығы айтылған. Сондай-ақ, саяси құжатта: «Адвокаттардың құқықтары мен сотқа дейінгі сатыдағы сот бақылауының аясы кеңейді», делінген. Осы тұрғыда азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажетті де құжаттан көрініс тапты. Қазіргі таңда, осы бағыттағы жұмыстар жасалуда.– Ең биік мәртебе ол – халықтың сотқа деген сенімі. Осы тұрғыда, сотқа түскен істер қалай қаралады?– Судьяларға елдің сенімі мен артып отырған үміті үлкен мәртебе, сонымен бірге асқан зор жауапкершілік жүктейді. Сол сенім мен жауапкершілік биігінен көріну жолында үнемі ізденісте болып, білімімізді жетілдіріп отырамыз. Біздің алдымызға арыз-шағыммен келетін тараптардың барлығы да өздерінің талабын дұрыс деп ойлайды. Өйтпесе, сотқа арыз бермес еді ғой. Сондықтан қарауымызға түскен істің мән-жайымен толық танысып, егжей- тегжейлі зерделеп, зерттей отырып, шешім шығарамыз. Расын айту керек, екі тараптың бірі дұрыс болып шығады да, екінші жақ бұған наразылық танытады. Бұл – өмірдің заңы. Қалай болғанда да, кез келген судья бірінші кезекте еліміздегі қолданыстағы заңнаманы басшылыққа алады. Сонан соң барып, тараптарға қатысты ерекшеліктерді ескереді. Қазіргі кезде сот саласында да ең соңғы, заманауи үлгідегі ақпараттық технологиялар қолданылады. Біздің барлық қызметіміз ашық әрі жария түрде жүзеге асырылады. Барлық қызметіміз халықтың көз алдында десем, артық айтқандық бола қоймас.– Елімізде бірқатар кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңа кодекстердің бұрынғыларынан едәуір айырмашылықтары бар. – Жолдауда азаматтардың іскерлік белсенділігін арттыруға мүмкіндік беру қажеттігін, соған сай ұлттық құқықтық стандарттармен сәйкестендіре отырып, қылмыстық жазаны ізгілендіру жөніндегі реформалар жүргізу керектігін айтқан болатын. Осы орайда елімізде бірқатар қодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп бекітілді. Осылайша, аталған заңдар 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Жаңа кодекстердің бұрынғыларынан едәуір айырмашылықтары бар. Біріншіден, бұл Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің құрылымындағы өзгерістерге қатысты. Ескі қылмыстық кодекс 393 баптан тұрса, жаңасындағы баптардың саны 467-ге дейін көбейген. – Сотта қаралған әрбір іс дыбыс және бейне таспаға жазылады. Ал сотқа келген істерді жедел қарау жұмыстары қай деңгейде?– Сотта қаралған қылмыстық, азаматтық және әкімшілік құқық бұзушылық істер, сондай-ақ, сот төрелігін жүзеге асыру сапасын көтеру мен сотқа келген істерді жедел қарау жұмыстары қатаң жолға қойылған. «Ұлт жоспары: 100 нақты қадамда» көрсетілген міндеттер толығымен орындалып, сот саласы белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Мәселен, өткен жылы 138 адамға қатысты 120 қылмыстық іс, 692 азаматтық іс және 413 әкімшілік іс қаралды. Айта кетейін, 413 тұлғаға қатысты әкімшілік істің ішінде 10 ескерту, 161 айыппұл, 105 әкімшілік қамау, 46 арнайы жүргізу құқығынан айыру жазасы қолданылса, 82 адамға қатысты әкімшілік іс өндірістен қысқартылды. Барлық істер бойынша қарау тәртібі мен мерзімдері бұзылмаған.– Мұның ішінде, сотқа келген істердің медиация тәртібімен қысқартылғаны бар ма?– Сотта істі қарау кезінде тараптардың медиaциялық шарт жасауымен қысқартылуы да жақсы жолға қойылып келеді. Өткен жылы медиация тәртібімен 56 қылмыстық іс, 58 азаматтық іс және 39 әкімшілік іс қысқартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда медиация заңы бойынша бітімге келушілердің қатары көбейгендігін көрсетіп отыр. – Уақыт тауып, сауалдарға жауап бергеніңізге рахмет!Сұқбаттасқан Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙҰЛЫ. Қоғам 06 ақпан 2018 ж. 1 488 0