» » АЛАСАПЫРАННАН АМАН ОРАЛҒАН

АЛАСАПЫРАННАН АМАН ОРАЛҒАН

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлердің бірі – Шотан Әбілдаев. "Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі" деген рас сөз. Жан түршіктірген жарылыстардан, қарша бораған оқтар­дан, күн көзін көлегейлеген қара түнектің арасынан денесінің бір жеріне сызат түспей, аман келген жауынгердің бірі де – осы Шотан әкеміз.
Бұрынғылар соғыс тұрмақ, ел ішіндегі жаманат хабардың өзін жұмсартып жеткізуге тырысыпты. Адамзат баласы үшін соның ішінде мылтық дауысын естімеген бейбіт заманның бақытты өкілдеріне соғыстың қасіреті қызық емес, тек кейінгі жастар үшін сабақ болады. Сол үшін соғыс тарихын оқтын-оқтын жаңғыртып отырудың еш айыбы жоқ. Шотан әкеміздің майданнан аман оралуына ең алдымен Жаратқан жар болған, екіншіден, әруақ қаққан десетін ауыл адамдары.
Кеңес үкіметі орнамай тұрып "Қазан төңкерісінен" бұрын Сырдың төменгі ағысындағы ел Қызылқұм ішін мекен еткен. Сол көшпенді ауылдағы қараша үйлердің бірінде туып-өскен Шотан әкеміз әке-шешеден жалғыз болса да, жастайынан замана тепкісін көп көреді. Әкесі Әбілда қасиет дарып, әруақ қонған кісі екен. Ауыл молдасынан хат танып, мұсылманша сауаттанған. Бала емдеп, дертті жандарға дем салған деседі. Шотан әкеміздің де бойында әкесінің қанымен келген қасиет бар еді. Ауыл-елдегі үлкен кісілер сырқаттанып қалған балаларын апарып үшкіртетін. Менің шешем замандасы Шотан әкеміз туралы сөз бола қалса: "Бұл Қожа да тегін емес, қасиеті бар" деп отыратын. Шотан әкеміздің бойындағы сол қасиеті жайында аңызға бергісіз әңгімелер көп.
Бірде ауылдағы бір жас келіншек үш-төрт күн бойы толғатып, босана алмай жаны қиналады. Ауылдағы әжелеріміз бен сақа келіндер жиналса да, өлім мен өмірдің арасында жанталасқан келіншекке көмектесе алмайды. Бұл уақытта Әбілда ақсақал алысқа жолаушылап кеткен екен. Толғақ үшінші күнге созылғанда әбден амалы таусылған бір әжеміз "әкесінде бар қасиет баласына да қонады ғой, жас келіннің жеңіл босанып, жаны қалуына септігі тие ме" деген үмітпен сол үйдің маңайында ойнап жүрген топ баланың ішінен бес-алты жасар Шотан әкемізді шақырып алып, қолынан жетектеп үйге кіргізеді. Ойын баласы ғой, алғашында түкке түсінбей табалдырықтан аттап абдырап қалады. Бірер секунттардан соң өз-өзіне келгенде, ортадағы жүк жинайтын төсекаяқтың үстінде шаңыраққа байланған бақаннан тас қылып ұстап алып аласұрған жүкті әйелді және оның кеудесіне отырып алып, алқымдап жатқан дене тұрқы екі-үш жасар баладай ешқандай тірі мақұлыққа ұқсамайтын албасты құбыжықты көреді. Бала сырттан кірген бойда құбыжық алдымен керегенің басына шапшып, одан соң шаңыраққа қарай атылып жоқ болады да, кешікпей келіншек босанады. Бала Шотан түкке түсінбейді. Өң мен түстің арасындағыдай хәл кешіп, өңі бозарып, аяқ-қолы дірілдеп әлгі үйден қорқып шығады. Кейін әкесі жолдан келгенде баласы болған жайтты бастан-аяқ айтып береді. Баласының әңгімесін түнере тыңдаған әкесі ұлына екінші ондай жерге баруға қатаң тиым салып, баланы қатерлі жерге кіргізген кемпірге де зілді ескерту жасайды. Бұл әңгімені Шотан әкеміздің өз аузынан да бірнеше мәрте естіп едік. Толғақ қысқан жас келіншекті екі-үш күн бойы әлгі қорқынышты құбыжық кеудесінен басып, алқымдап отырыпты. Бала үйге кіргенде ғана албасты келіншекті босатып, ғайып болған да, анасының құрсағында тұншыққан шарана шар етіп жарық дүниеге келген.
Расымен, Шотан әкеміздің бойындағы сол қасиеті сыртқы болмысына шығып тұратын. Кешегі кеңес заманында өмір сүрсе де аузына бір тал шылым қыстырмаған, арақ-шараптың дәмін татпаған. Бес уақыт намазын қаза жібермей, үнемі бойын тап-таза ұстап жүретін. Жүзі жылы, көз жанары өте нұрлы кісі еді. Балаға онша елжіреп, еміренбесе де, ара-тұра отбасымызға келгенде басымыздан сипайды. Сондай сәттерде тұла-бойыңа жылы толқын тарағандай әсер аласың. Шотан әкеміздің мен құралпы немерелері де аталарының алдында отырғанда лез­де балбырап тәтті ұйқының құшағына кететіндерін айтатын. Әкеміздің осы қасиеті соғыс қырғынынан да сақтаған болуы керек. Әйтеуір, шешемнің сөзімен айтсам, елге үстін "шеңгел сыдырмай" аман оралған. Шотан әкеміз Отан қорғау жолындағы майдандардың біршамасына қатысады, кескілескен шайқастарда жау оғының астында жүріп ерлік көрсетіп, орден-медальдармен марапатталады.
Бірде Днепр өзенінің жағалауындағы кескілескен шайқаста немістердің арғы беттегі бекінісін алу туралы бұйрық түседі. Бірақ жау оңайлықпен берілмейді. Зеңбірек, пулемет секілді қуатты қарулардан оқ боратып, жақындатпайды. Ұңғысынан ажал жаңбыры төгіліп тұрған темір тажалдарға төтеп бере алмай, біраз жауынгер мерт болады. Жауынгерлер қатары сиреп қалған соң амал жоқ, командирдің бұйрығымен шабуыл тактикасын өзгертуге тура келеді. Күндіз орман арасына бой тасалаған Кеңес әскері сол жерден ағаш бөренелерді біріктіріп байлап, салдар жасап, түн ауғанда өзеннің арғы бетіне өтуге бел буады. Бірақ, қанша сақтық танытқанымен фашистердің түнгі күзеті сезіп қойып, су үстіне аспанға атылған зымырандармен жарық түсіріп, ауыр артиллериядан соққы береді. Түнгі өзен лезде қызыл қанға боялып, жауынгерлер жайрап қалады. Су үстінде жарылған снарядтар қайық-салдарды жаңқа құрлы көрмей, күлін көкке ұшырады. Шотан әкеміз және тағы да он қаралы жауынгер ғана қалады. Олар жан дәрмен бөлініп, қалған бөренелерді жалдап арғы бетке өтуге қам жасайды. Жау жасырынған жағаға шығып, көмекке қосымша күш келгенше күтуді жөн көреді. Бірақ, немістердің пулеметінен бораған оқ тағы да бірнеше адамның жанын жаһаннамға аттандырады. Не керек, оншақты адамнан екеу ғана қалады. Кең арналы өзен өткел бермейді, жағалау әлі де алыс. Бір уақыттар болғанда жау жағы да тыныш табады. Бөренеге жабысып келе жатқан екеудің бірі Шотан әкемізге денесін су сорып тастағанын айтып, жағалауға жүзіп баруға тәуекел етеді. Әбден әлсіреген жауынгерлерге жағалауға жету қиынға соғады. Жарты жолға барғанда Шотан әкеміздің қасында қалған жалғыз майдандасы да жағаға жете алмай, су түбіне шым батады. Жалғыз қалған Шотан әкеміздің де үміті үзіледі. Күздің суық түні. Оның үстіне күні бойы ас-сусыз жүріп соғысып титықтаған. Енді тек Аллаға жалбарынып, әруаққа сиынғаннан өзге амал қалмайды. Бір уақытта алыстан талып бір тырылдаған мотордың үні естіледі. Жүк тиелген паромды сүйреткен катер су бетіндегі жаңқаны тасалап тұрған Шотан әкеміздің дәл қасынан жанай өтеді. Сол кезде бойындағы бар күшін жиып, жан дәрмен паромның бір шетіндегі теміріне қолын іліндіреді. Су бетін сызғылап отырып катер жағалауға жақындау иіннен өткен кезде қалып қояды. Бірақ қараңғыдан байқамаған, ол жер биік жарқабақ екен. Тырбанып жүріп әрең шығады. Киімдерінің суын сығып, заттарын түгендейді. Жол дорбасын ауырлық қылғасын жолда суда қалдырған. Тек көңіліне жұбаныш – қаруы. Соғыста қандай жағдайда да қаруды қалдыруға болмайды.
Айнала өлі тыныштық. Бірақ ауадан оқ дәрінің иісі шығады. Бірнеше сағат бұрын бұл аймақта да шайқас болғанға ұқсайды. Әр жерде неміс әскерлерінің мәйіттері жатқанын көріп, жаудың бұл шайқаста шегінгенін топ­шылайды. Соғыста жауды аяп, мүсіркеуге уақыт жоқ, оған командирлер тарапынан да рұқсат берілмейді. Тек өмір сүруің үшін, елің үшін, Отаның үшін, жеңіске жету үшін өз жаныңды сақтаудың қамын қылуың керек екені белгілі. Әбден ашыққан әкеміз өлген неміс әскерлерінің дорбаларынан нан, консерві секілді талғажау болатын азықтарды алып, орман арасына бой тасалайды. Аш құрсағына ас түскесін оның үстіне әбден шаршаған жалғыз жауынгердің таң бозарған шақта көзі ілініп кетеді. Түсіне әкесі Әбілда кіреді. Әкесі бұған: "Балам, атыңды ерттеп әкелдім, міне, шылбырыңды ұста, ауылға қайт" дейді. Ояна келсе күн тас төбеге көтеріліп, сәске түс болған. Түсін жақсыға жорыған жауынгер сол маңдағы траншеялардың ішіндегі қалбырлардағы қалған тамақтармен өзегін жалғап, өзенді жағалап жүріп отырып, екі тәулікте Қызыл армияның әскеріне қосылады. Көп өтпей, соғыс аяқталып, жеңісті жақындатқан сарбаздардың бірі болып, елге аман-есен оралады. Ауылға келген соң да бейбіт өмірдің гүлденуіне үлес қосып, Жаңаталап, Аққыр ауылдарында түрлі жұмыстар істей­ді. Жұбайы Сали апамыз екеуі ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, ел қатарына қосады.
Тоқсаныншы жылдардың ортасында Шотан әкеміз қатты ауырып, туған-туысы ауыл сыртындағы қорымнан сағанасын салып қойып, дайындалды. Ол кісі сол жылдары Аққыр ауылындағы соңғы соғыс ардагері болатын. Бір күні төсек тартып, ес-түссіз жатқан Шотан әкеміз бір құдіреттің күшімен сырқатынан құлан-таза айығып, аяққа тұрды. Кейін естідік, әкеміз қасында күнде бақұлдасып отырған Сали апамызға түн ортасында тіл қатыпты. Айлар бойы тек құр сүлдері жатқан әкеміз тіл қатқанда Сали апамыз қорқып қалады. Сонда Шотан әкеміз "Сали, қорықпа, менің көрер жарығым әлі таусылмапты. Түсімде әкем кіріп, "ай балам, шырағың сөнуге айналыпты ғой, қайта тұтатып кеттім" деп аян берді", – дейді. Расында, одан кейін де ардагер әкеміз бірнеше жыл өмір сүріп, немерелерінің қызығын көрді.

Қуат АДИС
14 қаңтар 2020 ж. 362 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 769

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930