Сырдариядағы көпірге күтім қажет
Жақында «Жалағаш жаршысы» газетінде журналист Қуат Адисұлының «Көпір салу – сауап, күтімге алу – міндет» деген мақаласы жарық көрген болатын. Мақалада Сырдария өзенінің екі жағалауын жалғап тұрған көпірдің ұзақ жылдар бойы көлік қатынасын жасап, оның стратегиялық маңызды нысан екендігін баяндап, ойға түйетіндей мағлұмат берген. Алғашқы жылдары көпірдің үстінде орнатылған биік бағаналардағы шамдар алыстан жарқырап, мен мұндалап тұратын. Мұндай жағдайда жүргізушілер мен өткіншілер ешқандай қауіп-қатерсіз жылдың кез келген уақытында асау дарияның табиғатына сүйсініп, өзеннен жақсы көңіл-күйде өтетін. Осы көпірдің қазіргі жүдеу, жұпыны қараусыз жай-күйі кімді болса да алаңдататыны анық.
Осыдан бірнеше жыл бұрын ауданымыздың ардагер ақсақалы, кезінде партия, шаруашылық жұмыстарында басшы қызметте болған Біржан Көштаев ағамыз «Жалағаш жаршысы» газетіне Социалистік Еңбек Ері мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімовтің осы ауданға сіңірген еңбегі жайлы мақала жазған болатын. Онда іргелі істердің маңызды құрылыстардың қатарында элеватор мен Сырдария өзеніндегі үлкен көпірді атап өтеді. Мен Сырдариядағы көпірге тоқталмақпын.
Асау дария сонау жылдары күзде, көктемде буырқанып, ернеуіне симай тасып, жағалаудағы елді абыржытатын. Сең жүріп, мұз қатып жол түскенше ел арғы-бергі бет болып қатынас тоқтайтын. Жаяу-жалпылап жандарын шүберекке түйіп жүргіншілердің сеңнің үстімен қатынауы, қалтырап-дірілдеп имандарын айтып жел қайықпен дариядан өтулері, қорқынышты да қатерлі жағдай болатын. Сең соғып жел қайықтар аударылып қайғылы оқиғалар орын алатын еді. Сол кезде Паром қайыққа, Пантон көпірге шығу кезінде көліктер суға құлап, төтенше жағдайлар орын алатын. Ең қайғылы оқиғалар мұз үстінен колхоздардың МТС-тан шынжыр табанды тракторлары жөндеп, ауылдарына қайтып бара жатқанда және жүк автомашиналардың қатынас кезінде мұз ойылып, дарияға түсіп кететін. Осындай төтенше оқиғалардан тек қана Сырдария үстінен көпір салынғаннан кейін ғана құтылдық. Бұл көпірдің ерекше стратегиялық маңызға ие екенін осыдан-ақ көруге болады. Сырдария үстіндегі көпір өткен ғасырдың 1960 жылдардың соңында басталып, 1975 жылдың қыркүйек айының басында пайдалануға берілді.
Көпірді Мәскеудің «Мостстрой» мекемесі салды. Бұл атақты БАМ-да көпірлер салған тәжірибелі мамандардан жасақталған мекеме болған. Осы өңірден көпір салу мәселесі үлкен тартысқа түскен. Әсіресе Байқоңыр космодромы, әскери бөлімдері бар Қармақшының тұсынан салу, басымдылыққа ие болған. Оны үлкен лауазымды әскерилер де қолдаған. Қалаға бір табан жақын Тереңөзек тұсынан салу да әңгіме болған. Дегенмен республикамызда күріш Қостанайы атанған, Одақ деңгейіндегі сыйымдылығы мен технологиясына сай элеваторды пайдалану мақсатында Исекең тиісті орындардағы мамандардың көзін жеткізіп, біздің ауданның тұсынан салынуына күш жұмсаған.
Сол жылдары мен Калинин, Таң кеңшарларын қамтитын Карл Маркс ауылдық кеңес атқару комитетінің хатшысы едім. Көпірдің құрылысы жүріп жатты. Оны пайдалануға берілген салтанатты жиынға ауылдың ардагерлері мен еңбек озаттарын алып барған болатынмын. Сол тұста аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сұлтан Аманов еді. Обкомның бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов салтанатты жиында көпірдің салынудағы қиындығы мен қуанышын бөлісіп, жүрек тербететін сөз сөйлеп: «Бұл біздің келешек ұрпақтарымыз үшін тындырған ісіміз, халқымыздың игілігіне жарасын» деп Одақтың су шаруашылығы министрі Алексевскиймен бірге көпірдің тұсауын кескен еді. Салтанатты жиынға еңбек және соғыс ардагері Нұрмағанбет Оспанқұлов ағамыз дариядан жол қатынасы кезінде елдің көрген қиындықтарын,төтенше жағдай оқиғаларын еске салып, халық үшін игі жұмысқа мұрындық болған Исатай Әбдікәрімовке ел атынан рақметін айтып, батасын берді. Осы жиында Мәскеу «Мостстрой» мекемесінің басшысы: «Біздер Одақта, БАМ-да осындай көпірлерді салып, елдің ризашылығына бөленіп жүрген жандармыз. Дегенмен Сырдариядан көпір салудың өз қиындықтары болды. Әсіресе су деңгейінің тұрақсыздығы, топырақ құрамы, ыспа құмдар тіреулерді бекітіп орналастыруда қиындықтар келтірді. Сонда да болса көпірдің құрылысы сапалы аяқталды. Қырық жылға дейін жөндеусіз қызмет жасауға кепілдік береміз. Уақыт орнында тұрмайды. Келешек техникалық прогрестің заманы, бүгінгі біздің жобамыздан тыс ауыр көліктер толассыз жүретін болады. Енді көпірге егелік жасап, игілікке пайдаланатын өздерің боласыңдар» деген еді. Содан бері арада қырық жыл өтті. Көпір халық игілігіне қызмет жасауда. Көпірден бүгіндері Отандық ТМД, алыс шетелдердің 80-100 тонналық ауыр көліктері ерсілі-қарсылы өтіп жатыр. Бұл күндері Сырдария көпірінің хәлі қалай? Егесі кім? Заман талабына сай кімдер күтім жасайды? Бұдан халық бейхабар. Көпір жаз болса қыстақтың шыбын-сонасынан қашқан сиырлардың шаңғалына айналған. Алғашқы жылдары көпірдің үсті түнгі мезгілде самаладай жарқырап тұратын. Қазір одан жұрдай болған. Ең қиыны көпірдің екі бетіндегі жарға тіреуі сумен мүжіліп жағадан алшақтап бара жатқаны қорқынышты да қауіпті. Тіреу мен жар арасын, бетон құйып бекіту, ешқандай инженерлік ойды қажет етпейді. Тек қана оны тиісті құзырлы мекемелердің алдына мәселе етіп қойып, ел келешегін ойлайтын азаматтардың жұмыла жұмыс жасауы қажет деп ойлаймын.
Рысбай Кәрімов,
еңбек ардагері