АЛАШТЫҢ ӘЛИХАНЫ
Алаш тақырыбы туралы сөз болса, ойға бірден Әлихан Бөкейханның есімі келеді. Өйткені “Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын” деген Әлихандай тау тұлғаның өнегеге толы ғұмыр жолы кешегіні былай қойғанда, бүгінгі тұрмақ ертеңгі қазаққа да үлгі болып қала бермек.
Саналы ғұмырын Алаш мұрасына арнап келе жатқан ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, менің ұстазым Дихан Қамзабекұлы өзінің “Алаш арқауы” деп аталатын кітабында Әлихан Бөкейханның өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталады. Бұл еңбекте ғалым: “Бүгінгі саналы ұрпақ Әлихан Бөкейхан десе, ойланып һәм тебіреніп қалады. Өйткені қазір бізде білтенің жануға шығарылған бөлігіндей зиялылық болса, соның негізін Әлихан мен Ахметтер қалағанын іштей сезінеді. Сондықтан да шығар Алаштың аты естілсе, сергек қазаққа бағзы замандағы ұран емес, Әлиханның аты мен заты естілгендей болады” дейді. Шынында да, Алаш десе Әлихан Бөкейханның есімі естілгендей болады. Мұны мен орда бұзар отыздың орта тұсынан асып, қырыққа қарай қадам басып бара жатқан буынның өкілі ретінде де айта аламын. Тіпті қазақтың маңдайына біткен зиялы қауым өкілдерін санамалап атайтын болсақ, олардың арасында міндетті түрде Әлихандай алып тұрады.
Бір кездері “… хан баласында қазақтың хақысы бар…” деген Әлихан Бөкейхан – тұлпарының тұяғы мен семсерінің жүзі арқылы жарты әлемді өзіне қаратқан атақты Шыңғыс ханның ұрпағы. Дәлірек айтқанда, Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Әлиханды өз әкесі Нұрмахамед тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың қолына оқуға берген екен. Зерделі бала молдадан білім алғандардан гөрі мектепте оқып жүргендердің сауаттылығын аңғарып, қаладағы үш жылдық бастауыш мектепке ауысады. Оны бітіргеннен кейін 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқиды. Мұнан соң 1886-1890 жылдар аралығында Омбыдағы техникалық училищеде оқып, оны "техник" мамандығы бойынша бітіріп шықты.
Оқуға жаны құмар бала мұнымен шектелмеді. Сұлтанмахмұтша айтқанда, “қараңғылықтың көгіне өрмелеп шығып күн болу” үшін алға ұмтылды. Оқыған, білген сайын тынысы ашыла түсті. Ары қарай оқысам, білсем деген мақсаты күннен-күнге оны алға жетелей берді. Содан 1890-1894 жылдар аралығында Санкт-Петербургтегі Орман технологиялық институтының экономика факультетінде оқыды. Мұнда ол студенттік қызу пікірталастарға қатысып, XX ғасырдың босағасын аттағалы тұрған Ресейдің қандай жолмен дамуы тиімді болатындығы туралы қайшылықты пікірлер қақтығысына куә болды. Осындай ортада жүріп, өзінің саяси көзқарасын қалыптастырды, ой-өрісі де ерекше дамыды. Жатса, тұрса қазақты бостандығы мен өз алдына дербес елге айналдыруды қалай жүзеге асыруды ойлады. Ол мұнда жүріп күнделікті сабақтарына қоса студенттердің саяси, әдеби, экономикалық және тағы басқа үйірмелердің жұмысына қызу араласып, студенттік толқуларға қатысады. Оны екі ғасырға жуық Ресей империясының қол астында отырған халқының ауыр тағдыры қатты толғандыра бастайды. Қараңғылық пен отарлық бұғаудың шырмауында отырған халқына білім мен мәдениет керек екенін ұғады. Елдің тұрмысын, мәдениетін, білімін көтеруді өзінің алдына мақсат етіп қояды.
Белгілі тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің “Қазақ Елі: Ұлттық бірегейлікті сақтау жолындағы күрес” атты туындысында: “Өмірге Шоқанның ізін ала келген Әлихан Нұрмұхамедұлы 1867-1868 жылдардағы орыс әкімшілігі енгізген басқару жүйесі жағдайында ер жетіп, есейді де сол ғасырдың соңында ресейлік реформалық шаралардың Қазақ Елін біржола жоюды көздейтіндігін байқап, жаңа сапа және мазмұндағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысын бастау ісін қолға алды” дейді. Бұл жолға түскенше, қазақ ұлтының кемел келешегі үшін күресетін зиялы азаматтардың көшін бастаймын дегенше Әлихан Нұрмұхамедұлы саяси жетілген тұлға болып үлгереді. Оқуын бітіріп, Омбыға оралғанда ол Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйренген күрес тартыстан біршама тәжірибесі бар саяси күрескер болатын. Ол Омбыға келісімен қаланың саяси әлеуметтік, қоғамдық жұмысына белсене араласады. Әлиханның саяси көзқарасының пісіп-жетілуіне, кейін белгілі саяси, қоғам, мемлекет қайраткері әрі қазақ ұлт-азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы және көсемі ретінде танылуына, саяси күрескер ретінде шыңдалуына Омбыдағы күндері ерекше ықпал етеді.
Энциклопедиялық мәліметтерде Әлихан Бөкейханның 1905 жылдан бастап Ресей конституциялық-демократиялық партиясының (кадеттер) мүшесі, оның қазақ бөлімшесін құру мақсатында Оралда, Семейде жиындар өткізгені айтылған. Бұл да оның саяси тұрғыда өсіп-жетілуіне әсер еткені сөзсіз. Тіпті Қарқаралыда патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы өткен қозғалысқа қатысып, 14 500 адам қол қойған “Қарқаралы петициясын” ұйымдастырушылардың бірі болған.
Қайраткерлік, күрескерлік жолмен жүрген Әлихан Нұрмұхамедұлы 1905 жылы Семей облысы қазақтарының атынан 1-ші Мемлекеттік думаға депутат болып сайланды. Бірақ ол 1-ші Мемлекеттік дума жұмысына қатыса алмады. Өйткені Ә.Бөкейхан өз жұмысын бастаған кезде Дала өлкесі генерал-губернаторының негізсіз жарлығымен, соттың тергеуінсіз, 3 ай Павлодар абақтысында отырды. Абақтыдан шығып Санкт-Петербургке жеткенде Дума патша үкімімен таратылып, оның біраз мүшесі наразылық актісін қабылдау үшін сол кездегі Финляндияның Выборг қаласына жүріп кеткен еді. Әлихан да солардың артынан аттанып, Выборг үндеуіне қол қойды. Сол үшін жазаға тартылып, Санкт-Петербург сот палатасының төтенше мәжілісінің шешімімен үш айға Семей түрмесіне жабылды.
Тарихи деректерде Әлихан Нұрмұхамедұлының бірнеше газетте редакторлық қызмет атқарғаны айтылады. Олардың қатарында Омбыдан шығатын кадеттік «Голос степи», «Омичъ», «Иртышъ» және Санкт-Петербургте жарық көрген меньшевиктік «Товарищъ», кадеттік «Речь», «Слово» газеттері бар екенін айта кеткен жөн. Қайраткер 1909-1917 жылдары «Дон егіншілік банкі» бөлімшесінде жұмыс істеді. Ал 1911-1914 жылдар аралығында «Қазақ» газетін ұйымдастыруға және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне зор еңбек сіңірді. Осы тұста ат төбеліндей ғана қазақ оқығандары Ресей империясына қарсы ашық күреске шығудың әлі ерте екенін анық түсінеді. Сондықтан олар, ең алдымен, халықтың сана сезімін оятатын жағдай жасау керек деп білді. Қазақ даласында “Түркістан уәләяты” мен “Дала уәләятынан” басқа “Қазақ” газеті мен “Айқап” журналы шыға бастады. Оқығандар ендігі кезекте бар күш-қуаттарын осы мақсатқа жұмылдырады. Бұл жолда Әлиханның да жүргенін айтқан ләзім. Бірақ олардың ойдағыдай жұмыс істеуіне жандармерия басқармасының жансыздары мүмкіндік бермейді. Солардың көрсетуімен Әлихан Бөкейхан қуғынға түсіп, түрмеге қамалады. Ол алдымен, Семей түрмесіне қамалып, кейін Самар қаласына жер аударылады. 1916 жылы жер аудару мерзімі бітіп, Самардан Орынборға келген Әлихан бірден қаланың қоғамдық, саяси өміріне араласып кетеді. Қаланың қазақ тұрғындары атынан қалалық думаға сайланады. Саналы ғұмырын халқының азаттығына арнаған қайраткер соңғы демі біткенше әуел баста таңдаған жолынан бас тартпады. Қайтсем қазақты өз алдына ел етемін деген оймен соңына дейін күресті. Ол Ресей жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің делегаты, Ресейдің I Мемлекеттік думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, IV Мемлекеттік Думаның мұсылмандар фракциясының Бюро мүшесі болды. Ал ол кезде мұндай деңгейге дейін көтерілу екінің бірінің қолынан келе бермейді.
ХХ ғасырдың басындағы саяси оқиғалар патшалы Ресейдің алынбастай болған қамалын алады, ішкі тұтастығы мен беріктігін ыдыратады, ақыры, мемлекетте төңкеріс орын алып, алып империя құлайды. Осындай саяси оқиғаларды Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді зиялылар ел пайдасына шешуді ойлайды. Әсіресе Әлихан Ақпан төңкерісінен үлкен үміт күтеді. Өкінішке орай үміті ақталмайды. Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазаққа автономия беруге қарсы болады. Оның үстіне олармен жер мәселесі жөнінде де ымыраға келе алмайды да, ол бұл партиядан шығып, қазақтан сайланған тоғыз өкілді бастап барып, Томск қаласында Сібір автономистерінің құрылтайына қатысады. Құрылтайдан оралысымен Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын құруға кіріседі. Тарихтың тілімен нақтырақ әңгімелейтін болсақ, 1917 жылы Орынбор қаласында жалпықазақ съезі өтіп, онда Торғай, Орал, Семей, Ақмола, Ферғана, Жетісу, Сырдария облыстары мен Бөкей ордасынан келген қазақ интеллигенциясының өкілдері бас қосқан болатын. Сол жиында азаттықтың жаршысы болған «Алаш» партиясын құру туралы шешім қабылданған. Тарих ғылымының докторы Мәмбет Қойгелдиевтің айтуынша, Райымжан Мәрсеков, Бақытжан Қаратаев, Жаһанша Сейдалин қатарлы ұлт жанашыларлары бұдан бұрын 1913 жылы жалпықазақ съезін шақырып, ұлттық партия құру туралы бастама көтерген. Бірақ бұған Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы тоқтау айтқан. Себебі Алаштың қос арысы жалпықазақ съезін сол уақытта шақыру қателік болатынын, патша үкіметі қазақ зиялыларын қудалайтынын жақсы түсінген. Патша үкіметі құлап, ел іші екіге жарылған уақытта алашордашылар уақытты текке өткізбеуді мақсат тұтты. Осылайша 1917 жылы шілде-тамыз айларының өліарасында жалпықазақтық құрылтай шақырылып, «Алаш» партиясы тарих сахнасына шықты. «Алаш» партиясының ұлттық ұстанымы бес түрлі тұжырымға негізделді. Жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбайдың сөзімен жеткізсек, съезде көтерілген мәселелерді былайша топтастыруға болады. Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейханның ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді! Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек! Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейханның жобасы бойынша, Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек», яғни толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс! Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек, яғни Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек, «ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы» тиіс! Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.
“Қазақпарат” халықаралық ақпарат агенттігінде 2018 жылғы 21 шілдеде жарияланған “21 шілде – “Алаш” партиясы құрылған күн” атты мақалада келтірілген бұл деректерде зиялылардың түпкі мақсаты Қазақ Елін өркениетке бастау екенін аңғаруға болады.
1917 жылғы жалпықазақ съезінде Алаш автономиясы жарияланып, оның төрағасы болып Әлихан Бөкейханның сайланғаны тарихтан белгілі. Алайда сол кезеңдегі аласапыран уақыт алаштықтардың көздегенін жүзеге асыртпады. “Ақпан” төңкерісінен кейін “Қазан” төңкерісі болып, ел іші абыр-сабыр күй кешті. Мұның соңы Кеңес өкіметінің орнауымен аяқталды. 1919 жылы большевиктер өкіметінің бұрынғы алашордашыларға жасаған кешірімінен кейін Ә.Бөкейхан қалған өмірін ғылыми зерттеушілікке арнады. Бірақ шолақ белсенділердің көрсетуімен ол 1926 жылы екі рет тұтқындалып, түрме азабын тартты. Қазақ арасында Әлихандай арысты ұстауға қорыққан кеңестік өкімет оны Мәскеуге жер аударады. Түрлі құйтұрқы әрекеттерге барған большевиктер оны Қазақстанға жолатпады. Онда он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 жылдың тамызында қайта тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен 71 жасында Мәскеуде ату жазасына кеседі. Осылайша қазақтың өз алдына ел болғанын көруді армандап кеткен Әлихандай алаш азаматының өмірі күреспен өтеді. 1989 жылғы 14 мамырда КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов ақталды.
Большевиктер Әлиханды өлтіргенмен оны жеңе алмады. Қандай қиындық көрсе де жігері жасымады. Кәрі тарих тарихшылар арқылы ақиқатты айтып, жалған жаланың құрбаны болған Әлихандай тұлғалар ақталды. Олардың арманы қазақпен бірге өмір сүрді. Уақыт өткен сайын алаш баласының егемендікке, елдікке деген ұмтылысы арта түсті. Ақыры 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақ Елі төрткүл дүниеге тәуелсіздігін жариялады. Бұл алаштықтардың да мақсат-мұраты еді.
Азиз БАТЫРБЕКОВ