БАҚИДАН ОРАЛҒАН МАЙДАНГЕР
Екінші дүниежүзілік соғыс адамзатқа қаншалықты қасірет пен қайғы әкелсе, сол қантөгістің аяқталуы, яғни «жеңіс» деген сөз қаншама адамға қуаныш пен үміт сыйлады. Қаншама қандасымыз майданнан аман-есен оралып, отбасымен қауышса, қаншама жауынгер от пен оқтың ортасында қан кешіп жүріп жараланды, аяқ-қолынан айырылып, елге құр сүлдерін сүйретіп келді. Ал қаншама боздақтарға туған жердің топырағын басу бақыты да бұйырмады, сүйегі жат топырақта қалды.
Күнбатыстан шыққан әскери ұшақтардың әуе кеңістігін жаңғыртқан үрейлі дауысынан ауылдағы ересектерден бастап, есі кірмеген балаларға дейін қорықты. Соғыстың қыза түскен шағында ажал жайлаған аймақтардан «қара қағаз» келе бастады. Майдан даласынан жететін сол қаралы хабарлар кетеуі кеткен тіршіліктің қамытын киіп әрең жүрген ауыл адамдарының ерік-жігерін жасытып, ел еңсесін одан әрі тұқыртып тастады. Дала поштасы «қара қағаз» әкелгенде, сол бір жапырақ қағазбен бірге арысынан айырылып, сорлап қалған үйге бір батпан қайғы-қасірет қоса кірді. Соның бірі Мейірман ақсақалдың шаңырағы еді. Бірақ...
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы кәмпескенің салқыны тиіп Өзбекстанға үдере көшкендердің ішінде Мейірман әулеті де болды. Он жылдан аса уақыт өзбектің сауда-саттығы дамыған ең ауқатты қаласы Бұқарада тұрған бұларды отызыншы жылдардың басында ұйытқып соққан замана желі қайтадан өз Отанына үйіріп әкеледі. Адамның басы – Алланың добы. Тағдырға налитын заман емес, олар елге келген соң Жаңаталап ауылына қоныс тебеді. Ал ол кезде Қазақстанды жаппай ашаршылық нәубеті жайлап, қандастарымыз қынадай қырылып жатыр еді. Мейірман әкеміз және сол әулеттің бас көтерер үлкендері Жұматай мен Жұмағұлдар колхоз жұмысында жүріп жан бағып, отбасын асырайды. Ауылдағы ашыққан ағайынға бір уыс дәннің өзі тапшы. Әйтсе де, тіршілік үшін күресте адам оңайлықпен ажалға беріле қоймайды. Қазақ – қиын кезеңде бауыры тұрмақ, жатқа да қол ұшын созудан тартынып қалмаған мейірбан халық.
Жығылғанға – жұдырық. Ажал аранды аштықтың қанды шеңгелі аздай, табан астында соғыс өрті бұрқ ете қалады. Қолына қару ұстай алатын еркек кіндіктің дені майданға аттанады. Бұл зұлмат та Мейірман әулетін айналып өткен жоқ. Алдымен Жұматай әкеміз туған-туысымен қош айтысып, батысты бетке алады. Соғысқа кірмегенімен, Челябинский қаласында болып, оқ-дәрі дайындайтын зауытта төрт жыл жұмыс істейді. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, соғыстың алғашқы күндері аядай ғана Жаңаталап ауылынан жүзге жуық адам майданға алынған және содан екі адам ғана аман оралыпты.
Мейірман, Меңліқұл, Мұсабай – ағайынды кісілер. Мейірманның Нұржан, Мұсабайдың Құлахмет атты балалары да сол алғашқы лектің ішінде болады. Ол кезде Нұржан 41 жаста, ал Құлахмет не бары 21 жаста ғана екен. Жауынгерлер қатарында бірнеше мәрте соғысқа кірген Құлахметтен 1943 жылы соңғы хат келіп, содан соң хабар-ошар үзіледі. Інісі Орынбай ағасының аты өшпесін деген ниетпен бір баласын ұрпақсыз кеткен Құлахметтің тегіне жаздырады. Ал Нұржан әкемізден 1943 жылы «қара қағаз» келеді. Бұл жайында жаралы жауынгердің күйеу баласы Жүргенов Сабыр ағамыз былай дейді:
– Әкеміз – екі рет өмірге келіп, екі рет өмірден өткен кісі. Тағдыры өте қиын да қызық болған. 1943 жылы әкеміздің майдан даласында ерлікпен қаза тапқаны туралы «қара қағаз» келеді. Қаралы хабарға сенгісі келмесе де, әскери қолбасшылардың қолы қойылған ресми құжат өлгенін дәлелдеп тұр. Бір әулетке ғана емес, бүкіл елдің басына түскен ауыртпалық қой, шешеміз аз ғана уақыт қайғырады да, колхоздың жұмысына шығады. Соғыстан бұрын туған Қайырбек пен Есенкүл әлі ес білмеген. Өлгеннің артынан өлмек жоқ, сол жетімектерді жеткізу керек. Оның үстіне қара жамылып, сұңқылдап жоқтап отыра беретін заман емес, колхозға жұмыс күші жетіспейді, әйелдер түгіл бұғанасы бекімеген балалардың өзі жұмылдырылып жатқан кез. Ай артынан ай, жыл соңынан жыл өтеді, жүректегі жара жазылмағанымен, «қара қағаз» келген күйеуінің қайтып оралмасына көзі анық жеткен соң, солығы басылып, қайғысы да аздап сейіледі. Бірақ 1945 жылдың қарашасында шешеміз күйеуінің тірі екені, елге келе жатқаны жайында хабар алады. Алайда екі жыл бұрын «жаназасын» шығарып қойған адамның тіріліп келді дегенге сене қоймайды. Ымырт үйірілген мезгілде расымен әкеміз келеді. Әдетте майданнан оралған жауынгер елді қуантып келсе, «өлген» әкеміздің «тіріліп» келуі ауыл-аймақты таңғалдырыпты. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген сөз рас екен. Әкеміздің көрер жарығы түгесілмепті. Шешеміз Әлима ол күндерді жиі болмаса да, ара-тұра еске алып отыратын. Расында, ол күндер ұмытылар ма?!
«1941 жылдың шілде айы. Соғысқа аттанғандарды шығарып салуға он шақты әйел 5-6 есек дайындап, елең-алаңда Жаңаталаптан шығып, Қармақшыға төтелеп тарттық. Қыстаққа түнгі 12-ге таяу жеттік. Біз барғанда эшелон кетіп қалыпты, шығарып салушылар да тарап кеткен. Бәріміз есеңгіреп қалдық. Шаршаған аналар, жылаған бала, баратын жер жоқ. Менің құшағымда 1 жасар қызым бар. Ешкім есік ашпайды, халық үрейде. Бәріміз шұбырып дария жақтағы шеткі үйдің жанына келіп түстік. Ойымыз: аяқ суытып, балаларымызға қарап, таң ата елге қайту. Бір уақытта әлгі үйден жасы жер ортадан асқан қартаң әйел шықты. Бізге сәл күдікті көзбен қарап тұрды да, балаларды аяды ма, сәлден соң «Үйге сыйғанша жатыңдар, бірақ ас-ауқат жоқ» деді. Үй иесі де жалғыз баласын соғысқа аттандырған кеудесі шерлі екен. Үйге кірген соң түйіншегімізде қалған күлшелерімізді талғажау етіп, аз да болса қисайып көз шырымын алдық. Сол аралықта қызық түс көрдім. Бір үлкен кісі келіп, шырағым, басыңды көтер деп саусақтарымды санамалай бастады, шылдыр шүмекті жартылай ғана бүкті. Таң қылаң бере оянып, жолға қамдандық. Үй иесіне түсімді айттым. Ол кісі «Балаларыңның әкесі төрт жарым жылда келеді екен» деп жақсыға жорыды. Сол сөздің өзі жаныма жалау болды.
Соғыс өрті өрши түсті. Елдегі ер азаматтардың барлығы майданда. Қолқанат болар бала да жоқ. Қайырбек 4 жасар. Есенкүлді 1 жасында жер қойнына бердік. Сол соғыс уақытында Шіркейлі каналы қазылды. Канал жұмысына әр ауылдан әйелдер тартылды. Соның бірі мен едім. Күніне әр адамға алты кетпен бойы биіктен төменге дейін өлшеп береді.
Орындау – міндет. Бәрі де майдан үшін, жеңіс үшін, Отан үшін. Өзіме тиесілі межемді асыра орындап марапатқа да ие болдым. Қас қарая үйге ораламыз. Үйде ұлым таңнан кешке дейін аш жатады. Бірде бір уыс бидайды үгіп, балама алып бара жатқанда бригадир мен ауданнан келген уәкіл байқап қойды. Бір ауыз сөзге келмей, мені қылмыскер ретінде аудан орталығына әкелді. Тегін әлі күнге ұмытқаным жоқ, аудан басшысы Ардабаев деген кісі менен: «Сіз қылмыс жасағаныңызды және сол бір уыс бидай үшін сотталатыныңызды білесіз бе?», – деп сұрады. Көптен көкірегімде тұншығып жүрген шер-шемен сол мезетте жас болып жанарымнан ытқып шықты. «Мен жауынгердің тірі жесірімін, Отан үшін бір баламды құрбандыққа беріп, бір баламды тірі жетім атандырдым. Мен сол жауынгердің өмірін жалғайтын, ел басына күн туғанда халқын қорғайтын ұрпағын мына зұлматтан, аштықтан қалай да аман сақтап қалуға тиіспін. Не жаза кессеңіздер де көнемін, бірақ мен жасаған әрекетімді қылмыс деп санамаймын», – дедім іштей булығып тұрсам да көз жасымды көрсетпеуге тырысып. Ардабаев бір сәт ойланып отырды да: «Жарайды, ұрпақ үшін жанталасып жүрген жауынгердің жары екенсіз, сізге бір жолға кешірім жасайық», – деп мені жазадан босатты.
1943 жылы «жауынгер Мейірманов Нұржан майдан даласында ерлікпен қаза тапты» деген «қара қағаз» келді. Жалғыз менің басыма түскен сынақ емес, ел басына түскен ауыртпалық болған соң қимастық қылып аз күн жылап-сықтап, тағдырдың жазуына көндім. Оның үстіне арысыма ажал қапияда ауыз салған жоқ, Отаны үшін отқа түсті. Алладан жалғыз балама өмір тілеп, өз-өзімді жұбатып, ел қатарлы тіршілігімді жалғастыра бердім. Бірақ ара-тұра баяғы түсім және оны жорыған үй иесінің жұбаныш сөзі санамдағы үміт сәулесін жылтыратып қояды. Үмітсіз – шайтан. Түстегі аянға да сенетін халықпыз ғой...
1945 жылдың қараша айы. Соғыс аяқталғанымен әлі бейбіт өмірдің берекесі бүтінделе қоймаған кез. Таңнан кешке дейін колхоздың жұмысы. Бірде алатаңнан қарбаласып жұмысқа шыққалы жатқанда біреу «Нұржан келе жатыр» деген сүйінші хабар жеткізді. Сенген жоқпын. Белімді шарт буынып, егіс басына аттандым. Колхоз жиым-терімді аяқтап, жер жыртып жатыр. Түс ауа егіс басына келген бригадир де күйеуімнің келгенін айтып, сүйінші сұрады. Менде ес жоқ. Өң мен түстің арасындағы күйді кештім...», – деп отыратын шешем.
Ал «қара қағаз» келген жауынгердің екі жыл бойы қайда жүргені белгісіз. Аспан асты, жер үсті ойрандалып жатқанда өлі-тіріні тіркейтін құжаттардың жаңылыс жазылуы әбден мүмкін ғой. Бір қызығы, 1995 жылы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында шыққан «Боздақтар» кітабында Нұржан Мейірмановтың аты-жөні тұр. Ал «Боздақтар» тек қана соғыстан оралмағандардың рухына қойылған ескерткіш. Кітапта: «Мейірманов Нұржан бұрынғы «Жаңаталап» колхозында 1900 жылы туған, шала сауатты, колхозшы, Қармақшы АӘК арқылы 1941 жылы майданға аттанып, 994 АП, 286 АД құрамында қатардағы жауынгер-атқыш ретінде соғысқа қатысқан, 1943 жылғы 23 тамызда қаза тауып, Ленинград облысы, Мга ауданы, Поречье деревнясының шығысынан 500 метр қашықтықта, жолдың сол жағында 30 метр жердегі №25 зиратқа жерленген» деп жазылған. Яғни 1943 жылы Нұржан әкеміздің майданда «қаза болғаны» туралы «қара қағаз» келгенін осы ресми құжат айғақтайды.
Нұржан Мейірманов атақты қолбасшы К.К.Рокоссовскидің атқыштар дивизиясында болып, қанқұйлы соғыстарға кіреді. Сол ұрыстардың бірінде Нұржан әкеміз бір саусағынан айырылады және бірнеше жерінен жараланады. Алайда госпитальде жатып емделген соң, қайтадан сапқа қосылады. 1945 жылы сәуір айында Сталинград түбінде жойқын ұрыс болады. Бір уақыттарда Нұржан әкеміздің құлағы бітіп, көзі қарауытып кетеді. Шыңылдап ұшқан снаряд дәл түбінен жарылып, топырақтың астында қалады...
Нұржан әкеміз фашистік Германияны Кеңес Одағының жеңгенін тамыз айының соңында дәрігерлерден естиді. Топырақ үйіндісінің астында ес-түссіз жатқан жауынгерді лазаретке жеткізеді. Басынан ауыр жарақат алған жауынгер сол жерде төрт ай жатып әзер көзін ашады. Бірақ есінде ештеңе қалмаған. Көзінің алды буалдыр сағым, қым-қиғаш елестер...
Не керек, өлдіге санап, әруақтардың қатарына қосып қойған ағайынының ортасына кеудесін орден-медальға толтырып аман-есен оралған Нұржан әкеміздің екінші мәрте «өмірге келуі» әулет үшін жеңістен де артық қуаныш болады. Соғыстан соң тұңғыштары Қайырбекке серік болып Дина, Қайыркүл есімді балалары өмірге келеді. Елге келіп, бейбіт өмірдің «майданына» қызу араласады. Туған ауылын түлетуге атсалысып, шаруашылықтың барлық саласында тынымсыз еңбек етеді. Ел басына күн туғанда Отан үшін отқа түсіп, ерен ерліктің үлгісін танытқан майдангер Нұржан Мейірманов басынан алған жарақаттың салдарынан айыға алмай, 1967 жылы 2 ақпанда өмірден өтеді. Ал жарының соғыста қаза болғанын естісе де жүрегіндегі үмітін өшірмеген Әлима анамыз 1997 жылы дүниеден озады. Бір таңғаларлығы, Әлима анамыз балаларына өзінің ақырғы демі сол жылдың наурыз айында таусылатынын айтқан деседі және дәл сол мезгілде бақилық болады...
Жауынгердің ұл-қызы және олардан тараған ұрпақ бүгінде әр салада абыройлы қызмет етіп, әке жолын жалғастырып келеді. Бұны от пен оқтың ортасында бейбіт өмір үшін басын ажалға байлаған майдангер әкеміздің рухына жасаған кейінгі ұрпақтың тағзымы деп ұғынғанымыз жөн.