» » ҒИБРАТҚА ТОЛЫ ҒҰМЫР

ҒИБРАТҚА ТОЛЫ ҒҰМЫР

Бұл дүниеде мәңгілік ешнәрсе жоқ. Адам баласының дүниеге келуі ақиқат болса, оның дүниеден өтуі де анық. Және бұл пәни дүниеде кім қанша өмір сүретінін тек бір Жаратушы Алла ғана біледі. Сондықтан да, өмірден өткен, тірісінде сыйласып, араласқан, бірін-бірі құрмет тұтқан жандарды әркез ұмытпай, құрметпен еске алып отыру әрбір адам бала­сының парызы болуы тиіс. Әрине, бұл әр пен­денің жүрек қалауы.

Өмірден өзі өтсе де артында нәтижелі еңбегімен із қалдырған, өнегелі өмір сүрген, адами болмысымен, кісілігімен заман­даста­рының көңілінде жүретін жандар болады. Осындай жандардың бірі де бірегейі кеше ғана ортамызда жүрген, ағалы-інідей сыйласқан, бақилыққа аттанғанына жыл толып отырған ініміз Бердан Әмитов. Бердан інімізді мен қызмет бабымен оның туған ауылы Таң кеңшарына барған жылдардан бастап білетін едім. Ол осы ауылда 1945 жылы 18 қыркүйек­те дүниеге келген. Арғы тегі заманына лайық жоғарғы діни білім алған, білімдарлығы мен жеке өзіне дарыған қасиетінің арқасында «Жеті өлікке жан берген» қазақтың мемлекеттігін нығайту жөнінде қазақ хандарының ішінде ерекше аталатын Тәуке ханның тұсында бүкіл үш жүзге пір болған, оның «Жеті жарғысын» дайындауға атсалыс­қан Мүсірәлі баба Жәдікұлы. Ол туған ауылында мектеп табалдырығын аттап, кейін шаруашылықтың қазіргі Шәменов ауылымен бірігуіне байланысты осы ауылда 1962 жылы №34 «Иіркөл» орта мектебін бітіреді. Мектеп бітіргеннен кейін екі жыл Қызылорда күріш тәжірибе стансасында, үш жыл Кеңес әскері қатарында әскери борышын атқарып, туған ауылында тағы да бір жыл есепші болып небәрі 5-6 жыл қызмет істеп, өмір тәжірибесін байытады. Есейіп, тәжірибе жинақтаған Бердан 1968 жылы Ресейдің Саратов қаласына барып, ауылда өскен қазақ­тың қарапайым баласы сабақ орыс тілінде жүретін ондағы ауыл шаруашылығы инсти­тутына оқуға түсіп, оны бухгалтер-экономист мамандығы бойынша үздік оқып, қызыл дипломмен бітіріп шығады. Диплом алып, туған ауылына келген ол 1972-1977 жылдары мамандығы бойынша бухгалтер болып қызмет атқарады. Мен Таң кеңшарына директор болып барғанымда Бердан бас бухгалтердің орынбасары лауазымында қыз­мет атқарады екен.
Осы кезден бастап оның іскерлік қасиет­терін зерттеп, біле бастадым. Ол біріншіден, өз мамандығының білгірі еді. Шаруашылықтың есеп қызметін де, экономикалық қызме­тін де жетік меңгерген, өз ісіне асқан жауапкер­шілікпен қарайтын жас кадр еді. Сол кездің өзінде кез келген шаруашылыққа бас есепші мен бас экономист болып істеп кете алатын жағдайда болатын. Шаруашылықта бас есепші де, бас экономист те көптен істеп келе жатқан мамандар болғандықтан оларды ауыстырып орнына Берданды қызметке қоюға мүмкіндік болмады.
Екінші бір қасиеті – мерзімді науқанды жұ­мыс кездерінде шаруашылықтың басқа ма­ман­­дарындай емес, кез келген қара жұ­мыс­тан тартынбай араласып кете беретін. Мен қызметке барған кезде шаруашылықта жұ­мыс­шы кадр­лары жетіспейтін. Әсіресе меха­низаторлар кемшін болатын. Шаруа­шы­­лықтағы бір механизаторларға екі, үштен техникалар бекітілетін. Осындай жағдайда Бердан көк­темгі егін егу мен күзгі астық жинау науқаны кездерінде трактор айдап тұқым себуге, астық тасуға көмек беретін. Бұл оның институтқа дейін өндіріске араласып, еңбек еткенінің нәтижесі болатын. Ол осындай өзінің қасиеттерімен маман ретінде, өз кәсібінің білгірі ретінде сол жылдары аудан басшылығының көзіне түсе бастады. Көп ұзамай аудандық партия комитеті Аққұм кеңшарына бас бухгалтерлік қызметіне тағайындау үшін бізден Берданды босатуды сұрады. Біз қимай біршама уақыт келісім бермедік. Дегенмен өзімізде қызметін өсіруге мүмкіндік болмаған соң, амалсыз келісуге тура келді. Сөйтіп Бердан 1977-1983 жылдар аралығында Аққұм кеңшарында бас бухгалтер болып қызмет атқарды. Бұл қызметте де абыройлы болды, білікті маман ретінде танылды. Елмен, азаматтармен араласты, олардың арасында сыйлы болды. Мамандығы бойынша біліктілігін арттыра түсті, ауданның мықты да тәжірибелі мамандарының қатарында болды. Біздер оның туған ауылының азаматтары Берданның қызметтегі табыстарына қуанып жүрдік.
Осындай абыройлы қызмет атқарып жүр­ген кезінде шаруашылықтағы болған келең­сіз жағдай Берданды да шарпып өтті. Атқарып жүрген қызметінен босады, партиялық жаза алды. Біршама уақыт түрлі мекемелерде мамандығы бойынша қатардағы есепші болып қызмет атқарды.
1985 жылдың басында облыстың бас­шы­­лығында біршама өзгерістер бол­ды. Обкомның бірінші хатшысы болып Е.Әуел­беков, екінші хатшы­лы­ғына Е.Зо­лоторев, облыстық кеңес атқару коми­тетінің төрағасының бірін­ші орынбасары, облыстық агро­өнер­кәсіп кешенінің төрағасы қызметіне Н.Ибраевтар келді. Мен де сол жыл­дың күзінде басқа қызметке ауысқан О.Ысқақовтың орнына аудан­дық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасының бірінші орынбасары қызметіне келдім. Жылдың аяғына қарай ауыл шаруа­шылығы басқармасы аудандық агроөнеркәсіп бірлестігі болып қайта құрылып, оның қарамағына аудандағы барлық ауыл шаруа­шылығына қызмет ететін мекемелерді берді. Бір сөзбен, аудандағы бюджеттік мекеме­лерден басқа барлығы бір қолға жинақталды. Осынша шаруашылықты басқару үшін көмекке мықты маман кадрлар керек екендігі түсінікті. Жаңа кадрлар іздестіріле басталды. Осындай кадрлардың бірі Бердан болатын. Оны партиялық жазасымен қызметке алу қиындығы бар еді. Дегенмен аудандық партия комитеті обкомға, мен облыстағы бастығым Н.Ибраевқа қайта-қайта мәселе қойып, олардың келісімін алдық. Сөйтіп, Бердан 1986 жылдан бастап аудандық агроөнеркәсіп бірлестігіне қызметке алынды. Ол осы жерде1991 жылға дейін бас экономист, жоспарлау бөлімінің бастығы, қаржы бөлімінің бастығы – бас есепші қызмет­терін абыроймен атқарып, 1991 жылдан аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды.
Берданның еліміз егемендік алып, эконо­миканы жаңа, нарықтық экономикаға көшіру кезіндегі еңбегі бір төбе. Ол 1992-2008 жыл­дары аралығында мелекеттік қаржы бақылау комитетінің аудандық бөлімшесін, Агропром­банктың аудандық филиалын, аудан­дық салық комитетін басқарып, аудандық мәслихаттың алғашқы төрт шақырылымында депутат болып сайланып, оның тексеру комис­сиясының төрағасы бола жүріп, нарық жағ­дайында ау­дан­ның қаржылық инсти­туттарының алғаш­қы қарлы­ғаш­тарының қалыптасуының не­гізін қалады, ауданның экономикасының нарық­қа кө­шуіне өз үлесін қосты.
Бердан Әмитов көп жылғы атқарған абы­ройлы еңбегі үшін бірнеше медальдармен, грамоталармен марапатталды. 2011 жылы «Жалағаш ауданының құрметті азаматы» атағын алды. Өмірлік жары Шара екеуі үлгілі отбасы бола білді. Дүниеге келтірген балдарына өнегелі тәрбие берді. Олар бүгінде өмірден өз орындарын тапқан азаматтар.
Бердан еңбек демалысына шыққан­нан кейін де отбасында отырып қалмай, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласты, Өзімен тұстас қызмет еткен еңбек демалысындағы аудан­ның қаржыгерлері мен экономист әріп­тестерімен байланысты үзбей, олармен бұ­рын­ғыдан да жақсы қарым-қатынаста болды. Олардың басын біріктіруде, бір-бірінің қуаныш, бөлісуде орталарынан таб­ылып, басқосуларының ұйтқысы бола білді. Аудан тарихында өзінің еңбегімен өшпестей із қал­дырған, ауданның ауыл шаруашылығының қаржы, экономикалық және жоспарлау сала­сының білгірі және осы салада еңбек еткен барша кадрлар өзін ұстазым деп санайтын Зинаддин Дүйсенбаев туралы кітап шығарып, оны еске алуды ұйымдастырып өткізуде де ардагер әріптестерімен бірге үлкен еңбек жасады. Аудан ғана емес Сыр өңірінің экономикасының өсіп, өркендеуіне үлес қосқан әріптес ардагерлер туралы Т.Ембергеновтің кітабының шығуына да өз үлесін қоса білді.
Берданның бойында табиғатынан біткен ыждағаттылық, ұқыптылық, тапсы­рылған іске асқан жауапкершілікпен қарайтын қасиеттер болатын. Әрбір істеген ісі, ол үлкен болсын, кіші болсын, қызметте болсын, тұрмыста болсын жауапкершілікпен қарап, тиянақты атқаратын. Бұл қасиетті ол өмірлік қағидасына айналдырды.
Аудандық ардагерлер ұйымының жұ­мы­сына да белсене араласты. Арда­герлер арасында әлеуметтік тап­сы­рыстарға, халық­аралық ұйым­дардың гранттарына сәйкес атқарылған шаралардың бел ортасында жүріп, үлкен еңбек етті. Аудан ардагерлер ұймының осы саладағы жұмысының барлық қаржылық жұмыстарын өз қолына алып, абыроймен атқарды. Халықаралық қорлар мен ұйымдардың конкурстарын жеңіп алуға үлес қосты. Олар ұйымдастырған халықаралық семинарларға қатысып, баяндамалар жасап белсенділік көрсетті. Біліктілігін арттырып, тиісті сертификаттарын алды.
Бердан ініміздің азаматтық болмысы, адами қадір-қасиеті оны білетіндердің, бірге қызметтес болғандардың есінде болады.

Садық Әлиев,
аудандық ардагерлер
кеңесінің төрағасы

08 ақпан 2020 ж. 246 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 769

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930