“АЛТЫН БЕЛГІСІ” КӨП МЕКТЕП
Сайын даланың сардары болған Бұқарбай батыр ауылындағы №33 орта мектептің оқушылары білім бәйгесінде алдыңғы қатардан көрініп, аудан абыройын асқақтатып жүр. «Алтын белгі» иегерлерінің бесеуі осы алтын ұядан шығуы да өңірдегі білім саласын одан әрі биікке көтерді.
Кез келген маман иесінің білім, білігіне баға берерде «Мұғалімі кім болған екен» деп жатамыз. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген халық даналығында да осы бір қасиетті мамандық иесінің ұрпақ тәрбиесіндегі алар орны ерекше екенің аңғару қиын емес. Қазақтың белгілі ағартушысы Жүсіпбек Аймауытов «Қазіргі қазақ мектебіне қажеттісі – тек білім беруші мұғалім ғана емес, баланы өмір сүруге үйретуші ұстаз!» – дейді. Бұл сөз бүгінгі күні де мәнін жойған жоқ. Сондықтан бүгінгі ұстаз шәкіртіне біліммен қатар мол тәрбие беріп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді, Отанын сүюді, өз елінің патриоты болуға баулуы керек-ақ. Осы тұрғыда №33 орта мектептің ұстаздары жас оқытушылардын біліктілігін жоғарылату және оқушылардың білімі мен тәрбиесін арттыру бағытында өзге оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, өзара тәжірибе алмасып келеді. Мектеп директоры Ерлан Боранбаевтың басшылығымен оқушылардың білім сапасын арттыру бағытындағы мұндай жұмыстар күн тәртібінен түскен емес. Жас мұғалімдерге бағыт-бағдар беретін аға тәлімгерлер де жас мамандарға оқушылармен жұмыс жасаудың қыр-сырын үйретуде. Бұл үрдіс аталған мектеп ұжымында бұрыннан бар екен. Жалпы мектепте 337 оқушы, 72 мұғалім бар. Ұстаздардың басым көпшілігі жоғарғы санатты.
Оқушының 11 жыл алған білімі таразыға салынып, ұстаздар еңбегін көрсететін бірден-бір сынақ – ҰБТ екені белгілі. Бұл тек мектеп бітіруші түлектермен соңғы оқу жылында жанталаса дайындалып, көппен бірге бақ сынау емес, ұзақ уақыт бойы жүйелі оқытудың жемісін көрсететін сынақ. Мәселен 2016-2017 оқу жылында аталған мектептен 17 оқушы сынақ тапсырып, көрсеткіш сапасы 76,5 пайызды көрсетсе, 2017-2018 жылы бұл көрсеткіш 87,4 пайызды құрап, Нұрмағанбет Дарина «Алтын белгі» иегері болды. Ал былтыр Ұлттық бырыңғай тестке қатысқан 20 оқушының барлығы жоғарғы оқу орындарына грантқа түсіп, олардың ішінде бесеуі «Алтын белгі» иегері атанса, біреуі “Үздік аттестатқа” ие болды. Міне, осылайша білімге деген дұрыс бетбұрыстың арқасында мектеп түлектері ҰБТ-да көш бастап, өткен жылғы көрсеткіш 94,7 пайызға артты.
Осы ретте бастауыш мектептен бастап оқушы біліміне қойылатын қатаң талаптың берері көп. Бастауышта қаланған білімнің іргетасы мықты болса, жоғары сыныптарда оқушылардың ғылыми негіздерін меңгеруі нәтижелі болмақ. Бұл орайда мектептің соңғы сыныбында оқитын оқушылардың білімін саралау барысында жоғары сыныптың пән мұғалімдері бастапқы ғылым негіздері – математика, қазақ тілі тағы басқа да пәндер бойынша сабақтарға қатысып, оқушылардың білім деңгейлерін, бейімділіктерін бақылап отырады. Олардың оқу, жазу сауаттылықтарына, ойлау қабілеттеріне аса мән беріледі. Сондықтан жоғары сыныпқа өткенде оқушының осы қабілеті де ескеріледі. Мектепте тоқсан сайын оқушылардың білім сапасы сараланып, өткенімен салыстырылып отырады екен. Мұның бәрі мектеп басшысының тікелей қолдауымен жүзеге асып жатқанын да айта кеткен жөн.
– Бала тәрбиесі – барлығымызға ортақ тақырып. Олардың болашағына біз жауаптымыз. Ата-аналар, ұстаздар барынша тиімді жұмыс жасап келеді. Сабақтың жоғары деңгейде өтуі мұғалімнің шеберлігіне, біліктілігіне тікелей байланысты. Егер мұғалім өз ісінің шебері болса, ол тиісті білімді оқушыға жеткілікті бере алады. Сонымен қатар, сабақ процесі өз деңгейінде өтуі үшін сауатты мұғаліммен қатар материалдық базаның жақсы болуы қажет. Жыл бойы сынып жетекшілерінің жұмысы, еңбегін, тәжирибесін оның өсу бағытын, жұмысындағы кемшілік жақтарын бағдарлау мақсатында рейтинктік жүйе жүргізіледі. Әр сынып жетекшінің жұмысы тоқсан сайын бірнеше параметрлер арқылы бағаланып отырады. Атап айтқанда тәрбие жұмысын жоспарлау, сыныптың сабаққа қатысуы, салауатты өмір салты, құқық бұзушылықтың алдын алу, сынып ұжымының тәртібі, сынып мүліктерінің сақталуы, сынып сағаттарын ұйымдастыруы, сыныптың жалпы мектепшілік, аудандық, облыстық іс-шараларға қатысуы есепке алынады. Оқушыларымыз түрлі байқаулардан жүлделі оралып, пәндік олимпиадаларда топ жарып келеді, – дейді мектеп директоры Е.Боранбаев.
Жалпы жаңашылдықты меңгеру – ұстаз шеберлігі, сол арқылы оқушы жетістікке өрлейді. Оқыту арқылы оқушыларға әр пәнді терең түсіну қабілеттерін дамып, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуге дағдыландыруға болады. Сондықтан да ұстаздарды «Өркениеттің өзегі мұғалім» деп те атайды. Себебі барлық саланың дамуына ұстаздар қауымның қосқан еңбегі зор. Бала жанының бағбаны саналатын жандар ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп келеді. Оқушылары білім бәйгелерінде топ жарған Елубай Әбдіқадіров, Сәуле Сәйділда, Сымбат Жанибай, Жұпар Сарсенбаева, Шолпан Смайлова, Назкен Сайымова, Айбибі Тасбалтаева, Света Сұлтанова, Айман Алиева, Сәулет Медеуова, Ақгүл Абдульдина, Самал Райханова, Ардак Кенбейлова, Анар Есенғали, Қарлығаш Дәуменова, Нұрлыбек Төлебаев, Асел Умирзакова, Айда Ибрагимова, Ақылбек Мейрамбекұлы, Пернегүл Жұбаназарова, Қалдықыз Стыбаева, Әбсадық Жабақиев, Гүлжанар Кеңесова, Айда Ибрагимова, Гүлнұр Нұрмағанбетова сынды мектеп ұстаздарының жетістігін ауыз толтырып, мақтанышпен айтуға болады. Олар дайындаған оқушылар республикалық, облыстық, аудандық байқаулардан жүлделі оралып, мектеп абыройын асқақтатып келеді.
Міне осындай талантты, жігерлі, өнерлі, білімді оқушылардың қатарында Ақбибі Оразова, Бақдәулет Қырғызбай, Еркеназ Үсейін, Нұртуған Жанибай, Мерей Абжалел, Әбілмансұр Ерболат, Сламхан Ақниет, Әмина Ертаева, Ермек Мырзалы, Саржан Әбдімәлік, Еңлік Үсен, Аймереке Қалдыбек, Ақтолқын Ләзи, Темірлан Есқали, Азель Төлеп, Арайлым Сапарбек, Асылжан Бақытбекқызы, Қасиет Қожабайқызы түрлі байқауларда топ жарып жүр. Сонымен бірге «Ақбота» интеклектуалдық марафонында да бірқатар оқушылар жүлделі орын алып, ұстаздарының сенімін ақтады. Мұнан бөлек, мектеп оқушыларының спорт додаларындағы көрсеткіштері де жаман емес. Футболдан бөлек мұнда баскетбол, волейбол, көркем гимнастика, үстел теннисі, тағы басқа спорт түрлерінен жаттығатын оқушыларға да спортпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Тағы бір айта кетерлігі ұстаздар қауымы оқушылардың бойындағы өзіндік қабілеттерін ашуға ерекше мән береді.Теориялық сабақтардан бөлек мектепте оқушылардың өнерін шыңдайтын, талантын ұштайтын түрлі үйірмелер ашылған. Оқу кабинеттері қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Қорыта айтқанда, тарих көшiнiң сан белесiнен абыроймен өтiп келе жатқан аудандағы іргелі білім ошағындағы оқушылардың жеткен жетістігі ұстаздардың кәсіби шеберлігінің жемісі деп білеміз. Заманға сай білім беру – болашағы жарқын ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Білім ұясы биыл да «Алтын белгі» иегерлерін көптеп шығаруға ниетті.
Нұрсұлтан Қазбеков