» » БИІКТІ БІЛІММЕН БАҒЫНДЫРҒАНДАР

БИІКТІ БІЛІММЕН БАҒЫНДЫРҒАНДАР

Бейсенбі күні аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен жоғары балл жинаған мектеп түлектерін салтанатты түрде қабылдады.
Жиынға аудан «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлері, ұстаздар және ата-аналар қатысты. Ең алдымен өңір басшысы ұстаздар үмітін ақтап, аудан мерейін асқақтатқан білім озаттарын құттықтады.
– Биылғы оқу жылында ауданның жоғарғы көр­сеткішке жетіп, білім саласының биік деңгейден көрінуіне атсалысқан барлық ұстаздар қауымын, ата-аналар мен түлектерді шын жүректен құттықтаймын.
Қуантарлығы, біздің аудан барлық аудандардың ішінде бірінші орыннан көрініп отыр. Бұл ең алдымен білікті ұстаздардың еңбегі, олардың оқушыларды осы үлкен сынаққа аса жауапкершілікпен қарап, дайындағанының нәтижесі. Ұстаз еңбегінің жанғаны деуге болады. Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеу сынағының қорытындысымен ауданның орташа көрсеткіші 87,4 балды құрап, былтырғымен салыстырғанда 5,8 балға өсіп отыр. Әрине, бұл ауданымыз үшін үлкен жетістік, – деді аудан басшысы.
Иә, биылғы жылы аудан бойынша 345 бала мектеп бітірсе, оның 244-і ҰБТ-ға қатысты. Мектептер бойынша 22 түлек «Алтын белгі», 7 бітіруші «Үздік аттестат» иегері атанды.
Сонымен қатар, өңір басшысы Қаракеткен ауылындағы №114 орта мектептің түлегі, сынамадан жоғары 134 балл жинаған Марат Ғаниұлының есімін ерекше атап өтіп, ұлттық бірыңғай тестілеуде өз білімдерін дәлелдеп, мектебінің, ата-анасының мәртебесін көтерген, білім бәйгесінде оза шауып аудан мерейін асқақтатқан түлектерге арнайы дипломдар мен қазақтың қасиетті қара домбырасын және Абай Құнанбайұлының "Қара сөздер жинағы" мен Бауыржан Момышұлының "Ұшқан ұя" кітабын табыс етті. Аудан басшысының түлектерге ұлттық рухты көтеретін, шығармашылық шабыт сыйлайтын қос ішекті ұлт аспабын, қазақтың бас ақыны Абай мен халық қаһарманы Б.Момышұлының аса құнды шығармасы, ұлт болмысын айқындайтын ерекше туындысын сыйға тартуында оларға деген ыстық ықыласы мен шексіз ризашылығы жатыр десек те болады.
Сонымен бірге, салтанатты жиында облыстық мәслихат депутаты, Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің төрайымы Райкүл Байназарова аудандар арасында көш бастаған Жалағаш ауданын жетістігімен құттықтап, облыс бойынша іргелі білім ошақтарының бірі №123 мектеп-лицейі ұжымының жұмысын атап өтті. Сондай-ақ, ол нәтижелі жұмыстың қашан да жеміс беретінін айтып, мектеп директорлары мен ұстаздарға кәсіподақ комитетінің қолдауымен Арал ауданы «Қамбаш» сауықтыру орталығына 50 адамға 3 күндік демалысқа жолдама тапсырды. Мұнан бөлек, Райкүл Мәнсүрқызы аудандық білім бөліміне Астана қаласының 20 жылдық мерейтойының куәсі болу үшін 50 оқу озатын топтастыруды ұсынды.
Салтанатты жиын соңында ата-аналар балаларына сапалы білім мен саналы тәрбие берген ұстаздарға, түлектерге ерекше ықылас білдірген аудан басшылығына алғыстарын білдірді.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ,
М.АХМЕТОВ (сурет).
02 шілде 2018 ж. 1 041 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930