» » ЕРТЕГІ ЕСТІМЕГЕН ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ...

ЕРТЕГІ ЕСТІМЕГЕН ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ...

Артына қалдырған мол мұрасы бір ғана ұлтқа емес, күллі адамзат баласына рухани азық болған данышпан Абайды хәкімдікке жеткізген Зере әжесінің ертегісі еді. Түн баласында әке-шешесінің төсегінен бөлініп, әжесінің қойнында жатып таңғажайып ертегілер әлеміне саяхаттау бала Абайдың қиялын қияндарға шарықтатты. Жеті басты жалмауыздан, алты басты айдаһардан тайсалмай, елін ажалдан құтқарған хас батырлардың рухымен жігерін жаныды, әділетсіздікке қарсы, жаратылысына жалтақтық, жағымпаздық жат жақсы жандарға ұқсағысы келді, екіжүзді, қиын-қыстау кезде жолдасын жолға қалдырып, жұртын жауға байлап беретін сатқындардан сақ жүру керектігін ұқты, мақтаншақ, даңғой адамдардан бойын аулақ салып, еңбекқор, бейнеткеш, шыншыл адамдармен жанасып жүруді бала санасына түйіп өсті. Қысқасы, ақ кимешекті бір әжеміз бір елге ұстын болар таудай тұлғаны ертегімен тәрбиеледі.
Расында, ертегі тыңдап, өскен баланың ойы өзі құралпы балалардан жүйріктеу, ақылы толымдылау болады. Оған бола психолог мамандардың кеңесіне құлақ түрудің немесе ойшылдар еңбегінің әр жерінен үзіп-жұлып дәлел келтірудің қажеті шамалы. Ұрпағының тәрбиесін назардан тыс қалдырмаған халқымыз балаға есі кіргенше ертегі айту – олардың келешегін қалыптастырудың алғашқы баспалдағы екенін білген. Иә, бесік әлдиімен анасының тілін санасына сіңіріп өскен сәбидің еңбегі қатайып, тілі шыққаннан ата-әжесінің ертегісімен есі кіріпті.
Қазақтан шыққан тұңғыш ағартушылардың бірі – Ыбырай Алтынсариннің «Мақта қыз бен мысық» деген ертегісі әлі күнге дейін мәнін жойған жоқ, айтылып келе жатыр. Біздің алдымыздағы қаншама аға буын осы ертегіні естіді, олардың балалары мен немерелері, тіпті шөберелері де осы ертегінің бір тал қылын қисайтпай айтады. Қазірде біз ара-тұра осы ертегіні балаларымызға, немерелеріміздің құлағына құямыз немесе сол балақайлардың тілін қызық көріп, өздерінің аузынан тыңдаймыз. Бір өкініштісі, оның сюжетін балаға түсіндірмейміз. Үйін сыпырып жүрген Мақта қыздың (қыздың есімінің өзі оның қалжасының мақтадай жеңіл, нәзік және соған орай мінезінің де мақтадай жұмсақ, ымырашыл, достыққа берік екенін аңғартып тұр) бір түйір дән тауып алып, оны бөлісіп жеуге далада ойнап жүрген мысығын шақыруы баланы көпшіл болуға үйретеді. Одан ары ертегі желісі былай өрбиді: мысығы келген соң мән-жайды біліп, ашуланады да Мақта қыздың шелектегі сүтін төгіп тастайды. Дос тұтып жүрген мысығының бұл қылығына ренжіген Мақта қыз оның құйрығын жұлып алады. Әрине, қыздың бұл жасағаны қаталдық емес, керісінше, тентектік жасаған баланың жазасыз қалмайтынын кішкентай тыңдармандардың есіне салып қояды. Сонымен мысық құйрығын қайтарып алуы үшін Мақта қыз досының талабы бойынша сүт іздеп кетеді. Бір шелек сүт алу үшін, яғни өзінің жасаған қателігін түзеу мақсатында сиырдан бастап қыл аяғы тышқанға дейін барады. Ертегінің шиеленіскен осы тұсы балаға: барлық нәрсенің еңбекпен келетінін, тіршіліктегі барлық жанды-жансыз дүниенің, тұрмыстағы әрбір заттың өз дәрежесінде құны, сұрауы, орны болатынын ұғындырады. Ертегінің түйіні де әдемі жасалған. Өзінің жасаған қателігін түсініп, кешірім сұраған мысығын Мақта қыз кешіріп, қайта достасуының өзі өмірде достықтың нарқы жоғары екенін және қандай жағдайда да кешірімді болуға, кек тұтпауға шақырады.
Көрдіңіз бе, Абайдың жас күнінде тыңдаған ертегілерін өз заманына сай жаңаша жазған Ыбырайдың бір ғана «Мақта қыз бен мысығының» астарында тәрбиенің тұма бастауы жылтырап жатыр. Бірақ біз соны балаға әлі күнге дейін өз мәнерімен айтып, жеткізіп, талдап, түсіндіріп бере алмай келеміз. Яғни сол тұманның көзін ашып, балаларды мөлдір бұлақпен шөлін қандырып, сусындата алмай отырмыз. Біздің буын ата-әжесінің қойнында жатпаса да, дастан, қиссаларды, одан қалса қиял-ғажайып, тұрмыс-салт ертегілерін оқып өсті. Сондағы кейіпкерлерге еліктеді, жаманынан жиренді, жақсысынан үйренді. Одан жаман болған жоқ...
Ертегіде әр халықтың сенімі, дүниетанымы, қиялы, арманы, мұраты, тағдыры бар немесе керісінше, көп жағдайда жекелеген адамдардан бастап, күллі халықтың келешегі сол өздері тудырған ертегілермен тікелей байланысты болуы әбден мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, ертегі – тәрбие құралы. Бүтін халықтың, тұтас ұлттың болмысын қалыптастыратын орасан зор идеологиялық күш. Ендеше, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөзге «Ел ертеңі – ертегі естіген бала» дегенді қосып айтсақ артық болмайды. Әрине, жай ұран сөзден ештеңе өзгермейді, бұған ата-аналар мен ұстаздар назар аударғанда ғана ұлттық мәселелердің көбесі сөгіле бастайды.

Қуат Ахетов

16 ақпан 2020 ж. 745 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930