АУДАНДА "ИРРИГАЦИЯ ЖӘНЕ ДРЕНАЖ ЖҮЙЕЛЕРІН ЖЕТІЛДІРУ" ЖОБАСЫНЫҢ 2-КЕЗЕҢІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Жалағаш ауданында «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының 2-кезеңіне (ИДЖЖЖ-2) жалпы көлемі 15 123 гектарды құрайтын инженерлік тұрғыда әзірленген суармалы жерлер енгізілді. Атап айтқанда: Аққұм ауылдық округінен 3555 га, Бұқарбай батыр ауылдық округінен 5451 га, Таң ауылдық округінен 3094 га және Мәдениет ауылдық округінен 3023 гектар суармалы жер енгізіліп отыр.
Былтыр жобаны іске асыру үшін 12,5 млрд теңге қаржыға мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, «Мелиоратор» ЖШС жеңімпаз атанған болатын. Бүгінде Бұқарбай батыр, Аққұм, Мәдениет, Таң ауылдық округтерінде жұмыстар жүргізілуде. «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының 2-кезеңінің жұмыстарына 80 ауыл шаруашылығы техникалары мен 135 адам жұмысқа тартылды.
«Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасының 3-кезеңін» жүзеге асыру барысында барлығы 14049 гектар жер қалпына келтірілетін болады. Су нысандарының жерге орналастыру жобаларын және сәйкестендіру құжаттарын әзірлеу, жерді пайдалану құқығын беретін мемлекеттік жер актілерін әзірлеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 52,6 млн теңге бөлініп, тиісті құжаттандыру жұмыстары атқарылды.