Алматы аспанынан жыр жаудырды
Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының жоғары деңгейде аталып өтуіне Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі көңіл бөліп отыр. Расында, ұлы тұлғаның артына қалдырған мол мұралары ғылыми түрде зерттелгенімен, әлі де біз бойлай алмаған қатпарлы тұстары көп. Абайды шығармалары арқылы жете тануға, оның жанына терең үңілуге биыл мол мүмкіндік туып отыр. Абайды, ақын жырларын тағы да бір жүйелі зерделеп, жас ұрпаққа жеткізу мақсатында жер-жерде түрлі шаралар басталып та кетті.
Солардың бірі жуырда Алматы қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай жаққан бір сәуле...» атты І республикалық жас ақындардың жыр мүшәйрасы. Жыр додасына республиканың әр өңірінен 131 жас талапкер ақындар қатысты. Қазылар алқасының ұйғарымымен қатысушылар жоғары және орта топқа бөлінді. Жоғары топтағы 71 баланың ішінен біздің ауданымыздан барған 3 жас ақын да жастық жалынға оралған отты өлеңдерімен тыңдарманды таңғалдырып, жүлделі оралды. Атап айтсақ, №201 мектеп-лицейдің 9 сынып оқушысы Өмірзақ Дидар (жетекшісі Балбырова Сәбира) І орын, №31 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Айтбай Дамир (жетекшісі Марина Жақсылықова) І орын, №114 мектептің 10 сынып оқушысы Қартбай Мейіржан (жетекшісі Ажар Алдоңғарова) І орын иеленді. Мүшәйраға Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, белгілі ақын Бақыт Беделхан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Саят Қамшыгер және актер Дулыға Ақмолда қазылық етті. Айта кетуіміз керек, бүгінде көптеген жыр мүшайраларда жүлде салып, аймақ абыройын асқақтатып жүрген бұл жас талаланттар аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығы жанынан ашылған «Адырна» жас ақындар үйірмесінің мүшелері. Жетекшілері айтыскер ақын Мамыр Байдәулет.
Сонымен бірге осы сапарда «Мangilik el jastary» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Хәкім Абайдың қара сөздеріндегі афоризмдерді талдау олимпиадасында №31 мектеп-лицейдің 9 сынып оқушысы Әсел Зұлқарнай (жетекшісі Маржан Қуаныш) ІІ орын иеленді.
“ЖЖ” ақпарат