СӘЛЕМ ӘДЕБІН БІЛЕМІЗ БЕ?
Сахих хадистерде қарапайым мұсылман екінші бір мұсылманмен кездескенде «Ассаламу ғалайкум уа рахматуллаһи уа баракаатуһ» деп толық сәлем берсе, ол адамға Алла Тағала отыз жақсылық жазатыны айтылады. Сондай-ақ Құранда «Егер де сендерге сәлем берілсе, одан да абзал түрде жауап қайтарыңдар» дейді. Бабаларымыз да амандыққа Алланың аманатындай адал қарапты. Жақын-жуықтарды айтпағанда, көрмегеніне көп болған көз таныстардың өзі кездесе қалса сонадайдан дауыс созып амандасып, қол алысып, бірі-біріне құшағын айқара ашып, төс қағыстырып, мал-жанның амандығын сұрап жатады.
Сәлемдесу – амандық білудегі әдеп жолы. Сәлемнің астарында екі мұсылманның бірі-біріне деген ниеті, пейілі және онымен аман-есен көрісіп тұрғанына деген сансыз шүкірлігі жатыр. Адамның мәдениеті мен ой-өресінің деңгейі де сәлемінен көрінеді. Жүрегінде иманы бар адамның сәлемі түзу болады. Өйткені сәлем Алланың атымен беріледі. Ал Алланың аты аталғанда оған ізгі ниетпен жауап қатпау – имансыздықтың белгісі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде кездескен кезде амандасу сүннет амалдарына жататыны және қол алысып амандасу кезінде екі мұсылманның да күнәсі кешірілетіні айтылады.
Біз бүгінде мұсылманға тән амандасу әдебін ұмыта бастағандаймыз. Көшеде кездесе қалғанда бірі-бірінің еріндерінен сүйіп, еміреніп жататын кейбір қыз-келіншектерді айтпағанда, амандық-саулық сұрасудың жөнін білмейтін егде жастағы адамдар да бар. Мәселен, алқалы жиындарда немесе той-томалақтарда үлкен ақсақалдар арналы әңгімелер айтып отырғанда кейбір ағаларымыз дауысын созып, сәлем бере кіреді. Мұндайда жұрттың назары әлгі кісіге ауып, әңгіме айтушы да іркіліп қалады. Қауқылдасқан көпшіліктің дабырасынан үзіліп қалған әдемі әңгіменің желісі одан ары сабақталмай қалуы да мүмкін. Сондықтан халқымызда көпшіліктің үстіне келіп қалған кісі (мейлі ол қонақ болса да) үнсіз бас изеу арқылы сәлем ишарасын жасап, есік жақтағы бос орынға жайғасқан. Сондай-ақ кейбір жастарымыз дастарқан басында отырған кісілермен жағалай қол алысып амандасып шығады. Бұл да орынсыз. Мұсылманшылық пен қазақтың салт-дәстүрін айтпағанның өзінде, қай ұлтта болмасын ас үстінде бірі-біріне қол беріп амандасу әдепсіздік болып саналады. Көбіне біз осыны ескере бермейміз.
Жұмыс бөлмемде тұрған телефонға таңнан кешке дейін бір тыным болмайды. Редакцияға хабарласатындардың көбі мекеме басшылары мен қызметкелері. Амандық-саулық сұраспай телефон тұтқасын көтерген бойда өз шаруаларын бастырмалата жөнеледі. Жеке адамдарды айтпағанда, солардың арасында сәлемдесу әдебін білмейтін мемлекеттік қызметкерлердің бар екені қынжылтады. Амандық сұрап, қол бергендерге саусағының ұшын немкетті соза салып, оған назарын да бұрмай жанындағы адаммен әңгімелесіп тұра беретін шенеуніктер де бар...
Сөзіміздің басында айтқандай, берген сәлемнің астарында адамның бірі-біріне деген көңілі, ықыласы, тілегі, құрметі жатады. Ал өзіне өзгелер тарапынан сондай ізгі ниетпен жасалып тұрған құрметті қабыл алмаған тәкаппар адам Алланың барлық нығметтерінен құр қалады. Тіпті сәлем бергеніңде қызметін малданып, созған қолыңды әзер алатындар сол мезетте кеудесін көкке көтеремін деп, беделін балағына түсіріп тұрғанын біле ме екен? Халқымызда «Ұлық болсаң, кішік бол» деген аталы сөз бар. Амандығыңды аспанға қарап тұрып әрең алатын әлгі басшылар осы сөзді қызметтік бөлмелеріне іліп қойса артық болмас еді...
Хадистерде «Көліктегі адам жаяу адамға, жүріп келе жатқан адам отырғанға, аз адам көп адамға, жасы кіші жасы үлкенге сәлем береді» деген риуаяттар бар. Бірақ бұл жасы үлкен адам жасы кіші адамның немесе көпшілік аз адамның сәлемін күтіп отыру керек деген сөз емес. Қай тараптың да бірінші болып сәлем беруге тырысқаны ләзім. Себебі Алла елшісі (с.ғ.с) бір хадисінде: «Бірінші болып сәлем берген адам адамдардың арасындағы Аллаға ең жақыны» деген. Ендеше, Жаратқанға жақындап, өзіміздің құрметімізді Алланың да, адамның да алдында арттыруымыз үшін сәлемдесу әдебін білгеніміз жөн.
Қуат Ахетов