Ең құрметті жан
Әр халықтың жүріп өткен жолы мен ұзын-сонар тарихы болады. Содан әр ел өмірлік сабақ алып, келешегін жоспарлайды. Тарихта дінді ұстанбайтын адам болғанымен, діннен тыс қалған қоғамның болмағандығы шындық. Біз дін мен дәстүрді даналықпен үйлестіріп, өнегелі өмір сүрген халықпыз. Бұл – бабаларымыздан келе жатқан сара жол. Қазақтың салт-дәстүрлері исламның асыл құндылықтарымен бірге біте қайнасып кеткен. Пайғамбар айтқан хадистер қазақтың нақылына айналып, халқымыздың ежелден қалыптасқан дүниетанымдық түсінігімен қабысып, тұрмыс-тіршілігімен ұштасып кеткені ешкімге таңсық емес.
Ислам Жарылқаушы Тәңірдің еркек пен әйелдің арасына ешқандай айырма қоймайтынын айтады. Ислам діні келгенге дейін, әлемде әйел затының көп қорлық көріп келгендігі тарихи шындық. Көне Грек және Рим мәдениеттерінде әйелді адам қатарына жатқызбаған. Платонның пікірінше, әйел қолдан-қолға өтіп жүре беретін ортақ тауар деп саналған. Ескі Қытай мәдениетінде әйелді адамға жатқызбағандықтан оған ат қоюды да артық көрген. Тіпті батыс философтары «Әйел адамға жата ма, жатпай ма? Адам болса оның жаны бар ма, жоқ па? Бар болса, олардың жаны адамдыкіне ұқсай ма, ұқсамай ма?» деген секілді қызу пікірталастарға барған. Ал қыз балалардың дүниеге келуі кезінде арабтар арасында да сүйекке басылған таңба боп саналған. Қанша әйел алуға да шек қойылмайтын. Өмірге қыз келсе әкесі ызаға булығып, намыстан жарылып өлердей шырылдаған бейкүнә періште сәбиді айдаладағы ыстық құмға апарып, шұңқыр қазып көміп тастағаны туралы деректер де бар.
Исламға дейін Арабияда әйелдердің жағдайы өте төмен азапты және ауыр езгіде еді. Тек ислам ғана ердің әйелді өзінің не істегісі келсе соны істейтін, қаламаса базарға апарып зат секілді сатып жіберетін немесе малға басқа да тауарға айырбастап жібере салатын меншігі етіп алуын жойды және екеуіне бірдей тең құқық берді. Күні кешеге дейін Еуропада әйелдердің өз меншігі болуға құқығы жоқ еді. Англияда 1850 жылға дейін халық санағы кезінде әйелдерді есепке алмай келген. 1882 жылы ғана Британ заңы ең алғаш рет әйелге өзі тапқан ақшасын өзі жұмсауға рұқсат берді. Еуропа әйелдерінің қоғамға өтініш айтып, көшеге шығып шеру өткізіп, сұрап алған құқықтары мен еркіндіктерін ислам өз еркімен ешқандай көтеріліс, наразылықсыз бұдан бірнеше ғасыр бұрын беріп қойған болатын. Оған дәлел ретінде Құран Кәрімдегі: «Алла бір-біріңнен артық еткен нәрселерді қаламаңдар. Ерлерге өз тапқандарынан үлес бар, сондай-ақ әйелдерге де өз тапқандарынан үлес бар. Алладан, оның кеңшілігінен сұраңдар. Ақиқатында Алла барлық нәрсені білуші». (Ниса сүресі 32 аят).
Бүгінгі таңда Шығыс әйелдерінің де көпшілігі қиын тұрмыстық жағдайда өмір сүріп отырғандығы рас. Бірақ бұған ислам қағидаларының еш қатысы жоқ. Бұл сол елдердегі саяси, әлеуметтік, экономикалық жағдайларына байланысты болып отыр. Ал ислам кедейлік пен әділетсіздікке қарсы. Бүгінгі жаһандану дәуіріндегі батыстағы әйелдің жағдайы қандай? Әйелдер құмарлықтың құрбанына айналды, жарнама, үгіт-насихаттың барлық түрі, кино, түрлі шоулар, әйелдерді түрлі жағымсыз сайыстарға түсіретін байқаулар т.б. оларды трагедиялық жағдайға душар етуге бар күштерін салып отыр. Қазіргі күні әйелдің ең жақсы қасиеті боп саналатын оның ұяңдығы, ибалылығы, ар-намысы, имандылығы ескерусіз қалды. Ондай әйелдерді ешкім қадір тұтпайды.
Ұлт өз құндылығымен ғана ұлт. Біздің ұлттық ғұрпымызда әйелдің салиқалылығы оның күйеуіне деген қарым-қатынасымен, ата-енеге, үлкенге көрсететін құрметімен өлшенеді. Қазақ қызы, қазақтың өнегелі анасы, ақсақалы, бозбала, бойжеткен, аға мен жеңге, абысын, ене, ата деген ұғымдары ұяңдық пен кішіпейілділік, татулық пен дархан көңілге ұялаған егіз ұғым іспетті. Алайда кешегі кеңестік жүйедегі сананы тұмшалау саясаты мен бүгінгі жаппай жаһандану үдерісіндегі жалт-жұлт еткен әсіреқызыл жалаң идеология қазақта киелі саналатын – адамгершілік пен имандылық, ар-ұят, кісілік секілді ұғымдарға сызат түсірді. Исламдағы әйел баласына тән ұятты жерін жабық кию үлгісі кемсітуден емес, қайта оны өте бағалы санап, көздің қарашығындай көруден, сыртқы сұқ көзден, сондай-ақ түрлі арсыздықтар мен кесірі қоғамға тиетін зинақорлық, жұқпалы жаман ауру, тастанды бала, түсік жасату секілді жамандықтардан сақтау үшін бекітілгенін ескерген жөн. Алайда кейбір әсіредіншіл немесе теріс пиғылды жат ағымның жетегіне еріп кеткен қаракөз қарындастарымыз бен әпкелеріміз дін ұстанғанның жолы осы екен деп, дәстүрімізге жат әрекеттерге барып, қара жамылып, бетін тұмшалап, аяқжолын да әрең көретіндей көздерін сығырайтып алып, асыл дініміздің қадірін қашыруда.
Исламда әйелге өмірлік серігі болған күйеуінің ризашылығын алу, үйіне, дүние-мүлкіне ұқыппен қарау, сырт көзге қарапайым көрініп тек өз күйеуі үшін сәндену, неке қидырып, ақ босағаны аттағанша арын сақтау, алыс сапарға жалғыз жолға шықпау міндеттеледі. Бұған қоса, қалыңдық сиын иемдену, мұрагерліктен өз үлесін алу, сауда-саттықпен, адал жұмыс жасаумен, табыс табумен, ғылым-біліммен айналысу, келісім-шарттарға отыру, меншік иесі болу құқығы да әйелге ортақ. Ал отбасыны асырау ісі күйеудің мойнына жүктеледі. Әйелдің материалдық және рухани қажеттіліктеріне күйеуі көңіл бөлуі шарт.
Қорыта келгенде, ислам дінінде әйелдің орны ерекше бағаланады. Сондықтан әрбір азаматтың әйелге деген құрметі зор болуы тиіс. Ислам діні әйелге Алланың аманаты деп қарауға шақырған. Ешбір құқығын аяқасты етпеген. Қайта өз жаратылысына сай сүйікті жар, ұрпақ жалғастырушы аяулы ана ретінде жоғары бағалаған. Әйел затын арампиғылдылардың бұзық әрекеттерінен қорғауға тырысқан. Сонымен қатар осындай зор құрметке лайық болу үшін әйелден де белгілі бір міндеттерді талап еткен. Әйелдер қауымының дәрежесін ешбір дін дәл исламдағыдай, халықтардың ішінде ешбір жұрт қазақтай биіктете алмаған.
Себебі ата-бабаларымыз ананың ең құрметті жан екенін жақсы түсінген. Бұл үрдіс бүгінге дейін жалғасып келеді. Қазақ қоғамындағы ананың орны қашан да төр болып қала бермек.
Арыстанбек БАЙҚАБЫЛОВ,
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ аудандық бөлімінің меңгерушісі