» » ЖАЛҒАН «ҚАРА ҚАҒАЗ»

ЖАЛҒАН «ҚАРА ҚАҒАЗ»

1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысында қазақстандық жауынгерлер де теңдесі жоқ ерлік танытты. Сол сұрапыл соғыста елді жаудан азат ету жолында шайқасқан жауынгерлердің бірі – Асан Қоразбаев.

Тағдыры сан қилы оқиғаларға толы Асан Қоразбаев 1922 жылы Жалағаш ауданы Ақсу ауылында Құлмағанбет молданың отбасында дүниеге келген. Үлкен атасы Қоразбай да өз заманының мешіт-мектеп ұстаған сауатты молдасы болған. Әкесі баласына заман талабына сай білім беру мақсатында сол кездегі іргелі оқу орны қаладағы «1 Май» мектебіне оқуға береді. Алайда оның бұл оқу орнын бітіру күні екінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен тура келеді.

Әскер жасына толмаған Асан қаладағы мұғалімдер даярлайтын курсқа оқуға түседі. Оқуын аяқтамай 20 жасында 1942 жылы майданға аттанады. «152 атқыштар бригадасының қатарында соғыс жағдайында әскери дайындықтан өтіп, Сталинградты жаудан азат етудегі қанды шайқастарға қатысады. Бұл кездері қала түгел қираған, әр көше, әр үй үшін жан беріп, жан алысқан шайқастар жүріп жатқан кез болатын. Орыс тілін жетік білетін, арнаулы орта білімі бар, жүрегі патриотизмнен Отанына деген сүйіспеншілікке толы жас жауынгер Асан ерлік пен бостандықтың үлгісін көрсетіп, ортасында үлкен беделмен абыройға ие болады. Осындай қадір-қасиетінің арқасында ол командирлерінің құрметіне бөленіп, тілмаштық қызметті де атқарып, іс қағаздарын соған жаздыратын болған. Сталинград үшін болған шайқас Ұлы Отан соғысының тарихында Ұлы Жеңіске бетбұрыс жасаған шайқас болды. Осынысымен тарихта қалды. Сталинградты жаудан азат етуде Қызыл Армия жауынгерлерінің 30 пайызы қазақстандықтар болды. Сол кездегі майдан газеттері «Еділ бойындағы қаланы азат етудегі қала көшелеріндегі шайқастарда қазақтары көп бөлімдер ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсетті. Сталинградтың бір көшесі «Қазақ көшесі» аталды деп жазған еді. Осындай қиян-кескі, жан беріп, жан алысып жүрген шайқастардың бел ортасында гвардия аға сержанты минометшілер бөлімшесінің командирі Асан Коразбаев та жүрген болатын.

Шайқастарда көрсеткен ерлігі үшін ол «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. «Калькута елді мекені жанындағы ауыр шайқаста Асан аға қатты жараланып, госпитальге түседі. Жарақатының ауырлығы сондай бірнеше күн ессіз жатады. Кейін Асан ағамыздың отбасына «Құрметті Қоразбаевтың отбасы! Сіздерге №152 атқыштар бригадасының атқыштар взвод командирінің орынбасары, гвардия аға сержанты жауынгер «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Асан Қоразбаевтың Калькутта түбінде қаза тапқандығын қатты қайғырып хабарлаймыз. Денесі бауырластар зиратына жерленді. Болған іске берік болыңыздар...» деген хабар келді. Сол кездегі миллиондаған отбасына қайғы-қасірет әкелген “қара қағаздың” хабарынан Асан ағаның анасы Рабиға жалғыз баланың қайғысын көтере алмай өмірден өтеді. Имандылық пен Алланы аузынан тастамайтын, бар өмірін соның жолына арнаған әкесі баласын күтумен болады. Арада біраз уақыт өткенде баласы Асаннан тірі екендігі жайлы хат алады. Қарт әкесінің жүрегі жадырап, келешекке деген үміт отын тұтатқандай болады.

Қайта тірілген жас жауынгер №89 гвардиялық атқыштар полкінің құрамында жорық жолын жалғастыра береді. 3-ші Украина майданының құрамында Днепр, Никопольск, Криворот операцияларында минометшілер бөлімшесінің командирі ретінде жаудың бекінісін көздеп жоюда батырлықтың үлгісін көрсетті. Осындай ерліктері үшін Ұлы Отан соғысының III дәрежелі орденімен, бес жауынгерлік медальмен марапатталған. Бірнеше рет жараланып контузия алса да, жауынгерлік саптан шықпай жеңісті майдан даласында қарсы алып, 1946 жылдың аяғында елге оралады. Асекеңнің туған жиені, кезінде 19 жыл Қазақ ССР Ішкі істер министрінің орынбасары болған милиция генерал-майоры Алмағанбетов Нұрылла еді, екеуі тай-құлындай бірге өсіп, бірге соғысқа аттанып, тағдырдың жазуымен аман қауышты.

Кейіпкеріміз 1951 жылы Қазақ ССР-ның Әділет Ми­нис­трінің Заң мектебіне оқуға түседі. Оны бітіргеннен кейін 1953 жылы Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің Заң факультетіне түсіп, оны 1957 жылы бітіріп шығады. Алғашқыда Қармақшы аудандық сотының судьясы, одан кейін төрағасы, облыстық адвокаттар алқасында қызметтер атқарады.
1988 жылға дейін Қызылорда облыстық кәсіподақтар одағында 30 жылдан астам Заң консультациясының меңгерушісі қызметін атқарған ол осы қызметте әділ, сауатты заңгер екенін көрсете білді. Асан тікелей қызмет бабына байланысты облыстың бұрынғы «Ленин жолы», қазіргі «Сыр бойы», бұрынғы «Путь Ленина» қазіргі «Кызылординские вести» газеттерінде 30 жыл бойы «Заң консултациясы», «Сұраққа жауап та береміз», «Вы спрашивали мы отвечаем», «Юридические консултации» айдарымен шығатын газет беттерінде оқырман сұрақтарына жауап беріп, ұзақ жылдар осы газеттердің штаттан тыс тілшісі болған.

Екі тілді еркін меңгерген сауатты заңгер ағаны әріптестері “Ходящая энциклопедия» деп атап кеткен. Еңбек заңдылықтары, даулар жөніндегі мақалалары бүкілодақтың «Человек и Закон» журналдары мен «Труд» газеттерінде жарияланып тұрған. 18 жыл қатарынан Қызылорда облыстық халық сотының қылмыстық істері алқасының «Халық заседателі» болып ауыр қылмыстық істерді қарауға қатысты. Судяларға өз кеңестерін беруге көмектескен. Бейбіт күндері Асан ағаның еңбегі бағаланып, Қазақ ССР-ның Кәсіподақтары одағы төрағасының, бүкілодақтық «Правда» газетінің бас редакторының, Қызылорда облыстық партия комитетінің, облыстық атқару комитетінің “Құрмет” грамоталарымен марапатталған. Майдангер әкеміз 1988 жылы дүниеден өтті.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ


05 мамыр 2020 ж. 543 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930