» » ЖАСТЫҚ ШАҒЫН ОТТЫ ЖЫЛДАР ШАРПЫҒАН

ЖАСТЫҚ ШАҒЫН ОТТЫ ЖЫЛДАР ШАРПЫҒАН

Адамзат баласына орасан зор қайғы-қасірет әкелген екінші дүниежүзілік соғыс аяқталса да оның зардабы, сұрапыл қан майданда, оқ пен оттың ортасында ажалмен бетпе-бет келген жауынгерлердің ерліктері де ұрпақ жадынан өшкен жоқ.

Майдангерлердің бірінің тағдыры екіншілеріне ұқсамайтын қилы оқиғаларға толы, бірақ бәрінің де Отан қорғауға қосқан үлесі өлшеусіз. Олар ештеңеден аянбады, елін, жерін қорғады. Соның бірі – минометші Ислам Кенжебаев.
Ұлы Отан соғысының ардагері Ислам Жоламанұлы 1920 жылы қазіргі Жалағаш ауданы, бұрынғы Перовск уезінің, №24 ауылында дүниеге келген. Шаруа отбасында тәрбиеленген ол 7 сыныптық білім алып, әрі қарай үлкендерше еңбекке араласады. Елдің берекесін қашырған соғысқа өз еркімен сұранып, майдан даласына аттанды. 1942-1946 жылдар аралығында Ұлы Отан соғысына №152 дербес атқыштар бригадасында минометші болып қатысты. Оқ пен оттың ортасында жүріп, 1944 жылы оң қолы мен сол аяғынан жарақат алған.
– “Бізді осы қиындықтан, сол бір қатерлі жылдардан аман алып шыққан бір ғаламат сезім бар. Оның аты ерлік, батырлық, батылдық және Отанға, туған елге деген сүйіспеншілік еді. Сол уақытта қазақтың қара домалақ балалары мен қаракөз қыздары қолдарына қару алып, Отанды қорғау үшін майдан даласына аттанды. Ел басына күн туып, ер азаматтар етігімен су кешкен сұрапыл соғыс жылдарында талай боздақ жандарын шүберекке түйіп, кеудесін оққа тосты. От-жалынға оранған майдан даласында олар қас дұшпанмен шайқасты. Жауынгерлер бірі қолынан, бірі аяғынан айырылды, енді біреулері жау қолынан опат болып жатты. Таңғы асты бірге ішкен майдандастар түскі аста бірін-бірі таппай қалатын. Әйтсе де, бойларын рух пен намыс кернеген патриоттарымыз оқтың ортасында жүріп, Отан үшін, ұлан-байтақ жер үшін, артында қалған ұрпақ үшін отқа түсіп, ары үшін арпалысты. Қанша азап, бейнет тартса да бейбіт күннен, жеңістен үміттерін үзбеді” деп атамыз сол жылдарды айтып отыратын, – дейді майдангердің немересі Ахан Кенжебаев.
Иә, кейінгі буын – біз әлі күнге дейін соғыс жайындағы әңгі­мелерді, бірін-бірі қайталамайтын ерліктерді кітап, басы­лымдардан, бұл күнге жете алмаған жауынгерлердің ұрпақтарынан, құжаттардан естіп, біліп келеміз. Жерді жаудан қорғап, Отан үшін кеудесін оққа тосқан бұл батырлар ел жадында мәңгі сақталары анық.
Жеңісті жақындатқан жауынгер И.Кенжебаев – ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденінің, сондай-ақ «Ерлігі үшін», «КСРО Қарулы Күштеріне – 60 жыл» және басқа да көптеген мерекелік медальдардың иегері.
– Әр жылдың 9 мамырында, яғни Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында мал шалынып, қазан асылатын. Атаммен бірге соғыста болған ардагерлер бір-бірлерін құттықтап келетін. Ол кезде біз ойын баласы болғандықтан бұл күннің маңыздылығын түсінбедік. Десе де, Ұлы Жеңіс күні алыс-жақыннан ағайын-туыстар келіп, бір дастарқаннан дәм тататынбыз. Сол күні ел ағалары атамды құттықтап келіп, сый-сияпат көрсететін. Ислам ата: «Маған ешқандай мақтау-мадақтың, мерекелік сыйлықтың керегі жоқ. Біз жеке мүддеміз үшін емес, Отан үшін, кейінгі ұрпақ үшін жаумен шайқастық. Біз үшін үлкен сыйлық осы – Ұлы Жеңіс күні» деп, сыйлықтардан алшақтау жүретін, – дейді жауынгердің ұрпақтары.
Ислам Жоламанұлы соғыстан кейін де ауыр жарақатына қарамастан еңбекке араласады. Елдің еңсесін тіктеу жолында қажырлы еңбек етіп, құлдыраған экономиканы қалпына келтіруге күш жұмсады. 1946-1959 жылдар аралығында Жалағаш аудандық учаскесіне салық инспекторы, 1959-1963 жылдары аудандық қаржы бөлімінің инспекторы, 1963-1980 жылдары Жалағаш аудандық қаржы бөлімінде экономист, аға экономист қызметтерін абыроймен атқарып, зейнеткерлікке шықты.
1948 жылдан бастап (СОКП) Кеңестер Одағы Коммунисттік партиясының мүшелігіне қабылданып, қоғамдағы көптеген мәселені шешуге мұрындық болды. Елге елеулі, халыққа қалаулы ардагер 1986 жылдың 20 мамыры күні дүниеден өтті.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ


18 сәуір 2020 ж. 498 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 680

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031