ҚИМЫЛЫ ШАЛТ ШАЯХМЕТ

Кеше ауылдан аудан орталығына жұмысқа келе жатып, алдымызда 150-200 метрдей қашықтықта аңырап бара жатқан тракторға көзім түсті. Ішімнен «Әкемнің баяғы Шаяхмет құрдасы емес пе екен» деп қоямын. Кім де болса кезекті нөмірге еңбек адамының бүгінгі жұмысын ақпараттандырайын деген оймен жүргізуші ағама әлгі техниканы басып озып тоқтатуын өтіндім. Бұл жолы баққаным бақа болмады. Расында әлгі тракторшы адамым сол Шаяхмет болып шықты. Құдай-ау, қазір әкем 68 жаста, бұл кісі – оның құрдасы. Сонда жетпіске таяп қалса да әлі қолынан рөл түспеген бе? Жаңа біздің өзіміз нивамен басып озамыз деп әрең жеттік... Ішімнен кейіпкеріме таң қалумен келемін. Әлі де техникасының жүрісі шалт. Ақсақалға тән ақылы бар демесең, кәрілік бұл кісіні бүгінге дейін мойындата алмапты. Трактордан секіріп түсіп, «Әкең қалай бала» дейді. Үй-ішімнің амандығын айытысып болғасын әкеміздің өзін әңгімеге тарттым. (Негізі бұл кісі – менің әкемнің құрдасы. Ал Аламесекте өзінің әкесімен қатар не үлкен адамды жастардың барлығы әке деп атайды. Сондықтан қайта-қайта неге әкелеп кетті деп сөге көрмессіздер)
Шаяхмет Оспанов – 1968 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан кәнігі маман. Оны Есетбатырлықтардың ешқайссы да жоққа шығара алмайды. Осыған дейін бірнеше шаруашылықта табанды жұмыс жасаған майталман механизатордың жиған тәжірибесі де мол. Қазір соны жастармен бөлісіп жүр. Зейнет жасынан асса да, ауыл шаруашылығы саласының серпін алуына үлес қосуының мақсаты бүгінгі буыннан дәл өзіндей тәжірибелі тракторшы қалыптастыру екен. Сыртынан қараған жанға рөлге еге болып, қозғалтқышты ауыстыра білгеннің бәрі механизатор ғой. Бірақ бұл істің де өзіне тән меңгеретін шеберліктері болады екен. Оған кейіпкеріммен екеуара 10-15 минуттық диалог барысында көз жеткіздім.
Тұқым себуде, жерді сүдігерлеп оны тегістеудің де өзіндік әдісі бар. Ал 50 жылдан астам саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған Шаяхмет Оспанов үшін мұндай тәсілдер таңсық емес. Бүгінде «Жаңа арық» шаруа қожалығының майталман механизаторы салада айтарлықтай қиындық жоқ екенін айтады. Себебі шаруашылық төрағасы Ғалымжан Қайырманов базадағы техникаларды жаңартуға басымдық беріп, еңбеккерлерінің жұмысын жеңілдетуге күш салған. Жыл сайын көктем ортасынан ауа бере 250 гектардай Сыр салысын себетін шаруашылық биыл да осы межені орындауға бел буып отыр. Қазір күріш егу жұмыстары аяқталып, алды суға бастырылды. Кейіпкеріміз астындағы трактормен күніне 50 гектар алқапқа дән себеді.
Білікті маман алдағы жылдары да Алла қуат берсе аталған саланың серпін алуы жолында қолынан келгенін аяғысы жоқ. Осыған дейінгі атқарған еңбегі еленіп, бірнеше рет марапат төрінен көрінген. Қазір оның бәрін жаза берсек, 1968 жылдан бергі кейіпкеріміздің биографиясын ақтаруға тура келеді. Өзі де ондай мақтансүйгіш адам емес. Бастысы алажаздай атқарған жұмысы күзде оң нәтиже беріп жатыр. Шаяхмет Оспанов үшін осының өзі олжа.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ