БІЛІКТІ МАМАННЫҢ БІЛЕТІНІ АЗ ЕМЕС
Күздегі науқан орта тұсына жеткен шақта алқаптағы жұмыс қыза түседі. Қайнаған тіршілікке қарап тұрып, осынша ырзық-несібесін адалынан берген қара жерге «Жер-Ана» деп айдар таққан адамнан айналасың. Рас қой, тастаған дәнің мыңдаса, ала жаздай атыз жағалағандағы бейнетіңнің зейнеті қайтса «Жер- Ана» демей не дейсің! Өткенде аудан іргесіндегі «Сәрке батыр» шаруа қожалығына бардық. Көшені бойлай келе алқапқа енгеніміз сол еді, атыз басындағы керемет көрініс маған қара жердің қадірін ұқтырды. Ауыл шаруашылығы саласындағы қажырлы мамандардың қолтаңбасы қалған бұл дала төсі кейінгі буынға аманат екен ғой. Ал соны жете түсініп, өткеннен өнеге алған бүгінгі буыннан айналасың.
Шаруашылықтың шираған жұмысына қарап саладағы кадр жастармен толығып жатқанына көз жеткіздік. Күрішке түскен комбайн үстінде де жас маман, күзгі науқан барысында босаған жерді көктемгі егіске дайындап жатқан трактор тізгіндеген еңбек адамдарының басым бөлігі жастар. Буын алмасудың бүгінгі шаруашылықтарда жүріп жатқаны қуантады. Оның үстіне қазір заманауи техникалармен жарақтанып жатқан ауыл шаруашылығының жұмысы айтарлықтай жеңілдеді. Ал «Сәрке батыр» ЖШС-дағы Наурыз Демесінов сала серпін алмай тұрып та өзінің білікті маман екенін ісімен дәлелдеген майталман механизатор.
2007 жылдан бері аталған шаруашылыққа жұмыс істейтінін Наурыздың уақыт өте түрлі техника тізгіндеймін деп өзі де ойламаған. Бұл салада он жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман көктем басталса ХТЗ тракторымен сүдігер жұмыстарына кіріседі. Ал күз болса комбайнға отырып, күріш жинайды. Бұл маусымда комбайншылар жетерлік. Десе де өнімнің мол болуына байланысты күріш тасымалдайтын көлік тапшылығы байқалады. ХТЗ тракторына тіркеме жегіп алып, Сыр салысын тасымалдауға жәрдемдесіп жүргені де сондықтан.
– Шаруашылық жұмысы тек қыс мезгілінде тоқтайды. Қалған уақытта өздеріңіз көріп тұрғандай, бізге дамыл жоқ. Кеше ашылған 100 гектар жерді көктемгі науқанға дайындап қойдық. Енді қалған жерлер босағанға дейін осылай күріш тасымалдауға жәрдемдесемін. Жерді сүдігерлеуге келсек, егістікті күзде бір, көктемде бір жыртқан абзал. Себебі күзде айдалған жердің бетіне шыққан арам шөптер қыстағы аязбен үсіп кетеді. Есесіне келер жылы өнім отақтың ешқандай кедергісінсіз тегіс бас алатын болады. Алдын ала тағы бір айдап алып жатқан себебіміз сондықтан. Өзімнің әкем де ауыл шаруашылығының тәжірибелі маманы. Менің бүгінгі жетістіктерімнің бәрі – сол кісіден үйренгендерімнің жемісі, – дейді механизатор.
Байқасақ айтқан сөзінің жаны бар. Осының алдында ғана шаруашылық төрағасымен сөйлескенімізде бұрын өнімді аз беретін отақ басқан алқап мәселесінен осындай әдіспен арылғанын айтқан еді. Есесіне былтыр гектарынан 30-35 центнерден өнім берген сол атыздардан қазір 69-70 центерден өнім алынуда. Төраға бір сөзінде тәжірибеде бар тәсілді меңгеріп алған осындай жас мамандарымен мақтанатынын да жасырмады. Біз Наурыздың ауыл шаруашылығы саласы бойынша айтқан бір ғана тәжірибесімен бөлісіп отырмыз. Болмаса жерді сүдігерлеу кезінде нендей жұмыстарға мән беру қажет, дәннің толық бас алуы үшін қандай жағдай жасалу керектігі жөнінде біраз кеңес алдық. Майталман механизатор агрономия саласынан да бейхабар емес. Талай техниканың тізгіндей жүріп, саланың жұмысын меңгеріп алған механизатордың біліктілігіне тәнті болдық.