ШАЙЗАТТЫҢ ШАРУАСЫ ШИРАҚ
Күріштің күтіміне аса мән беріп, бітік өніммен шаруашылықтың шаруасын ширату – кез келген күрішшінің басты мақсаты. Олардың ала жаздай атыз жағалап өнімнің кедергісіз бас алуы жолында аянбай тер төгуінің де басты себебі осы. Қазір күрішшілерге артылған негізгі міндет мәресіне жетті. Енді орақ науқанында оны жауын-шашынға қалдырмай жинап алу жауапкершілігі комбайнерлерге артылып отыр. Бұл міндетті мүлтіксіз атқару қажеттігін «МегаАгро» шаруа қожалығының майталман маманы Шайзат Әбілдаев жақсы біледі. Таң атқаннан кеш батқанға дейінгі өмірін атыз басында өткізуінің себебі де осы.
Осыған дейін Сыр салысын күтіп-баптап, одан мол өнім алуда аталған шаруашылықтың қолтаңбасы барын жалағаштықтар жақсы біледі. Соңғы үлгідегі технологиялар мен тың жаңалықтарды енгізу арқылы шаруашылық төрағасы Манарбек Еспанов шама-шарқынша жұмыс жасауда. Мұндағы жұмысты ширату мақсатында еңбеккерлеріне де бар жағдайды жасап қойған. Бұған біз егін басына барғанда жаңа технологиялардың шаруашылық жұмысын ширатып жатқанынан көз жеткіздік.
Орылған Сыр салысын жеп жатқан үш комбайнның бірін тоқтатып, тізгіндеген жүргізушінің 30 минут уақытын алдық. Кейіпкеріміз бас-аяғы 6-7 жылдың ішінде мұнда түрлі техника тізгіндепті. Сөзінше, қазіргі астындағы «Клаас» комбайны бұған дейінгі «Енисейіне» қарағанда әлдеқайда ширақ көрінеді. Осыған дейін Шайзат Әбілдаевтың әкесі Шәмшат ағамыз да «МегаАгрода» ұзақ жыл жұмыс жасап, зейнетке шығыпты. Баласын да аграрлық салада жұмыс жасауға тәрбиелеген майталман маман бүгінде ұлағатын ұлының бойынан көргеніне бақытты. Шайзат та қазіргі таңда тәжірибелі мамандардың қатарына қосылғанын әкесінің тәлімімен байланыстырады.
– Өзім бұрыннан осында жұмыс жасаймын. Басында көне технологиялар біздің жұмысымызға кедергісін тигізбей қоймайтын. Қазір басшымыз бұл мәселені түбегейлі шешті десек те болады. Өздеріңіз көріп отырғандай алқаптағы барлық техника соңғы үлгідегі заманауи технологиялар. Осыған дейін орақ науқанында мен тек «Енисеймен» жұмыс жасайтынмын. Ол кезде өнім жинауда күріш ылғал болса, шығын да аз болмайды. Ал бұл таңғы шықтың уақытында да жерде түйір дән қалдырмайды. Қазір аграрлық салаға қолдау көрсетуде мемлекет тарапынан игі шаралар қаралып жатыр ғой. Біздің де жүйелі іс қылып жатқанымыз соның жемісі деп ойлаймын. Былтыр ала жаздай тер төккен күрішшілеріміздің нәтижесі жаман болған жоқ. Биыл да жақсы өнімнен үміттіміз. Алдағы уақытта әкем сияқты үлкен маман иесі болуға тырысамын, – дейді Шайзат Шәмшатұлы.
Бұрын әкеміз бен ағаларымыз ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасағандықтан бұл саланың тіршілігі бізге таңсық емес. Бірақ сол жылдары шөп ору кезінде қасыңдағы еңбек адамдарының қолдары май болып, көліктің үстінде емес, астында жататын. Қанша дегенмен көне технологиялар бұзылмай қоя ма? Ал кешегі дала дүбіріндегі еңбеккерлердің қолынан май түгілі үстінен шаң шықпайды. Бұл біздегі шаруашылықтар шаруасының ширағанын аңғартады.
Биыл «МегаАгро» тек «Лидер» тұқымын егіпті. Мұнда егін жинау науқаны қазір бел ортасынан ауып үлгерген. Еңбеккерлердің шаруасы да ширақ. Себебі Манарбек Ұзақұлы мол өнім алған күрішшілеріне де, комбайнерлеріне де жыл сайын қосымша сыйақы тағайындайды. Қатарынан 4-5 жыл қомақты қаржылай және заттай сыйақы алып келе жатқан кейіпкеріміз биыл да үлкен жүлдеден үмітті.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ