“МИРАЖДЫҚТАР” МОЛ ӨНІМНЕН ҮМІТТІ
Төңірек түгел алтын түске боялып, күз түсті. Бұл – берекелі, мерекелі мезгіл. Бірақ, осы мезгіл жаз бойы егіс даласында жүрген диқандардың көңілдерін күпті етеді. Көк жүзіне қою бұлт айналса да, дала қосындағы шаруалардың көңіл-күйі күрт төмендеп, мазасыз хал кешеді. Барлығының да тілеуі бір – егістіктегі түйір дәнін де жауын-шашынға қалдырмай, ысырапсыз жинап алу. Жалағашта да жиым-терім науқаны басталып кетті. Егінге орақ түскелі дала дүбірге толып, қарбалас жұмыс қыза түсті.
Биылғы мол өнімнен үміттілердің бірі – "Мираж" шаруашылығы.Аталған шаруашылық төрағасы Мейрамбек Бақтыбаев 1997 жылы кәсіпкерлік мақсатта мемлекет резервінен 50 гектар жер алады. Алайда ол кезде әбден тозған топырақ қайтадан өңдеуді қажет ететін жағдайда тұрады. Ал, оны қайта өңдеу үшін қомақты қаржы керек екені белгілі. Соның салдарынан 1997 жылы құрылған "Мираж" шаруа қожалығы 1999 жылы ғана жұмысын бастап, өз меншігіне тиесілі жердің 20 гектарына алғашқы тұқымын себеді. Міне, осыдан бастап кәсіпкердің іскерлігі мен тынымсыз еңбекқорлығының арқасында шаруасы дөңгеленіп жүре береді.
"Мираж" бүгінде аудандағы іргелі шаруашылықтардың біріне айналды. Жанында "Ай-Тоғжан", "Жаңару" секілді қосалқы шаруашылықтары және бар. Қазірде шаруашылық 680 гектар жерге күріш және 50 гектар жерге жоңышқа егіп, одан нәтижелі өнім алып отыр.
– Қай жұмыстың да өзіне тән қиындығы, талабы, жауапкершілігі болады. Соның ішінде мен диқандар қауымының еңбегін жоғары бағалаймын. Өйткені, олар ерте көктемнен қара күзге дейін егіс басында жүреді. Жаз бойы уақытын аптап ыстықтың астында, аңызақ желдің өтінде атыз басында өткізу оңай емес. Бірақ, оны осы жұмыстың бейнетін көріп жүрген адам болмаса, былайғы жұрт түсініп, сезіне бермейді. Диқан жердің тынысын сезіп, барлық жағдайын жасау керек. Сонда ғана жер жомарттық танытып, мол өнімге қол жеткізеді, еңбегінің жемісін жейді. Ол үшін жұмысты тиянақты үйлестіріп, оңтайлы ұйымдастыра білу керек, – дейді М.Бақтыбаев.
Иә, осы сөзінен-ақ Мейрамбек ағамыздың "Еңбек еткен адам ғана нан жейді, абыройға кенеледі" деген қағиданы ұстанатын азамат екенін аңғарамыз.
Қазірде шаруашылықта отызға жуық адам жұмыс істейді. Яғни "Мираж" отыз адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұлардың көбі егіс науқанының кезінде ғана маусымдық жұмыс атқаратын болса, арасында шаруашылықта тұрақты еңбек ететіндер де бар. Қазірде осы жұмысшылардың бірнешеуі шаруашылық тарапынан баспанамен қамтамасыз етіліпті. Бірақ, бұл сыйақы ретінде қамқорлық бірінші кезекте, көпбалалы отбасыларына, жұмыс барысында өзінің еңбекқорлығымен көзге түсіп, жоғары нәтижеге қол жеткізген жұмысшыларға көрсетіледі. Мәселен аталған шаруашылық механизатор Айдос Нұрмышовқа жаңадан 5 бөлмелі баспана салып берсе, биыл механизатор Әсіреддин Әлшіманов кент орталығынан құны 6 миллион тұратын тұрғын үйге ие болды. Сонымен бірге шаруашылықтың агрономы мен инженер-механигіне сыйақы ретінде жаңа 2 "Тойота" автокөлігі берілді. Әрине, бұл – шаруашылық қызметкерлерін ынталандыру, олардың шынайы еңбегін бағалау және басшының өз қарамағындағы адамдарға деген ерекше қамқорлығы.
“Миражда” қазірде 30-дан астам ауыл шаруашылығы техникалары бар. Халқымызда "Сайманыңды сайлап алмай, егін екпе" деген сөз бар. Қазіргі даму үдерісіндегі заманда шаруашылықтардың техникалық базасы мықты болуы керек. Тұла бойынан май тамшылап тұрған ескі комбайнға сенім жоқ. Сол себепті "Мираж" техникаларының көбін жаңартыпты. Атап айтсақ, лизингтік жолмен алынған шетелдік 2 "Джон дир", 1 "Палессе", 1 "Магдон" комбайндары және биыл шаруашылықтың өз қаражаты (22 миллион теңге) есебінен алынған жаңа үлгідегі трактор-эксковаторлардың жұмысы еңбек өнімділігін арттырып отыр.
"Мираж" биыл да мол өнімнен үмітті. Мейрамбек ағамыздың айтуынша, қазіргі уақытта шаруашылықтағы 680 гектар күріштің 300 гектары орылып, 220 гектар күріш бастырылған. Әр гектарына 60 центнерден өнім аламыз деп межелеп отыр. Расында егіс даласында жұмыс қызу жүріп жатыр. Сары дәнге толы алқаптарда тынымсыз ойқастап жүрген жаңа комбайндардың артында Сыр салысының тек сабаны үйіліп қалып жатыр. Дала төсін еңбек дүбіріне бөлеген мираждықтар осындай жоғары жұмыс қарқынын жоғалтпаса, таяу онкүндікте егіс жинау науқаны аяқталып та қалатын секілді.
– Күріш – ел ырысы. Сондықтан жерге түскен әр түйір дәнді ысырап етпей, уақытында жинап алған жөн. Егін бітік шықса – елге құт. Мен егін екпесем де, ұзақ жылдардан бері ауыл шаруашылығы саласында механизатор болып еңбек етіп келемін. Бірнеше жылдан бері осы "Мираж" шаруашылығында көлік жүргіземін, егіс даласындағы техникаларды жанар-жағар маймен қамтамасыз етемін. Қазір науқанның кезі, жұмыстың қызған шағы. Диқан қауымына бір мезгіл де бел шешіп, демалуға болмайды. Күздің ауа-райына мәлім жоқ, құбылмалы. Сосын бұл мезгілдегі жауын – сілті. Көңілді жайлап, арқаны кеңге салатын кез алда. Уақыт салғырттықты, жалқаулықты көтермейді. Сондықтан осы шаруашылықтағы барлық қызметкер дәл қазір тынымсыз жұмыс істеп жатыр, – дейді егіс даласына жанар-жағар май тасымалдаушы Шымыр Жүгінісұлы.
Қуат АДИС