» » ТҮРЛІ ТЕХНИКА ТІЗГІНДЕГЕН МЕХАНИЗАТОР

ТҮРЛІ ТЕХНИКА ТІЗГІНДЕГЕН МЕХАНИЗАТОР


Қазір егіс басындағы науқандық жұмыстар аяқталуға жақын. Бірлі-жарым шаруашылық болмаса, шаруа қожалықтардың басым бөлігі күріш ору жұмысын тәмамдады. Енді тек комбайн орған Сыр салысын қырманға тасу басты міндет болып тұр. Аспанды қара бұлт торлап, әзірге күн райы жауын-шашыннан хабар әкелмей тұр. Оған да шүкір дейміз. Ал күн райы күрт өзгеріп, сіркіреген жауын үлкен нөсерге айналса, еңбеккерлер үшін үлкен бейнет. Бірақ қазір заманауи техникамен жарақтанған жергілікті шаруашылықтар мұндай күнді де еңсеретіндей. МегаАгро» шаруа қожалығына қарасты егіс алқабына барған сәтімізде біз осындай ой түйдік. Олай демей ше, атызда күріш жеп жатқан техниканың көнесі көзге ілінбейді. Барлығы қазіргі озық технологиялар. Еңбеккерлердің жүзінде де ерекше шырай бар. Анадайдан қол бұлғап тоқтатып алған Ақылбек ағамыз да өз сөзінде саланың серпін алған шағында жұмыс жасап жатқанына бақытты екенін айтып қалды. Қазір астында америкалық соңғы үлгідегі комбайн бар демесең, кейіпкеріміз – озық технологиялар жоқ кезеңде де өзінің кәсіби маман екенін дәлелдеген азамат. Ауыл шаруашылығы саласында 11 жыл жұмыс жасаған Ақылбек Жұрымбаев жастайынан техника тілін үйреткен әкесіне дән риза.
– Ауыл шаруашылығы саласына кейін келген жас мамандарға бұрынғы өткен қиындықтарды айтсаң, кейбірі сене қоймайды. Оны да түсінуге болады. Себебі, бұл сала соңғы 7-8 жылда заманауи құрылғылармен жарақтанды. Өзім бұрыннан осы салада жұмыс жасаймын. Алғашында әкеме еліктеп, түскі асқа келсе, жүгіріп рөлге отырып алатынмын. Талабым барын білді ме, кейін әкеміз техника меңгеруде маған ұстаз болды. Осылайша ержеткенде түрлі техниканы үйреніп, қазір сол кішкене талабым мен үлкен ізденушілігімнің арқасында жетістікке жетіп жүрмін. Биыл шаруашылық тек «Лидер» сортын екті. Қазір орақ науқаны толық аяқталды. Енді оны жинап, қырманға құю жұмыстары да ортасына келді. Бұйыртса, оны да аз күннің ішінде тәмамдаймыз. Астымдағы жаңа комбайнды тізгіндегеніме көп бола қойған жоқ. Жұмыс барысында шетелдік көліктің шаруашылық жұмысына ширақ екенін аңғардым. Бұйыртса, алдағы уақытта балаларымды да осы салада еңбек етуге машықтандырамын. Әкемнің ауыл шаруашылығындағы өнегелі жолын мен жалғап жатырмын. Ертеңгі күні менің де ізімді басатын біреу керек қой, – дейді еңбеккер.
Осыған дейін түрлі техника тізгіндеген Ақылбек Тұрсынбайұлы жыл сайын шаруашылық жұмысын жандандыру мақсатындағы елеулі еңбегі үшін марапат төрінен көрініп жүр. Биыл да үлкен жүлдеден үмітті. Қатарласа түскен үш комбайнмен жарыса жұмыс жасап жатқаны да сондықтан.
Жалпы төраға Манарбек Еспанов та еңбеккерлерге алдағы науқанды оңай еңсеруге бар жағдай жасап қойған. Нәтижесін алқап басындағы қызу жұмыстан байқауға болады. Ешқайссының жүзінде шаршаңқы көңіл-күй жоқ, бәрінің жұмысы ширақ. Биыл да төраға қыруар қаржыны нәтижелі жұмыс жасаған еңбеккерлеріне үлестіруге бел буып отыр. Жалпы мұндай қосымша сыйақылар жұмысшыны ынталандырады. Сенбейін десең, алқап басындағы қайнаған жұмыс «Қарасай» деп тұр.
Майталман маман өзіне жүктелген міндетті орын­даған бойда өзге де шаруашылықтарға асарға баруға бейіл екенін айтады. Шаруашылықтардың өз жұмысы тәмамдалса, бір-біріне жәрдемдесуі Жалағашта дәстүрге айналған. Төрағалардың көппен көмектемей іс өнбейтінін түсінетіні жақсы ғой. Ақылбек ағамыздың науқан бітісімен келесі шаруашылықтарға асарға баруы биыл бірінші жыл емес екен. Науқан сайын түрлі шаруашылықтарға жәрдемін беріп жүрген ағамыз қазір ауданға қарасты барлық ауылдың егін басын, қай алқабында Сыр салысы қалай шығатынын жақсы біледі.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

05 қазан 2019 ж. 745 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930