ҚЫРМАН БАСЫНДАҒЫ ДУМАН
“Сәрке батыр” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде күзгі жиын-терім науқаны жүруде. Қырман басындағы тау болып үйілген алтын күздің мол астығы берекенің бастауындай көз қуантып, көңіл сүйсіндіреді.
«Бостай» дала қосында Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінің №1, №2 жылжымалы мәдени демалыс кешені, «Арай» халықтық мәдени үгіт бригадасы, Ақсу ауылдық клубының өнерпаздары мен ақсулық «Асыл әжелер» ән-би ансамблі қырман басындағы еңбеккерлерге арнап ән-жырдан шашу шашып, шаруалар көңілін бір серпілтіп тастады. Қырман басындағы молшылық шарасына қатысқан Ақсу ауылдық округінің әкімі Қанат Ниетқұлов пен серіктестік төрағасы Қанат Демесінов сөз сөйлеп, ала жаздай тер төккен еңбеккерлерге толағай табыс тіледі.
Мұнда күрішті күтіп-баптаумен, оны ысырапсыз жиып, теруге 140 адам жұмысқа тартылған. Осынша ауыл азаматын жұмыспен қамтыған серіктестік басшысы жұмысшыларды еңбекке ынталандыру мақсатында сыйақы тағайындап, күзгі науқан аяқталған соң озат комбайншылар мен ала жаздай алқап басында тер төккен дихан қауымын марапаттап тұрады.
Қазіргі кезде егіншілер жауын-шашын болмай тұрып, жиын-терім науқанын толық аяқтау үшін егіс алқабында еселі еңбек етуде. Өнерпаздар олардың жұмыстарына жігер беріп, қырман басын думанға бөледі. Ансамбль құрамында жасы 70-тен асқан асыл әжелеріміз де бар.
Н.АЛПЫСБАЙҰЛЫ