Қазақстанның мектептерінде онлайн режимде соңғы қоңырау соғылады
Қазақстанның барлық мектептерінде соңғы онлайн қоңырау соғылады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Білім министрлігі 25 мамырда соңғы қоңырау онлайн режимде өткізілетіндігін мәлімдеді.
25 мамыр сағат 11:00 -де телеарналар арқылы Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов түлектерді құттықтайды.
Барлық мектептерде ата-аналардың, қамқорлық кеңес мүшелерінің, бизнес өкілдерінің, мектепті үздік бітірген бұрынғы түлектердің қатысуымен 1-10 сыныптарға арналған онлайн соңғы қоңырау өтеді.
"25 мамырда онлайн режимде 1-10 сыныптарға арналған соңғы қоңырау сынып сабақтары өткізіледі. Жыл қорытындысын сол жерде әр сынып бойынша жасауға, оны әртүрлі уақытта өткізуге болады. Оны асыра ұйымдастырудың қажеті жоқ. Әр сынып жетекшісі қай уақытта, қалай өткізетіндігін ешқандай есепсіз, сұраусыз жеке тәртіпте өткізуі тиіс", - деді білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов министрлікте өткен жиында.
Ал түлектер үшін соңғы қоңырау 3-4 маусым күндері өткізіледі. Жиында адам саны шектеліп, санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс.