Вакциналаудың маңызы
Бірден вакцинаны күштеп салдыру туралы айтылмағанын атап өткен жөн. Егер вакцинаға қарсы көрсетімдер болса, онда екпе жасатуға мәжбүрлемейді. Ал қарсы көрсетімі жоқ бола тұрып, вакцина салдырмаған бала балабақшаға жіберілмеуі мүмкін. Өйткені ол басқа балаларға және айналасына қауіп төндіруі ықтимал. 40 жылдық тәжірибесі бар иммунолог дәрігер ретінде бұл талаптар орынды деп санаймын. Балаларға екпе жасату керек. Бұл әсіресе қызылша, дифтерия, полиомиелит сияқты жұқпалы ауруларға қарсы өте маңызды. Аталмыш аурулардан бұрындары қаншама бала мүгедек атанып, көз жұмған… Вакциналаудан бас тартқан елдер қандай жағдайға ұшырағанын өз көзіммен көрдім. Африканың кедей елдерінде жұмыс бабымен болғанымда түрлі жағдайға куә болдым. Полиомиелитке қарсы екпе салдырмағаннан мүгедектер арбасына таңылған көптеген баланы кездестірдім. Қызылша, дифтерия, сіреспе, қызамық… Қазіргі ата-аналар үшін бұл аурулар абстракт ұғым секілді. Оларды неге бұрын-соңды көрмеген аурулар жайында уайымдауы қажет деген сұрақ мазалайды. Сонымен қатар, көптеген ата-ана вакцина аутизм мен басқа да қауіпті ауруларға әкеп соқтырады деп алаңдайды. Бірақ шындығына келгенде вакциналау аутизмді тудырмайды. Мұны беделді ғалымдар жүргізген ғылыми зерттеулер дәлелдеген. Аутизм көбіне балаға қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы екпе жасайтын кезде, яғни баланың бір-бір жарым жас аралығында тексергенде байқалады. Сондықтан бұл жай ғана кездейсоқтық. Ата-аналар өздерінің вакциналаудан бас тартуын, олардың құрамында "токсиндер" бар деумен түсіндіреді. Алайда бұл да шындыққа сәйкес келмейді. Бүгінгі таңда біз биоинженерияның тиімді әдістерін қолдана отырып мұқият тазартылған және дәлдігі жоғары вакциналарды пайдаланатын деңгейге жеттік. Дем алатын ауамыздың өзі анағұрлым токсинді болып келеді. Балалар қала көшелерінде бірнеше сағат жүргеннен әлдеқайда көп вирустық, бактериялық, химиялық жүктемеге тап болады. Ағылшын дәрігері Эдвард Дженнердің сегіз жасар балаға шешек вирусын енгізіп, қазіргі вакциналаудың негізін салғаннан бері 200-ден астам жыл өтті. Осылай өлімге әкелетін қауіпті аурудан қорғануға болатынына көзі жеткен соң ол өзінің әдісін адамзатқа қажет деп танып, оны вакциналау деп атады. Алайда алғашқы күндерден бастап-ақ вакциналауға қарсылық білдірушілер де табылды. Олар дәрігерлерді алдаумен, зиянкестікпен айналысып жатыр деп айыптады. Ол уақытта мұндайды ортағасырлық надандықпен түсіндіруге болар еді. Вакциналау қаншалықты тиімді және қауіпсіз екенін көрсету үшін Ұлыбританияның Королі балаларына екпе жасап, үлгі көрсетті. Осылайша олар балаларын қауіпті инфекциялардан қорғаған. Содан бері, міне, вакциналау миллиардтаған баланы қауіпті дерттерден сақтап қалды. Кәсіби емес дереккөздерге сеніп, вацинациядан бас тартқан ата-аналар баласының өмірін қауіпке тіге отырып, қоғамда жұқпалы аурулардың таралуына ықпал етеді. Вакциналау – бұл адамзат баласының ең үлкен жетістіктерінің бірі. Бүгінде ол бәріне қолжетімді, сондықтан оны болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін пайдалану керек.
Толығырақ: https://massaget.kz/layfstayl/Zdorove/62324/
Толығырақ: https://massaget.kz/layfstayl/Zdorove/62324/