» » «БІРЕУ ТОЙЫП СЕКІРЕДІ, БІРЕУ ТОҢЫП СЕКІРЕДІ»

«БІРЕУ ТОЙЫП СЕКІРЕДІ, БІРЕУ ТОҢЫП СЕКІРЕДІ»

Бізге ұлы Абай атамыз сынаған бойымыздағы кемшін қасиеттерден арылатын, ой-санамызды бодандықтан босатып, еркіндік беретін кез әлдеқашан жетті. Ысырап­шылдық пен астамшылық, мақтанпаздық пен бекерге мал шашпақтық ұлтты өрістетпейтіні анық.

Ұлт көшбасшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жоғары­дағы ойдың түйінін тарқата айтты. Сондай-ақ саяси құжатта «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемі пайдаланып соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу» керектігі айтылып, ұлтты өсірудің орнына өшіретін, жүректі қарайтып адамды рухани әлсіздікке апаратын кері қасиеттерді атап берді. Бұлар – қазіргі қоғамда орын алып жатқан, ешкімге таңсық емес дүниелер. Күнделікті көріп жүрген келеңсіздіктер – қол жеткен жетістікке масаттану, білім, ақыл, адамгершілік қасиеттермен емес, атақ, даңқ, ақшаға арқа сүйеп өзіңді өзгеден жоғары ұстау, ас та төк ысырапшылдық тағысын тағылар. Бәрі жарқын болашаққа деген сенімнен гөрі көкірек көзінің қараңғылығынан бір күндігін ойлаумен шектеледі.
Жалпы рухани жаңғыру – ұлттық сананың жаңғы­руы. Кеңес одағының қыспағынан босап, еліміз егемендікке қол жеткізген кезеңнен бастап ұлттық ерекшеліктерімізге оралып, болмысымыз айқындала түсті. Біз жоғарыда адамды жарық дүниедегі жиюы керек адамдық қасиет, амалдан біржола алыстататын ысырапшылдық турасында айттық. Бұл турасында әріптестерім газет бетінде талай қалам сермеп, қоғамдағы елең еткізер мәселелерді көтерді. Бірнеше мәрте қазақ той әлеміндегі шама-шарқына қарамай шашылудың, ысырапшылдыққа жол берудің басы өтірік мақтангерліктен, өзгелерге еліктеуден, жалған намыстан туатынын тілге тиек етті. Оның үстіне қазір Қазақстан үшін ғана емес, әлем елдері үшін аса қауіпті кезең өтуде. Пандемиямен күрес әлі толастаған жоқ.
Осы тақырып турасында ақпараттық сайттардың бірінде филолог, саясаттанушы Оралбек Өтеғұлов өз ойын білдіріп, көңілге қонымды ұсыныс айтқан екен. Ол мақаласында «...Мен қоғамды осындай паразиттерден тазарту үшін тойханаларда той жасауға 5 жылға дейін мораторий жариялауды ұсынар едім. Бұл не береді дегенге келсек, қоғамда той бизнесі тоқырап, басқа салалардың дамуына үлкен мүмкіндік болар еді. Тойханалардың орнына біраз ірілі-ұсақты кәсіпорындар ашылып, көптеген адамдарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік болар еді. Студенттерге де жұмыс табылар еді. Тойға шығады деп оларды да кінәлауға болмайды. Олар амалсыздықтан шығады. Басқа жұмыс орындары болмағаннан. Сөздің шыны керек, сол тойда қолданатын қалыңдықтың көйлегінен бастап, алдынан қиятын лентасына дейін, керек десеңіз әртіс-паразиттердің қолына алатын микрофонына дейін өзіміз өндіре алмаймыз. Шет елдерден сатып әкелеміз. Осыдан соң қай жерімізге жетісіп той тойлаймыз?», – дейді.
Бұл кісінің қазақ үшін қабырғасы қайысып, халықтың тұрмысының жақсаруын тілейтінін біз түсіндік. Айналып келгенде Абай атамыз айтпақшы, мақтангерлік, құр даңғаза, ысырапшылдықтың кері ғой бәрі. Той тойланбасын демейміз, дегенмен қуанышты зәулім сарайларда тойлау міндетті емес. «Көрпеңе қарай көсіл» деген. Не болса да, қандай қуаныш болса да қазақтың қасиетті қара шаңырағында болғанға не жетсін?! Қара шаңырақтың киесі де осында. Қыз баланы ұзатқанда да өзінің туып-өскен, тәрбие көрген қара шаңырағынан ұзатып әкетіп, ақ босағасына қондырған. Қазақтың бұл дәстүрі де қалып барады. Оң жақтағы қызын небір ойын-сауықтың ордасы мейрамханаларда ұзатуда. Бірақ қара шаңырақтың қасиетін білсе, бұлай істемес еді-ау деген ойға келесің.
Қоғамдағы түйткілді мәселе жалғыз бұл емес. Қолымызға әлемді сыйғызған алақандай ғана құрылғыдан көргенімді айтқым келіп тұр. Қазақ «Ас атасы – нан» деп, нанның өзі тұрмақ қиқымын да жерге тастамаған. Кішкене қиқымының өзі аяқ астында жатса, жоғары көтеріп қойып немесе құс жем қылсын деп ағаш басына қоятын болған. Кез келген баладан сұрасаңыз да «нанмен ойнауға болмайды», «нанды шашуға, қиқымын төгуге болмайды», «аяқпен басуға болмайды» деп сайрай кетеді. Бұл дегеніңіз ата-ана әлі жан-жағын танып, білмеген баласының құлағына басқадан бұрын нанның қасиетін ұғындыратынының дәлелі. Бірақ соңғы кезеңдерде болашақ ұрпақ үшін алаңдауға себеп туды. Өйткені болашақ ұрпақты дүниеге әкелетін, оларды тәрбиелейтін бүгінгі буын қазақтың қасиетінен аттап, батыстың мәдениеті былай тұрсын, ойын-сауық, қылжақтарына дейін талғамай жұтуда. Әлеуметтік желіде жағаңды ұстатып, еріксіз Алладан кешірім сұрататын бейнежазбалар тарап жатыр. «Челлендж» деп аталатын үрдіс шоу бизнес өкілдерінен бастап, қарапайым жастарға да жетті. Олар бірінен бірі қалыспай, ұнды шашып, денелеріне жағып, ең сорақысы легенге салып, аяқпен илеп оны желіге жүктеуде. Нанның киесінен қорықпаған мұндайлардың бәрін масыққандар деуге болады.
Батыстық менталитетті тұтынған жастар туған күндерінде де тортты беттеріне жағып, аяқасты етіп, ысырапшылдыққа жол беруде. Әлеу­меттік желідегі парақша әркімнің өзіне тиесілі екені белгілі. Бірақ кез келген адам осы елдің азаматы болған соң ортақ заңға, сол ұлттың құндылығын құрметтеуге міндетті. Алайда біздің қоғамда неге осындай жүгенсіз жүргендерді жазалайтын заң жоқ? Нанның қасиетін білмеген, білсе де киесінен қорықпаған көкірегі қараңғы, ұяттың ауылынан алыс қалған осындайларға неге әліміз жетпей келеді? Осы «челлендж» қуғандардың кесірінен нанның киесі ұрмасына кім кепіл? Біреулер бір үзім нанға зар, біреулер оны аяққа басуда. Жаппай батыстану жолында Жаратқанның алдындағы шүкірлікті, ата-баба дәстүріне, дінімізге деген құрметті ысырып қоюдың арты жақсылыққа апармайтыны бесенеден белгілі ғой. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» демекші, масыққанды тәубесіне келтіретін бір заңның жоқтығы көңілді түсіреді.

Нұр НАУАН


16 маусым 2020 ж. 1 191 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930