Сертіне сергек сақшы
Қазірде елімізде құқық қорғау қызметінің халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жаңа жүйесі қалыптасты. Соған сәйкес полицияға қойылатын талап пен тәртіп те күшейді. Олар кәсіби қызметіне адал, сонымен бірге білімді, білікті, білекті һәм жүректі болуы шарт. Өйткені кез келген полиция өзінің қызметтік міндетіне сәйкес заңдылықтың сақталуын қадағалауда, қылмыстың алдын алуда көптеген қиындықтарға тап болады. Тіпті кейде қоғамда орын алатын түрлі қылмыстық оқиғалар мен қақтығыстар барысында адам өмірін арашалап қалу үшін өз басын қатерге тігуге тура келеді. Жоғарыда айтқан полиция қызметкерінің бойында болуы керек қасиеттер осындай сәтте жарқырап көрінуі тиіс.
Жалағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкері, полиция майоры Нұрлан Сенбековтің бойында осы қасиеттердің барлығы бар. Нұрлан Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген соң өзі армандаған қызметіне орналасып, алға қойған мақсатын айқындады. Осы аталған салада қызмет істеп келе жатқанына биыл 11 жыл болыпты.
Нұрлан – нағыз полиция қызметкері. Спортшы. Гір тасын көтеруден облыс чемпионы. Жойқын қара күш иесі. Аудан, облыс орталығында өтетін ұлттық мерекелер мен көпшілік шараларда өнер көрсетіп, жұрт қошеметіне бөленіп жүр. Соның бір айғағы, осыдан бірнеше жыл бұрын әлеуметтік желіге жылқыны мойынына салып тұрған суреті жарияланғанда желі қолданушылары «Қажымұқанның ізбасары шықты» деп таңғалысып, шын қуанған еді. Нұрлан Сенбеков өз қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Осы уақытқа дейін бірнеше ауылдық округте учаскелік инспектор қызметін атқарған. Ол жайында Нұрланның өзі:
– Аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдарда қоғамдық тәртіпке қатысты көп мәселе бар. Тіпті кейде бір күнде ірілі-ұсақты бірнеше қылмыстық оқиға тіркелетін кездер болады. Әрине, ел болған соң тентек, телісі бар. Бірақ ауылдағы тәртіпсіздік пен ұсақ-түйек қылмыстық істердің көбі ақсақалдардың араласуымен, ағайын арасындағы өзара келісіммен жабылып қалады. Негізінен ауылдық жерлерде көп орын алатын қылмыстар – мал ұрлығы. Қорадан ұрланған мал шұғыл іздестіру тобының тынымсыз жұмысының нәтижесінде ізі суымай табылады.
Ал өрістен жоғалған малды табу қиынға соғады. Полицияның міндеті – қылмыстың алдын алу және сол арқылы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дер кезінде оқиға орнынан табылу. Сондықтан ауыл халқының өрістен барымталанған малдары да әріптестеріммен бірігіп жасаған әбжіл әрекетіміздің нәтижесінде иесіне қайтарылады. Әрине, мұның барлығы да тек айтуға ғана оңай. Шын мәнінде қылмысты іздестіру барысында менің әріптестерім күні-түні еңбек етеді, түрлі қиындықтарды басынан өткізеді. Тіпті кейде басын қауіп-қатерге байлайды. Бірақ, таңдаған мамандығымыз болған соң кәсіби қызметімізде кездесетін қиындықтардан айналып өтуге қақымыз жоқ. Олай етсек, халықтың сеніміне сызат түсіреміз және ол біздің қызметімізге ғана нұқсан келтіріп қоймайды, сонымен бірге адамдығымызға, азаматтығымызға да сын. Өйткені біздің басты міндетіміз – қоғам тыныштығын күзетіп, халыққа қапысыз қызмет ету, – дейді.
Иә, Нұрлан өз кәсібінің биігінен көрініп жүр және қызметінде аса белсенді. Екі жыл облыстық ішкі істер басқармасына қарасты жылдам қимылдайтын арнайы жасақта қызмет етті. Қазірде Мәдениет ауылында аға учаскелік полиция инспекторы сонымен бірге Мырзабай ахун, Темірбек Жүргенов, Жаңаталап, Аққыр ауылдарындағы учаскелік полиция қызметкерлерінің жетекшісі. Бұл сақшыға үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан да ол үнемі өзін жан-жақты жетілдіріп жүреді.
Қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Нұрлан Сенбеков өзінің қызметтік жолында әр жылдары аудан, облыс әкімдерінің және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Сондай-ақ ол өз саласында тер төгіп атқарған адал еңбегінің нәтижесінде 2014 жылдың қорытындысымен әріптестерінің арасынан қара үзіп шығып, облыс бойынша «Үздік сақшы» атанды. Осындай қоғамдық тәртіптің сергек сақшылары барда ел ішінің тыныштығы шайқалмайды.