Отыз бір жыл өткенде (естелік-толғаныс)
Адам өз өмірінде ондаған ауылдар мен қалаларда болып, жүздеген көшемен жүріп өтеді екен. Сонда ол көп ретте көше ерекшеліктерін, тіпті қай ауылда, қалада, қай көшеде болғанын да уақыт өте ұмытады, не болмаса оны еске сақтауды қажет деп таппайды. Бірақ ол бір нәрсені жадында сақтап қалатыны анық: ол көшелердің ешқашанда бір-біріне мүлде ұқсамайтыны, бірін-бірі мүлде қайталамайтыны.
Көше – өмір ағысы. Сол сияқты қанша адам болса да, көше тәрізді бір-біріне мүлдем ұқсамайтынына ешкім де пәлендей дау айта қоймайды. Көшенің де түзуі бар, бұралаңы бар. Адам өмірінің де түзуі бар, бұралаңы бар. 1986 жылдың наурыз айы менің өмірімде де бұралаңның басталған кезі еді.
1985 жылдың тамыз айында Қонысбек Төрешұлы зейнеткерлікке шыққаннан кейін орнына Оңалбек Сәпиев отырды. Бұл азаматты облыстың белгілі активтерінің бірі ретінде бұрыннан білетінмін. Сәлеміміз де дұрыс болатын. От жалыны аузын да, тез қимылдайды екен. Қанша айтқанмен аудан басқару оңай емес. Оның үстіне бұған дейін аты Қазақстанға мәлім болған Қазантаевтай хатшы басқарған, оның ар жағында Сұлтан Аманов, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімов сынды қазақтың дығал азаматтары басқарған ауданды игеріп кету де оңайға соқпайтыны белгілі ғой, ауыс-түйіс басталды да мен басқа жаққа ауыстым. Ол кезде мен аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болатынмын.
Ештеңеге алаңдамастан мамандығым бойынша №15 кәсіптік техникалық училищеге барып, математикадан сабақ беріп, әріптестер алдында тұрған мәселелерін шешуге бірден араласып кеттім. Мұнда жүзге жуық адам жұмыс істейді екен. Оның ішінде бұрын қызметтес болған Темірхан Бекжанов, Сансызбай Досполов сияқты ауданға белгілі азаматтар еңбек етіп жүр екен. Көп ұзамай қатарымызға әлгіндей науқанға ұшырап, «Жаңадария» газетінің редакторлық қызметінен босап Зордан Салықбаев келіп қосылды.
Мұнда да үйренері бар азаматтармен кездестім. Олардың ішінде Болтай Тасыбаев ағамыздың орны бөлек еді. Бұрын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, кейін осы училищеге директор болып, мен барған кезде зейнеткерлікке шығып, «Қоғамтану» пәнінен сабақ беріп жүрген кезі екен. Ағамыз әлі қуатты, өткен өмірінен әңгіме бастаса бәріміз қоршап алып, ұйып тыңдайтынбыз. Бір күні әңгіме барысында:
– Байқаймын, саған осы оқытушылық жұмыс ауқымы аздық жасайтын сияқты – демесі бар ма.
Ойланып қалдым. Ештеңе айта алмадым. Аздық жасап жүргені рас, дегенмен кім жұмыс бере қояды.
Содан бір сәтті күні арнайы Қызылордаға барып, Қонекеңе, Қазантаевқа сәлем бердім. Әңгіме арасында жауапты жұмыс істегім келетіндігін тілге тиек еттім. Оның үстіне ол кезде ауданда бірінші хатшы өзінің туған күйеу баласы Биғали Қаюпов жолдас еді. Ойымды толық түсінген Қонекең:
– Айтып отырғаныңның бәрі жөн. Басшылар қандай жұмыс берсе де оны істеу қолыңнан келеді. Менің ойым қалай болғанда да облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының қабылдауына жазыл, бар жағдайыңды жеткізіп айт. Сол кісінің бір ауыз сөзі ғой, – деп ақыл берді.
Ол кезде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Ауелбеков болатын. Содан облыстық партия комитетіне барғанымда Еркін Нұржанұлының жақында Жалағаш ауданына барып сайлаушылармен кездесетінін білдім.
Маған осы сәтте сол кездесу жиынында сөйлесем деген ой келді. Ауылға келе сөйлейтін сөзімді алдын ала жазып, дайындық жұмысқа кірісіп кеттім. “Осы сөйлейтін сөзім менің келешегіме жол ашатындай дәрежеде болуы керек” деген мақсатта болдым. Ол кезде жауапты қызметке көтеретін кадрға бірінші кезекте орыс тілін білетіндігіне ерекше мән берілетін. Қанша білімің болса да орыс тілін меңгермеген адамның жоғарылап өсуіне даңғыл жол жоқтұғын. Осы талапты басшылыққа алған мен сөйлейтін сөзімді орыс тілінде дайындадым. Ондағы мақсатым облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Нұржанұлына өзімнің орыс тілінде сөйлей де, жаза да білетінімді көрсету еді.
1989 жылы қаңтар айының басында аудандық Мәдениет үйінде СССР Жоғарғы Советінің депутаттығына кандидат Еркін Әуелбеков пен сайлаушылардың кездесуі болды. Мәдениет үйінің іші лық толы халық. Өзім бірінші қатарға отырғанмын. Үйден шығарда әйелім Ауагүл Махамбетоваға “Сен де кездесу жиналысына қатыс. Мен қалай болғанда да сөйлеймін. Сөйлеген кезімде Е.Әуелбеков оны қандай тұрғыда қабылдайды, соны аңғарып отырарсың” деп айтып қойғанмын.
Сонымен жиналыс басталды. Президумда сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Биғали Қаюпов және басқа жолдастар отырды. Жиналысты Аудандық Советі атқару комитетінің председателі Балғабай Имашев жолдас жүргізе бастады. Қолында қағазы, алдын ала дайындаған адамдарына біртіндеп сөз беріп жатыр. Сөйлейтін нышан білдіріп, қолымды көтерсем, председатель иегінің астында отырған мені көрсе де көрмегенсіп сөз берер түрі жоқ. Сірә, “Сөз берсем, бірдеңені айтып бүлдірер” деп қауіптенетін болуы керек. «Шешінген судан тайынбас» дегендей жиналыс басқарушысының сөз бермейтініне анық көзім жеткен соң, кезекші сөйлеушінің бірі трибунадан түсуге бет алғанда, мен де дереу орнымнан тұрып, рұқсатсыз трибунаға көтеріліп сөйлей бастадым. Сондағы орысша сөйлеген сөзімді қазақшалағандағы қысқаша мазмұны:
Аса қымбатты сайлаушы Жолдастар!
Бүгін біздер, осы жылдың 26 наурыз күні өтетін Советтік Социалистік Республикалар Одағының Жоғары Советіне №144 сайлау округі бойынша депутаттыққа сайланатын кандидат облыстық партия Комитетінің бірінші хатшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбеков жолдаспен кездесіп отырмыз.
Құрметті Еркін Нұржанұлы Сізді халық жақсы біледі. Сіз 25 жасыңызда тың игеру кезіндегі тыңдағы «Марьевский» совхозға директор, 34 жасыңызда Солтүстік Қазақстан облыстық советі атқару комитетінің төрағасы, 35 жасыңызда Астық өнімдері және құрама жем өнеркәсібі минстрі, 37 жасыңызда Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып абыройлы еңбек етіп, 43 жасыңызда Социалистік Еңбек Ері атағын алдыңыз.
Қызылорда облысына бірінші хатшы болып келгеннен бергі мерзім ішінде облыстың экономикасы мен мәдениетін көтеру, ол үшін өнеркәсіпті өркендету мен ауыл шаруашылығын дамыту, халық шаруашылығының басқа да салаларын уақыт талабына сай жүргізумен қатар бұрын айтылмаған ауқымды мәселелердің іске асуына бастамашы болып отырғаныңыз баршаға аян.
Атап айтатын болсақ, Арал теңізінің тартылуы адамзат баласына зиян екенін айтып, бұл мәселені көтерудің бастаушысы болдыңыз.
Облысты үшінші категориядан екінші категорияға көтердіңіз. Арал өңірін апат аймағы етіп жариялауды заңдастырып облыс еңбекшілерінің еңбекақысына 30-50 пайыз аралығында өтемақы алуына қол жеткіздіңіз. Мұның септігі көршілес Ақтөбе облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысының кейбір аудандарына да тиіп отырғаны сіздің арқаңыз.
Бұрын облыста қолданылмай жүрген шөлейттік коэфицентті енгіздіңіз. Шиелі ауданынан уран, Жаңақорған ауданынан полиметал кеніштерінің ашылуына қол жеткіздіңіз. «Байқоңыр» ғарыш айлағы әскери басшыларының Сырдария өзеніне өнеркәсіптің лас суын ағызуды тоқтаттыңыз. Сонымен қатар «Құмкөл» мұнай кеніші сіздің қайрат-іскерлігіңізбен іске асып отырғандығына халық куә.
Облысты мұнайлы өлкеге айналдыру үшін Жезқазған облысынан 25 жылға жалға жер алудың өзі нағыз ерлік.
Мұнайшылардың бағына мәселесін шешу үшін 1987-1990 жылдары 42 мың шаршы метр тұрғын үй, 280 орындық балабақша салуды көздеген жоспарды іске асырудағы бастамаңыз баршаға аян.
Облыс орталығынан облыстық медициналық орталық ғимараты мен Диагностикалық орталық құрылысының басталуы да сіздің көрегендігіңіздің белгісі. Аймақтың экономикасы мен мәдениетін өркендету бағытын да қыруар жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.
Алғаш рет облыста қиыршақ тас өндіру жұмысы қолға алынып қарқынды дамуда. «Рисмаш» зауыты, Қызылорда вагон жөндеу зауыты, «Ісмер» тігін фабрикасы іске қосылды.
Ауыл шаруашылығы бағытындағы жұмыстарды да атап айтуға болады. Мәселен, бұрын күріш жинау науқаны кезінде көмекке сырттан студенттер шақырылып, көрші облыстан астық тасуға көмекке жүк машиналары алынатын. Сіздің облыстың басқарушысы болып келуіңізден кейін мұндай көмектің алынуына тоқтам салынды. Облыс шаруашылықтарына Одақтан «Камаз» жүк машиналары алынып, оларды егін жинау кезінде тіркемелерімен пайдаланудың нәтижесінде егін жинау науқанын қысқа мерзімде аяқтауға қол жеткізілді. Қызылорда-Москва және Қызылорда-Шевченко әуе рейсін ашу облыс халқы үшін жақсы жаналық болды. Ойымды түйіндей келе сіздерді, сіздер арқылы барлық аудан сайлаушыларын «Сайлау күні» Одаққа депутаттыққа кандидат Еркін Нұржанұлы Әуелбековке бір кісідей дауыс беруге шақырамын.
Халық сөйлеген сөзімді қалай қабылдады, ол туралы ештеңе айта алмаймын. Әйтеуір ду қол шапалақтағаны есімде. Үйге келгеннен кейін әйеліме “Ал сен не байқадың” деймін. Сондағы айтқаны:
- Сен трибунаға көтеріліп бара жатқанда, ол қабағын түйіп, жақтырмаған сыңай берді. Содан соң сөзіңнің негізі өзіне бағытталғанын ести бастаған ол күлімсіреп, сен сөйлеп болғанша көзін өзіңнен айырмады. Менің байқағаным, сөйлеген сөзің ол кісіге ұнаған тәрізді, енді бөтен болмайтын шығарсың, – деді.
«Темірді ыссы күйінде соқ» демекші артынша Е.Ауелбековтың атына өзімді қабылдау жөнінде өтініш жазып жібердім.
Арада бір айға жетпей ақпан айының ішінде аудандық партия комитетінен “Түскі екіде келіңіз, Сізді Еркін Нұржанұлы Ауелбеков қабылдайды” деген хабар келді. Айтқан уақытында бардым. Мені Еркін Нұржанұлы бірінші хатшының кабинетінде Биғали Қаюпов және екінші хатшы Дариха Ақмағанбетованың қатысуымен қабылдады.
Хатшыға ойымды ашық айта отырып, “Еркін Нұржанович айыпқа бұйырмаңыз, мына отырған Биғали Қаюпов пен Дариха Ақмағанбетова жолдастардың екеуі де аралдық, мен де негізінен аралданмын бұл екі басшы маған жауапты қызмет бермейді, жерлесіне көмектесіп жатыр деген сөзден аулақ болғысы келеді” дедім. Менің өтінішімді тыңдап болған соң ол:
– Жолдас Биғали Қаюпович мына Айбосыновқа қандай жұмыс берсең де мен оны қолдаймын,– деді.
Шамасы менің қызметтен бейкүнә ығыстырылғаныма көзі жеткен болуы керек. Қазақтың белгілі азаматы, Мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбеков пен бірінші және соңғы рет кездесуім осылай басталып, осылай аяқталған еді.
«Дуалы ауыз» демекші, басшының бір ауыз сөзі іске асып, 1989 жылдың наурыз айында Жалағаш поселкелік Советі атқару комитетінің председателі болып сайландым. Бұл қызметте 1 қаңтар 1998 жылға дейін болдым.
Осыны ойлап отырсам, содан бері отыз бір жыл өткені еске түседі. Зымырап бара жатқан 00уақыт деген осы болар.
Академик Әлкей Марғұлан «білетін болғасын айтамыз ғой» дейді екен. Сол сияқты мен де жақсы адамнан көрген жақсылығымды бүгінгі ұрпаққа жеткізуді парызым деп санадым. Еркін Нұржанұлы өз ұлтының арыстандай айбатты, айтулы қайталанбас қайсар тұлғасы еді. Оның өмір – жолы ұрпаққа өнеге, қазақ халқының мақтанышы.
Атам қазақта «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» деген ескіден келе жатқан мәтел бар. Қазір секундына пәлен километр алатын ұшқыштармен салыстыруға да келмейтін көңілдің, қиялдың жүйріктігін көк дөненмен салыстыру күлкі. Бірақ ол – өз кезінің жемісі. Бұдан жүз жыл бұрын қазақ даласында көк дөненнен жүйрік не болмақ?! Әр нәрсенің де өз жағдайы, өз кесірі бар. Заманына қарай адамы, әр адам өз халқының бір кішкентай бөлшегіне ұқсас. Біреу оның жақсы жағын, біреу жаман жағын бейнелеуі мүмкін. Менің қиялымды бұл күндері Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстарын абыроймен басқарған, Социалистік Еңбек Ері, Қоғам және мемлекет қайраткері Еркін Нұржанұлы Әуелбеков қазақ халқының кеңпейілдік, сабыр-салмақтылық, еңбексүйгіштік, азаматтық, көсемдік сықылды жақсы қасиеттерін өз кезінде түгел қамтып, елі үшін барлық күш-жігерін жұмсауға іштей серт етіп, іске белін бекем буған ұлы адамның бейнесін көзге елестетеді.
Шыңғыс Айбосынов
Қазақстан Журналистер одағы мен
Халықаралық Жазушылар
одағының мүшесі,
Жалағаш ауданының Құрметті азаматы