2500-ГЕ ЖУЫҚ ЖАЛАҒАШТЫҚ 42 500 ТЕҢГЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ
Шыны керек, елдегі қазіргі ахуал халықтың да тұрмыстың сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Бірқатар кәсіпорындар белгіленген уақытпен жұмыс жасағандықтан ол жерлерде қысқартудың да болатыны анық. Алайда мемлекет жұмыссыз қалған азаматтарды қандай қиын кезең болса да қаржылай қолдайтынын тағы бір дәлелдеді. Кешегі 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмектің үшінші рет тағайындалуы сөзімізді қуаттай түседі.
Қазіргі таңда Жалағаш ауданының өзінен 2500 адамнан 42 500 теңгелік әлеуметтік көмек алу үшін өтінім түссе, оның 2360-на бүгінде әлеуметтік төлем үлестіріліп отыр. Үшінші мәрте қаржылай қолдауға ие болған аудан тұрғыны Сейілхан Исмайылов мұндай көмектің дәл қазіргідей жағдайда халықтың тұрмыстық сапасының төмендемеуіне оң әсерін тигізетінін айтады.
– Елдегі ахуал қазір баршамызды алаңдатады. Алайда атқарылып жатқан жұмыстар бойдағы күдікті сейілтіп отыр. Жауапты мамандардың елде табанды еңбек етіп жатқанын бір ғана Жалағаш ауданындағы жүзеге асып жатқан жұмыстардан-ақ байқаймыз. Дәл мұндай кезеңде халықтың да әлеуметтік жағдайын назардын тыс қалдырмаған Мемлекет басшысына алғыс білдіреміз. 42 500 теңгелік әлеуметтік төлем алып отырған қаншама отбасы бар. Бұл көмекті мемлекеттің беріп отырғандағы мақсаты – әлеуметтің әлеуетін көтеру. Кезінде бірқатар қиыншылықтардың орын алғаны рас. Алайда қазір жағдай қалыпқа келіп жатқан сыңайлы. Мемлекет тарапынан үлкен қолдау болып жатыр. Сол қаржылай көмек алған жанның бірі ретінде Мемлекет басшысына алғыс білдіремін, – дейді жалағаштық С.Исмайылов.