» » ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ КЕПІЛІ

ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ КЕПІЛІ

Әлемдегі кез келген тәуелсіз мемлекеттің ғасырлар бойы өз құнын жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан заңдар жинағы болады. Осындай Ата Заң біздің елімізде де, яғни Қазақстан Республикасында да ел тәуелсіздігін нығайту барысында қабылданды.

Кез келген зайырлы елдің даму бағыттарын белгілейтін басты құжаты –Ата заңы. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін бүкіл халықтық референдумда кең байтақ Қазақстанның көп ұлтты халқы өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етіп, көптеген елмен терезесі тең, іргетасы мықты демократиялық жолмен дамып келе жатқан мемлекет екендігін танытты. Сөйтіп 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының Ата заңы өмірге келді.
Тоғыз бөлім мен тоқсан сегіз баптан тұратын Ата заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп басталады. Бұл – мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі.
Еліміздің Ата заңы – халқымыздың дербес ел болуды армандаған, мүддесін заң тілінде айшықтаған, жер шарына, адамзат ғаламына «Қазақстан» деген мемлекет бар екенін паш еткен ерекше құжат. Ата заңымыздың өзгешелігі Қазақстан Республикасының тә­уелсіз дамуының мемлекеттік тұғырын, басқару тәсілін, билік тармақтарын бекітіп, «байырғы қазақ жерінде мемлекет құрылғанын» жария етті. Конституция бізге, адамдық қадір-қа­сиетімізге қол сұғылмауына, тіліміз бен дініміздің дамуына, ар-ождан бостандығын қорғауға, адал еңбегімізбен тапқан мүлкіміз бен меншігімізді сақтауға кепілдік береді.
Еліміздің осы негізгі Заңы уақыт сынынан сүрінбей өтті. Оның негізгі қағидалары бар­лық халықаралық стандарттарға сай келіп, қоғам мен мемлекетті дамытудың осы кезең­дердегі ең жетілдірілген үрдістерімен үйлесім тапты. Мемлекеттің тәуелсіздігін нығайту және экономикалық реформаларды жүргізудің басты құралына айналған бұл Ата Заң адамдардың барлық азаматтық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ете отырып, олардың өздерінің мемлекеттің сенімді қорғауында екенін терең сезінулеріне жағдай туғызды. Осы арқылы қазірде бүкіл қылмыстық-құқықтық саясатты ізгілендіру үрдісі де жүзеге асырылуда.
Конституция еліміздің ең маңызды сая­си – құқықтық құжаты болып табылады. Ол өмір сынынан өтіп өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Тәуелсіз еліміздің негізгі заңы, халқымыздың құқықтық мәдениетінің негі­зін қалаған, қоғамымыздың одан әрі даму деңгейіне сәйкес келетін құқықтық гума­нитарлық тұжырымдамасы бола білді. Конституциямыз еліміздің бүкіл нормативтік құқықтық базасын қамтамасыз етіп мем­лекеттік билік органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару құрылымдарының, жеке аза­маттардың қызметін заң аясында жүзеге асыруына негіз қалады. Қазір қоғамымыздағы барлық құқықтық міндеттер осы негізгі Заң – Конституция негізінде жүзеге асуда. Қа­лыптасқан түрлі қарым-қатынастар осы Конституция арқылы реттеліп отырады. Мұнда мемлекеттік органдар қызметінің бірыңғай жүйесін қамтамасыз ету ерекше маңызға ие. Бұл – негізгі заңымыздың ең басты талабы.
«Бірлік бар жерде тірлік бар», демекші бұл дүниеде тату-тәтті тіршілікке, ынтымаққа жетер ештеңе де жоқ. Демократиялық құқықтық мемлекет құру жолындағы Конституцияның өміршең болатындығы ешқашан да күмән туғызбайды. Еліміздің заңдарын өмірге кел­тіруде зор еңбектер сіңірген көрнекті заңгер Сұлтан Сартаев: «Тәуелсіздік алған елге бірлік керек. Заманымыздың қиыншылығына қарай ақылдан бұрын ашу жүрмесін. Ашу кернеп, жалаң тілді алға салмайық. Әр істеген ісімізде ой қорытындысы, парасаттылық болсын. Әлеуметтік, саяси, экономикалық бос­тандықты орнықтыру, жаңалыққа жол ашу үшін күпірлі сөзден аулақ болып, дүбірлі ортақ істің бабын баптап, халқымыздың қажыр-қайратын жасампаздық арнасына бағыттап, ел алдындағы парызымызды орындайық...» – деген болатын. Иә, осындай ұлы мақсаттарды орындау жолында жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтіндей неғұрлым ізгілікті жетістіктерді пайдалана отырып, Конституциямыздың әле­уетін арттыра берсек дейміз.
Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұ­ғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өмір­шеңдігін дәлелдеді. Қазақстан халық­аралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілгені осының айғағы. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі – Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінеді.

Б.Исағабылов,
аудандық соттың бас маманы, Қазақстан Заңгерлер одағының мүшесі



18 тамыз 2020 ж. 414 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930