Бірлік пен ынтымақтың ұйытқысы
Кеше Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай салтанатты жиын өтті. Оған аудан басшысы бастаған бірқатар ел ағалары, белсенді азаматтар, өңір тұрғындары қатысты.
Шарада аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев жұртшылықты мерекемен құттықтады.
– Ата заңымызда «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп атап көрсеткен сөздері, бүкіл әлемге танымал болған тәуелсіз елдің әр азаматының жаңа өмірге деген ұмтылысын, құштарлығын, бірлігін паш еткендей. Біздің елде адам құқықтары Конституция негізінде қорғалады. Содан да еліміздің ертеңі бүгінімізден де айқын, жарқын көрінеді.
Еліміздің демократиялық дамуының негізі – экономикамыздың қарқынды өсуі деп түсінуіміз керек. Өйткені соңғы жылдары еліміз басқа мемлекеттер қызығатындай жетістіктерге қол жеткізіп келеді.
Біздің ауданда да келелі істер атқарылды. Алдағы уақытқа жоспарларымыз да аз емес. Осы жылы республикалық бюджеттен Жаңадария, Мақпалкөл, Аққыр, Жаңақоныс, Далдабай елді мекендерінің ауыз сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғырту өтпелі жұмыстарының құрылысына 906,3 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстары жүргізілуде. Аудан тұрғындарының ұзақ жылдардан бері түйткілді мәселесіне айналған орталық аурухана құрылысы үстіміздегі жылдың мамыр айында басталды. Бүгінде толықтай іргетасы қаланып, өру жұмыстарына дайындық басталған. Құрылыс жұмыстарына 120 адам тартылған, оның 70 пайызы жергілікті тұрғындар. Аурухана 2020 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Мұның бәрі тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағының куәсіндей. Конституциямыз – Қазақстан халқының саналы таңдауы, ол кемел келешектің кепілі. Саяси тұрақтылық, қоғамдық алға басушылық, өркениетті өрелі мемлекетіміздің құқықтық негізін қалаған Ата заң келер ұрпақтың да үмітін ақтай берсін, – деді аудан әкімі.
Шара барысында бірқатар сала мамандары аудан басшысының мерекелік «Алғыс хатымен» марапатталды.
Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
«ЖЖ» ақпарат