МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ҚҰРМЕТ
Құрылыс саласы да, көлік саласы да қай кезде де еліміздің экономикасы мен өндірісінің барлық буынын байланыстыратын аса маңызды салалар болып табылады. Жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісінде осы сала қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтеді. Аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде құрылысшылар және көлік саласы қызметкерлерінің төл мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.
Шарада аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, ауданның даму жолында еткен еңбектерін атап өтті.
– Биылғы жылы облыстың көлік саласына 80 жыл. Бұл сала аға буынның еселі еңбегімен дамыса, кейінгі ұрпақтың жаңашылдығымен нығайып келеді. Ал құрылысшылар қауымының қай қоғамда да атқаратын қызметі ерекше.Соңғы жылдары аудан көлемінде жаңадан салынған тұрғын үй саны артып келеді. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында аудан бойынша жалпы көлемі 5 885 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға артып отыр. Бұдан бөлек аудан көлемінде көптеген жаңа нысан бой көтеруде. Бұл жылы 45 млрд теңгенің жобалары іске асырылса, оның 29 млрд теңгесі биыл игерілуде. Айта кету керек, аудан көлемінде атқарылып жатқан барлық құрылыс жұмыстарында біздің құрылысшыларымыздың айшықты қолтаңбасы бар. Олардың қатарында Шәріп Қабылбаев, Берікбай Ишанбеков, Базарбай Наурызбев, Сәндібек Мыханов, Оспан Жанұзақов, Оңдасын Әбдуайтов, Темірхан Әжібеков, Арыстанбек Алтыбаев тағы сол сияқты ағалардың есімдерін ерекше атауға болады. Біз алдағы уақытта да бұл саладағы жұмыстарды қарқынды жалғастырамыз. Ауданның көркеюі, гүлденуі, дамуы жағынан тиімді істерді қолға алатын боламыз.
Бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен баршаңызды тағы да құттықтаймын. Еңбектеріңізге тек табыс тілеймін, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң бірқатар сала қызметкерлері Қызылорда облысының көлік саласына 80 жыл толуына орай мерекелік медальмен, аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Шара соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
Нұр НАУАН