ЕСЕЛІ ЕҢБЕК ЕЛЕНГЕН КҮН
Тәуелсіздігі тұғырлы елдің бүгінгідей жетістіктерге жетуі жолында қаншама тер төгілді. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілер мен ел қорғаны полиция қызметкерлерінің еңбегі ерекше. Олар өз міндеттерін кәсіби деңгейде атқарып, еліміздің егеменді, тәуелсіз, демократиялық, әлеуметтік және құқықтық мемлекетке айналуына үлкен үлестерін қосып келеді.
Адам құндылығына қызмет ету қашан да абыройлы міндет екенін ойласақ, сенім артқан жандардың үмітін ақтау, көптің көңілінен шығу соншалықты қиын болмақ. Қазіргі жаһанданудың биігіне қол созған тәуелсіз елімізді өркендету жолында еселі еңбек етіп жүрген осы лауазым иелері қандай құрметке болса да лайық. 23 маусым – мемлекеттік қызметшілер мен Қазақстан полициясы күні. Мереке қарсаңында Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Онда аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев өңіріміздің мемлекеттік қызметшілері мен полиция қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады.
– Мемлекеттік қызмет – жауапты міндеттер жүктейтін абыройлы да мәртебелі лауазым. Әрбір мемлекеттік қызметкер өзіне артылатын жауапкершілік жүгінің қаншалықты жоғары екенін жете сезініп, бағалай білуі тиіс. Мемлекеттік қызметші ел сенімінен шыға білсе, одан асқан абырой да, одан асқан бақыт та жоқ деп есептеймін. Бүгінгі мереке осы лауазым иелерінің ел үшін еткен еселі еңбектеріне құрмет деп білемін. Сонымен қатар, биыл Қазақстан полициясының құрылғанына 27 жыл толып отыр.
Полиция – халықтың қорғаушысы, құқықтың берік қалқаны, заңның үстемдік құрып, әділеттің салтанат орнатуы үшін қызмет ететін абыройлы орган. Ал, мемлекеттік қызмет елдің сенімі мен үкілеген үмітін ақтау жолында саналы ғұмырын сарп ететін абыройлы міндет. Былтырғы жылы аудандық ішкі істер бөлімінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында облыстық бюджет есебінен жаңа ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Осы уақытқа дейін тозығы жетіп, талапқа сай келмейтін, жабдықталмаған шағын бөлмелерден тұратын ғимаратта орналасқан аудандық ішкі істер бөлімі бүгінде республика бойынша заман талабына сай жабдықталған алғашқы жаңа нысандардың қатарында екенін айта кеткен жөн.
Мемлекеттік қызметшілер мен елдің айбыны, жұрттың қорғаны болған полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын, – деді аудан басшысы Қайратбек Әубәкірұлы.
Сонымен қатар шара барысында ел үшін адал қызмет етіп жүрген бірқатар сала мамандары облыс әкімінің, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің, аудан әкімінің және аудандық полиция бөлімі бастығының «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Біз өз кезегімізде Отанымыздың гүлденуіне, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлестерін қосып, мемлекеттік қызмет саласының рөлін арттырып жүрген жауапты маман иелерін мерейлі мерекелерімен құттықтап, қызметтеріне табыс тілейміз.
Салтанатты шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасты.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ