«ИМАНҚҰЛ» МЕШІТІ
Әр өңірдің өзіне тән ерекшелігі, қалыптасу тарихы бар. Сыр еліндегі ғасырға жуық тарихы бар шежірелі Жалағаш жері де тұнған тарих. Талай танымал тұлғаларды дүниеге әкелген киелі мекенде ел қорғаған батыр, сөз маржанын терген ақын, жазушы, небір шешен, шайырлардан бөлек, ахун, ишан, көпке діндарлығымен белгілі, мешіт тұрғызған имамдар да шыққан. Солардың бірі – Иманқұл Жалмағанбетұлы.
Бүгінгі мақаламызда осы кісі туралы аз-кем әңгімелегенді жөн көрдік. Иманқұл Жалмағанбетұлы 1858 жылы қазіргі Жалағаш ауданына қарасты Ақсу ауылының «Ақбөгет» деген жерінде дүниеге келген. Оның ата-анасы егін егіп, мал баққан шаруа кісілер болған. Ол кісі Шөмішті Табын, оның ішінде Өмірқұл аталығынан тараған. Жалпы тарихи мәліметтерде бұл кісінің саудамен айналысқанын келтіреді. Айталық, 1901 жылы Орынбор-Ташкент теміржолының салына бастауына орай қара жұмысқа жергілікті қазақтар да жаппай тартыла бастайды. Осы тұста Иманқұл өзінің туыстары Тілеке, Мереке, Смағұл, Спандияр, Есжан, Оспан, Раушанбек есімді азаматтардан бір бригада құрып, аталған теміржол жұмысына белсене атсалысады. Осы жұмысымен қатар бұл кісі бір орысқа жалданып, саудамен айналыса бастайды. Ісі оңға басып, әлгі орыстан дүкенін сатып алады. Осылайша қолдан келгенше сауда аясын кеңейтіп, тіпті тұрмысы төмен адамдарға көмек қолын соза бастайды. Күндердің бірінде елдің игі жақсылары: Қайқы батыр, Алданазар, Қалжан ахун, Ораз ахун, Мырзабай ахундар Иманқұлға келіп: «Иманқұл шырағым, құдайға шүкір, ісің алға басып байыдың. Енді сол қаржыңа елді имандылыққа баулитын Аллаһқа құлшылық ететін мешіт салдыр», – деп кеңес береді. Игі жақсылардың бұл ұсынысы игі істі қолға алуға қозғау салады. Иманқұл атамыз олардың сол айтқандарын қабыл алып, халық болып жабыла кірісіп, 1905 жылы мешіт құрылысын бастайды.
Мешіт салынған күннен бастап онда үнемі жұма намазы оқылып, неке қию рәсімдері орындалып, жастардың діни сауатын ашатын дәрістер жүргізілген. Осы мешіттен дәріс алған алғаш шәкірттердің бірқатары Өзбекстанның Бұхара қаласындағы Көкілташ медресесі мен Ресейдің Қазан қаласының білім ордаларында оқып шығады.
Иманқұл атамыз 1919 жылы 61 жасында қайтыс болады. Оны әйелімен екеуін қазіргі өз мешітінің шығыс жақ іргесіне жерлеген. Кейіннен, Кеңес үкіметінің жандайшаптары марқұмның сүйегін қорлайды деген қауіппен Оспан деген кісі Құран оқып, денелерді қайтадан қазып алып, бір түнде Қалжан ахун мешітінің алдына апарып, қайта жерлеген.
Осы кісінің атындағы «Иманқұл» мешіті Кеңес үкіметі тұсында да халыққа қызмет етті. Мектеп, кинотеатр, мәдениет үйі, спорт мектебі болды. Ел тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін «Иманқұл» мешіті күрделі жөндеуден өтіп, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Мешіт құрылысын Ресейден келген мамандар «кірпіш стилі» және «провинциальная архитектура» тәсілдерімен салған. Іргетасы ленталық, күйдірілген кірпіштерден қаланған. Іргесінің табаны қабырғадан 1,35 метр биік және сыртқа қарай шығынқы етіп қаланған. Мешіттің солтүстік және оңтүстік жақ беттерінің қабырғасы ортасынан шығыңқы етіп қаланған, екі бөлікке бөлінген. Жоғары жағында декоративті аттигі бар пилястрдің бұрыштарын істік және қабырғадан біршама шығыңқы етіп қалаған. Мешіттің терезелері үстінен «П» әрпі тәрізді кірпіштерден қабырғадан біршама шығыңқы етіп қалаған және аркалармен сәнделген. Имандылық үйінің едені ағаш, шатыры шірімейтін қаңылтырмен жабылған. Төбесінде диаметрі 3,5 метр болатын сырты қаңылтырмен қапталған күмбез орналасқан. Терезелерін тікбұрышты әрі бірқабатты етіп жасаған.
1998 жылы мешітке халықтық әдіс – асар арқылы қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі таңда аудан орталығында орналасқан «Иманқұл» мешітінің жанынан жаңадан имандылық үйі бой көтерді. Жоспар бойынша жаңа мешіт халыққа пайдалануға берілгеннен кейін, бұл мешіт ғимараты бала оқытатын орын болмақ.
Дайындаған Нұр НАУАН