Батыс Қазақстанда құс фабрикалары карантинге жабылып жатыр
Батыс Қазақстанда үй жануарларына вакцина салынып, құс фабрикалары жаппай карантинге жабылып жатыр, деп хабарлайды КТК арнасы.
Аймақта жарты миллионнан астам құс бар. Бұл құстардың басым бөлігі құс фабрикаларында өсіріледі. Қазіргі таңда фабрикаларда карантин енгізіліп жатыр. Қызметкерлердің қозғалысына шектеу қойылып, кірген көліктер дизинфекцияланып, тіпті кеміргіштер де тексеруден өтіп жатыр.
Қазіргі таңда облыста құстар өліп жатқан жоқ. Алайда су қоймаларына жабайы құстардың қонуы инфекцияның тез таралу ықтималдылығын арттырып отыр.
Қалалық ветеринария басқармасының басшысы Қазбек Ташимов жыл басында құстарға арналған 115 мың дозалық вакцина алып келінгенін мәлім етті. Құс тұмауының өршуіне байланысты олар тағы да 80 мың доза вакцина сұратқан.
"Вакцинациялау - өте қиын жұмыс. Біріншіден, қаржыландыруды қажет етеді. Екіншіден, уақыт пен жұмысшы күші қажет. Қазіргі таңда бұл мәселелерді қарастырып жатырмыз. Жақын арада барлығы шешілетін болады. Әзірге биологиялық қауіпсіздікке ерекше мән берудеміз. Яғни, құстарды оқшаулаудамыз", - дейді құс фабрикаларының бірінің ветеринарлық дәрігері Әділжан Хайруллин.
Еске салсақ, СҚО-да құс тұмауынан бір тәулікте 180 мың тауық қырылып қалды.