» » ІНДЕТПЕН КҮРЕСУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ – ЕРЕЖЕГЕ БАҒЫНУ

ІНДЕТПЕН КҮРЕСУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ – ЕРЕЖЕГЕ БАҒЫНУ

Жұқпалы індеттің беті қайтқанымен, әлі қауіп сейілген жоқ. Сондықтан сақтық шараларын естен шығармауға тиіспіз. Адамға қиындық – сынақ, ал, сынақты төзім жеңеді. Коронавирус инфекциясы салғырттықты көтермейді. Оған көзіміз анық жетті. Төтеннен тап бергенде ешқандай амал қыла алмай, қапыда қалдық. Сақтыққа салғырт қарайтын қамсыздығымыздың соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Сондықтан біз карантин ережелеріне мейілінше бағынғанымыз жөн.

“Әлемде короновирустың екінші толқыны басталды” деген үрейлі хабарлар халықты тағы да әбігерге сала бастады. Болжамдар да әр түрлі. Дүиежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының айтуынша, жұқпалы індеттің қайта айналып соғуы ықтимал. Бірақ бұл қауіптің дабылы емес. Тек сақтандыру, ескерту. Дегенмен, ақпарат көздерінен сәт сайын тарап жатқан ресми және бейресми мәліметтер пандемияның алғашқы толқынында зардап шеккен халықты алаңдатып отыр. Ақпараттарға сүйенсек, дүние жүзінде эпидемиологиялық ахуал мәз емес. Сондықтан қандай жағдайда да індетті өршітіп алмай алдын алу шараларына дайын болуымыз керек. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та медицина саласының әлеуетін нығайтып, алдын ала дайындықты күшейтуді және сақтық шараларына байланысты жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілуін ұдайы бақылауда ұстауды Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырды.
Ал бұл жөнінде еліміздің Бас дәрігері Алексей Цой коронавирустың екінші толқыны бас көтерген жағдайда оған отандық медицина сақадай сай екеніне сендірді. Маусым, шілде айындағыдай дәрі-дәрмектер мен тыныс алу аппараттары және жеке қорғаныс құралдарының тапшылығы болмайтынын айтады. Дәрі сақтау қоймаларында қажетті препараттардың қоры жеткілікті. Қазірде дәріханалардан да өз бағасымен еркін сатылымға шығып жатыр. Алайда, бізге бұл көрсеткіштерге тоқмейілсуге болмайды. Медицина мамандарының айтуынша, көктем, күз мезгілдерінде адам ағзасының қорғаныш қабілеті төмендейді. Әсіресе алдымыздағы күз, қыс айлары – маусымдық тұмау мен басқа да вирустық инфекциялардың таралатын кезеңі. Міне, осы мезгіл өте қауіпті. Алдын алмасақ, былайғы күндері аса мән бермейтін маусымдық тұмаудың өзі аты жаман індетке ұласып, жұқпалы ауруды өршітіп жіберуі мүмкін. Сондықтан бұл орайда бізге дәл қазір сақтық аса маңызды. Халықты індеттен қорғау тек дәрігерлердің ғана міндеті емес, оған қоғамның әрбір мүшесі жауапты.
Пандемияның алдын алуда, екінші толқын бой көтере қалғанда қамсыз отырмауымыз керек. Осы мәселенің жауапкершілігін арқалап келе жатқан аудандағы медицина саласындағы дайындықтың жай-жапсарын білдік. Ендеше, төмендегі аудандық денсаулық сақтау бөлімінің бізге берген мәліметіне сол күйінде көз жүгіртіп көрейік.
Жалағаш ауданының халқына (33 172) аудандық орталық аурухана, аудандық емхана, 12 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 3 меди­циналық бекет қызмет көрсетеді. Коронавирус пандемиясына қарсы күреске 182 медицина қызметкері жұмылдырылды. Оның ішінде 24 дәрігер, 138 орта медицина қызметкері, 20 кіші аяжан бар. Осы медициналық қызметкерлерге 65,6 млн теңге үстемақы төленді.
Аудан бойынша короновирус инфек­ция­сын жұқтырған 111 жағдай тіркеліп, 109 науқас жазылып шықты. Ал провизорлық стационарда 215 науқас ем алып, ауруынан айықты. Айта кетейік, төсек орын жүктемесі шілде айының басында 87,8%-ды құраса, ең соңғы науқас 24 тамызда емделіп шығып, аталған бөлімше жабылды. Ал карантиндік стационарда 296 азамат бақылауда болды. Олардың барлығына медициналық бақылау мен арнайы тексеріс жасалып, карантиннен шығарылды.
Аурухана бойынша 4 дана жасанды өкпені желдету (ӨЖЖ) аппараты бар. Қазіргі таңда осы аппараттың 2 данасы КВИ инфекциясына, 2 данасы орталық аурухананың реанимация бөлімшесіне орналастырылған. Бұдан бас­қа Қызылорда облыстық денсаулық сақ­тау басқармасына 2 ИВЛ аппаратына өтінім берілді. Аурухана 30 дана оттегі концентраторы, 40 дана оттегі балонымен және арнайы құрал-жабдықтармен толығымен жабдықталды. Яғни науқастардың толық ем алуына барлық жағдай жасалған. ТМККК және МӘМС жүйесі шеңберінде толықтай дәрі-дәрмекпен қамта­масыз етіліп келеді. Қазіргі таңда 3,6 млн теңгеге дәрі-дәрмекке тапсырыс берілді.
Аудан көлемінде коронавирус инфек­ция­сымен ауырғандарды бақылау мақсатында эпидемиологиялық маусымның басында барлығы 44 төсек орын ашылған болатын. Алайда, аурудың күрт көбеюіне байланысты олардың қатары 105 төсек орынға дейін толықты. Егер аудандағы эпидемиологиялық ахуал күрделенген жағдайда «Ақтерек» жазғы тынығу лагерінде 50, Аққұм дәрігерлік амбулаториясында 100, барлығы 150 қосымша провизорлы орын жасақталады деп жоспарланып отыр.
Коронавирус инфекциясымен және пнев­­мо­ниямен ауырған науқастарды үйде бақылауды ұйымдастыру бойынша кенттен және елді мекендерден 8 мобильді жұмысшы топ құрылды. Топтың құрамында 1 аймақтық жалпы тәжірибелі дәрігер, 1 аймақтық жалпы тәжірибелі мейіргер бар және оларға күнделікті бақылау жұмыстарын жүргізуге арнайы автокөлік, жүргізуші бекітілді. Бүгінгі күнге дейін барлығы 1009 шақырту орындалды. Оның ішінде әкімшілік тарапынан бөлінген кезекші көліктермен орындалған шақыртулар саны – 392. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен осы жылдың 13 шілдесінен бастап пневмония диагнозы қойылып, амбулаторлы емді қажет ететін науқастарға «Үй жағдайындағы стационар» қызметі қосылды. Бүгінгі күнге дейін 62 науқас үй жағдайында ем алды. Жалағаш ауданы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақталуда. Жұқпалы індеттің алдын-алу және таралуын болдырмау бағытындағы жұмыстар қатаң бақылауда тұр.
Міне, аудандық денсаулық сақтау бөлімінің бізге берген мәліметі осы. Әрине, індетпен күресу жолындағы дәрігерлердің еңбегі өлшеусіз. Оларға қоғам болып тік тұрып құрмет көрсетіп, бас иіп, алғыс айтуға тиіспіз. Маусым-шілде айларындағы дүрбелеңде адамдарды ажалдан арашалаймын деп жүріп, қаншама дәрігер індеттің құрығына ілініп, құрбан болды. Ауданымыздағы медицина саласының қызметкерлері де бұл жағдайда аянып қалмады. Күні-түні кірпік ілмей науқастардың өмірін күзетті. Сол жанкешті қызметтері үшін олар қандай құрметке де лайық. Алдағы күндері де абзал жандардың анттарынан айнымайтынына біз сенімдіміз.
Десе де, қағаз жүзіндегі осы мәліметтің кейбір тұстары өзіміз көзбен көрген жайттармен қабыспайтын секілді. Өйткені, қазірде аудандық аурухана ғимаратының құрылысы аяқталмауына байланысты, аудандық емхананың екінші қабатына терапия, қайта қалпына келтіру және балалар бөлімін уақытша орналастырған. Алайда, кеше ғана пайдалануға берілген жаңа емхананың су жүйесі жұмыс істемейді. Әжетхананы айтпағанда, емделу бөлмелеріндегі ауыз су (жуынатын су да сол) уақытпен ғана сығырайып ағады. Өз қамдарын өзі ойлаған науқастар амалсыздан бос ыдыстарға су толтырып қоюға мәжбүр. Ал ауруханадағы ең бірінші қажеттілік су жүйесі екенін ескерсек, бұл жағдай емделушілер үшін айтарлықтай қиындық тудырып отыр. Әсіресе, тірек-қимыл қозғалысы бұзылған науқастар үшін сусындардан босаған ыдыспен шашып-төгіп жуынып-шайыну азап. Тіпті дәл осы көрініске куә болмақ түгіл, жиырма бірінші ғасырда сөз етудің өзі ұят. Жаман айтпай, жақсы жоқ, жұқпалы дерт қайта өршісе, ең алдымен науқастар емделетін орын талапқа сай болуы тиіс емес пе?! Сондықтан «Көш жүре түзеледі» деген жұбату сөз бұл жерге жүрмейді. Өйткені отандық медицина көшінің межелі жеріне жететін мезгілі болды.

Қуат АДИС

06 қазан 2020 ж. 8 570 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930