ҒҰМЫРЫ ҒЫЛЫММЕН ҰШТАСҚАН
Жалағаш топырағы ел басына қиын күн туған қилы кезеңде байтақ жерді кейінгі буынға аманаттаған батырларға, қоғам қайраткерлеріне, бір ауыз сөзімен бүтін бір елді аузына қаратқан абыз ақсақалдарға, Сұлтанмахмұтша айтсақ, қараңғылықтың көгінде қазақты күн етер ағарту саласының майталмандарына кенде емес. Ал есіл ерлердің ел үшін еткен еңбектерін кейінгі буынға аманаттауда да қажыр-қайратымен, жиған ілімімен, ізденімпаздығымен тер төккен аға буын өкілдері де жетіп артылады. Өскелең ұрпақ сол алдыңғы буынның бойындағы өрлікті, ерлікті, Отанға деген адалдықты бойына сіңіріп өссін деген мақсатпен қолына қалам алып, құнды дүниелерді өмірге әкелген атпал азаматтар да жоқ емес. Біз қазіргі таңда жастарға жігер берер тарихи туындылар мен ғылыми еңбектерді жарыққа шығаруда табанды жұмыс жасай білген жандар жөнінде қалам тербесек, қоғам қайраткерлерінің ерлік істерін, қиын кезеңде ел болашағы үшін қабылдаған маңызды һәм тарихи шешімдерінің мән-мағынасын жас ұрпаққа аманаттауға сүбелі үлес қосқан белгілі ғалым, Жүргеновтанушы Бауыржан Иманғалиев ағамызды айналып өтпейміз.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Баукеңнің туған жерге табан тірегенін естіп, арнайы жүздесіп, өткен тарихтан тағылымды дүниелер айтып қалар деген оймен арнайы алдына барғаным бар. Өзі ғылым саласында жүргендер көпшілікпен емен-жарқын сөйлесу мәнерін еркін меңгерген болып келеді ғой. Себебі тарихи тұлғалар жөнінде қажетті деректер жинақтауда бұл ғалымдардың басты құралы екені сіз бен бізге айтпаса да аян. Ойымдағыдай бұл қасиет ғылым саласында қажырлы еңбегімен елдің алғысына бөленген Баукеңнің де бойында бар болып шықты. Аға буынмен өзі қатарлы, кіші буынмен өз санатында танымды дүниелерді жеткізу атпал азамат үшін таңсық емес. Қазір егемендік алғалы қилы кезеңде ұлт үшін ұтымды ұсыныс айтудан қаймықпай, тәуелсіздік жолында жанын құрбан еткен оғландардың қай-қайсысының болсын өмір жолын бүгінгі буынға аманаттаймын десең, жол ашық. Себебі бүгінгідей бейбіт заманды бізге аманаттаудың әр жағында сол батыр бабалардың қолтаңбасы жатыр. Ал Бауыржан Иманғалиев – тәуелсіздік жылдардың басында бірқатар қысымға тойтарыс бере отырып, ел егемендігінің іргетасын қалауда қажыр қайратымен еңбек еткен қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновті бүгінгі буынға кеңінен насихаттауда аянып қалмаған белгілі ғалым.
Еліміз қуғын-сүргін жылдарды артта қалдырды дегенмен қазақ жерінде сол кездегі солақай саясат Бауыржан ағамыздың жастық шағында әлі де жүріп жатты. Сонда да кеудедегі ұлтқа деген шынайы сезім, елге, жерге деген санадағы патриоттық көзқарас қандай қысымыңа да қарамайды екен. Ал ол үшін өткенге бір сәт көз жүгіртпеу мүмкін емес. Қазаққа, жалпы біздің елдегі қоғамды түзеуге бар күшін сарп еткен бір жан болса, ол – Темірбек Жүргенов. Қоғам қайраткерінің сан саладағы ерен еңбегін әлі де жұрт толық білмейді. Ғылыми еңбектер жазылып, нақты дәйектер де келтірілді. Алайда, ендігі міндет – насихат. Осы міндетті ғылым саласына алғаш аяқ басқан шақтың өзінде-ақ өзіне азаматтық парыз етіп алған Баукең саналы ғұмырында тағылымды дүниелерді жарыққа шығаруда жемісті еңбек ете білді. Рас, атпал азамат айтқандай, біздің осындай қайраткерлеріміздің өмір жолын дәріптеуде ұтарымыз көп. Қазір заман тыныш, бауырымыз бүтін, басымыз аман. Осындай бейбіт өмірде алдыңғы буыннан тәлім алып, елге, жерге, ұлтқа қызмет етемін деушілерге дәл сол кездегідей ешқандай қысым жоқ. Сондықтан ұлт болашағы мен өскелең ұрпаққа руханиятты насихаттау жұмыстарын күшейтуді Бауыржан ағамыздың өз-өзіне міндеттеуі де орынды.
Бауыржан Иманғалиев Темірбек Жүргеновтың өмір жолы жайында ғылыми еңбектер жазуда қоғам қайраткерінің бүгінге дейін айтылмаған қырларын өз туындыларына арқау ете білді. Ал мұндай құнды мәліметтер жинау қаншама уақыт, үлкен ізденісті қажет ететіні анық. Сөз жоқ, өткен ғасырдың отызыншы жылдары «Темір-Нарком» атанған Темірбек Жүргеновтің есімі бүгінде иісі қазаққа етене таныс. Ол – Қазақстан мен Орта Азия республикаларындағы оқу-ағарту, мәдениет және әдебиет саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сыншы-көсемсөзші. Темірбек Қараұлының мемлекет қайраткері ретіндегі тұлғасын одан әрі жан-жақты сомдау үшін осы саладағы қызметімен қатар әдеби-публицистикалық мұрасын да түбегейлі зерттеп, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің тарихында алатын орнын нақпа-нақ белгілеу міндеті кейінгі ұрпаққа жүктелді. Осы ретте студент кезінен әдеби-мұрасын ғылыми айналымға түсіріп, терең талдап, алғаш диссертациялық деңгейде зерттеп, Нарком туралы жазған «Темірбек Жүргенов» атты Бауыржан Иманғалиевтың үшінші кітабы қалың оқырманға жол тартты. Автор бұл еңбекте Қазақстан, Ресей, Өзбекстан мұрағаттары мен кітапханаларының сирек қолжазбалар қорларында сақталған Т.Жүргеновтың құнды еңбектерін алғаш рет түпнұсқа негізінде тауып, араға сексен жыл уақыт салып, оқушыларымен қайта табыстырды.
Бауыржан ағамызбен екеуара диалог барысында “Қуғын-сүргін жылдары артта қалды дегенмен, сіз бұл еңбекті жазар уақыт тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болатын. Қандай да бір тараптан қайраткердің өнегелі өмір жолы тұрғысында ғылыми еңбек жазуға ешқандай қысым болған жоқ па?” деген сауал жолдаған едік. Белгілі ғалым бұл еңбегіне қазақтың біртуар азаматы, зерттеуші ғалым, әдеби ғылымдардың көрнекті өкілі Зейнолла Қабдолов жетекшілік еткенін айтып, осы кісінің берген бағыт-бағдарының арқасында бұрын ешкімнің қолы тимеген мәліметтерге қаныққанын жасырмады. Қарап отырсаң, жәй ғана ғылыми еңбек сияқты. Бірақ автор бұл дүниеге салмақпен қараған. Оны оқыған жан тез аңғара қояды. Себебі онда көтерілейін деп тұрған тақырып соған лайық еді. Баукең жоғарыда жолдаған сауалымызға ешқандай тараптан ашықтан-ашық қысым, не тосқауыл болған жоқ дегенімен, «Қоя салсай, сен көтеретін тақырып емес, басыңа бәле тілеп қайтесің» деп кеңес бергенсымақ болып, ақыл айтқандар барын жасырмады. Тәуелді ортада тәуелсіздікке ұмтылған бабалар жайында еркін қоғамда бұғып қалуға ары жібермеген автор “Жүргеновтердің көрген тоқпағынан біздікі не тәйірі” деген көзқараспен бастаған істі аяғына дейін жеткізуге бел шеше кіріседі. Себебі «әдебиет – ардың ісі» деген жетекшісінің қанатты сөзі бар. Сондықтан автордың да жары жолдан кері қайтуға дәті бармады. Ал қазір “Мынау қоғам сендерге үлкен мүмкіндік” дейді ағамыз.
Рас, қай тұлғаның болмысын ашып, жұртқа кеңінен насихаттаймын десең де мемлекет сені қолдамаса, жолыңды кеспейді. Аллаға шүкір, қазір Бауыржан Иманғалиев сынды белгілі ғалымдардың ізін басып, өткенді жадыда қайта жаңғырту мақсатында ілкімді жобаларды қолға алып жатқан жас ғалымдар жер-жерден шығып жатыр. Бастысы біз соларға саналы ғұмырымен һәм құнды дүниелерімен бағдаршам болған Баукеңдей ағаларымыздың жол ашқанын жақсы білеміз.
Біз әсіресе қоғам қайраткерінің өрлігін, ерлігін, ұлтқа, Отанға деген адалдығы мен өлшеусіз еңбегін насихаттауға саналы ғұмырының басым бөлігін сарп еткендіктен, кейіпкеріміздің тек Жүргеновтану жолындағы бір ғана қырына тоқталдық. Болмаса ағамыздың өз бойында басқа да ізгі қасиеттер жоқ емес. Бауыржан Иманғалиев – елімізге танымал әдебиетші-ғалым, қоғам белсендісі. филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері. Бұл ғылыми дәрежелер мен марапаттар, түрлі мемлекеттік деңгейдегі шендердің кейіпкерімізге үлкен ізденістің, ұлтқа, елге деген жанашырлықтың арқасында берілгеніне ешкімнің дауы жоқ.
Жалағаш халқы қашанда жерлестерімен мақтанады, түрлі саладағы еселі еңбегімен көзге түскен атпал азаматтардан құрметін аямайды. Міне, 1970 жылы Жалағаш ауданы Аққыр кеңшарында дүниеге келген Баукең де жерлестерінің ыстық ықыласына бөленген жан. Енді кейіпкеріміздің өмір жолына тоқталсақ…
Бауыржан Иманғалиев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін үздік бітіріп, 1995-2000 жылдары ҚазҰУ-ді аға оқытушылық қызмет атқарды. 1998 жылы ҚР ҰҒА-ның академигі, Халық жазушысы З.Қабдоловтың жетекшілігімен «Темірбек Жүргеновтің әдеби-публицистикалық мұрасы» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Бұл ұстаздық һәм ғылым жолындағы кейіпкеріміздің алғашқы жетістігі еді. 2000-2012 жылдары Алматы қаласы әкімі аппаратында бөлім бастығы, аппарат жетекшісі, Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің басшысы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінде проректор қызметтерін абыроймен атқарды. Ал 2012-2017 жылдары Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде департамент директоры, Кәсіподақ комитетінің төрағасы болды. Кейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде қажырлы еңбек етсе, бүгінде Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде жауапты лауазымды қызметтер атқарып келеді.
Бауыржан Иманғалиев – ұлтымыздың біртуар ұлы, мемлекет қайраткері, Нарком Т.Жүргеновтің әдеби-шығармашылық мұрасын алғаш ғылыми айналымға түсіріп, зерттеген жүргеновтанушы-ғалым. 2001 жылы оның «Т.Жүргенов. Таңдамалы. Избранное» атты кітабы, ал 2012 жылы «Темірбек Жүргенов» атты ғылыми монографиясы жарық көрді, 2 деректі фильмге бас кеңесші болды. 2013 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша «Т.Жүргенов. Шығармалары» жинағын, кейін «Қос шынарым» кітабы жарық көріп, қалың оқырманға жол тартты. Алаш ұранды ұлттық әдебиеттің жоқшысы, мәдени өмірдің мұқалмас жанашыры ретінде Бауыржан Сәбитұлының 4 кітабы жарыққа шығып, түрлі тақырыптарда 100-ден аса ғылыми-публицистикалық мақаласы баспасөз беттерінде тұрақты жарияланып келеді. Алаштанушы ғалым ретінде еліміздің әр түкпірінде өтетін ғылыми-конференцияларда, семинарларда баяндама оқып, азаматтық қоғамға өз үнін қосқан белсенді азамат әлі де ғылым саласында талмай еңбек етіп жатыр.
Баукең туған жерден тамырын үзген емес, 2012-2019 жылдары «Туған жерге тағзым!» аясында Қызылорда қаласы мен Жалағаш кентінде, Аққыр, Мәдениет кеңшарларында Бауыржан Сәбитұлының жерлес оқырмандармен, белсенді жастармен кездесулері ұйымдастырылып, кітаптарының тұсаукесері өтті. Ол – қашанда ғылымға, ілімге бет бұрған талантты жастардың талабын шыңдауды өзіне азаматтық міндет еткен азамат. Білім мен инновацияда жетістікке жеткен үздік оқушыларға демеушілік жасап, жыл сайын өз атынан шәкіртақы табыстап келеді. Дәл осы дәстүр туған жерге сапарында Жалағашта да жалғасын тапты.
Б.Иманғалиев Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі, республикалық «Үздік ұстаз-2018» сайысының жүлдегері, қалалық «Мерейлі отбасы – 2018» конкурсының Гран-При иегері, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, жастарды рухани-адамгершілікке баулып, білімге насихаттап, Алаш қайраткерлері туралы циклді еңбектер жазғаны үшін ол мемлекеттік наградалар, Диплом, Алғыс хаттармен марапатталды.
Жалпы белгілі ғалым, жүргеновтанушы, білім саласына саналы ғұмырын сарп еткен жерлесіміз жайында жазар дүние көп. Биыл елуді еңсерген тұлғаның бойында әлі біз танып-білмеген қырлары да жетерлік. Бастысы кейіпкеріміз қолға алған жобалар, қаламынан туған тағылымды дүниелер елдің кәдесіне жарап жатыр. Руханиятты, тарихты, тарихи тұлғаларды, бір сөзбен айтқанда, өткенді жастарға насихаттауда ағамыздың әлі де жарыққа шығарар дүниесі мол.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ