» » Қарты бар ел – қазыналы

Қарты бар ел – қазыналы

Қазақ қай істі де қолға алмас бұрын үлкеннен бата алып, алдыңғы буынның ақыл-кеңесінсіз жұмыс бастауды жөн деп таппаған. Осыдан-ақ кемеңгер елдің ұғымында абыз ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың орны жоғары екенін аңғаруға болады. Кейінгі буынмен көрген-білгенін бөлісіп, өнегелі тәрбиесін аямаған ардагерлерге киелі Жалағаш топырағы да кенде емес.

Кешегі күріштен тау тұрғызған ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері Несіпбай Әпірезов, Ұзақ Еспанов, Тұршабек Елеусінов сынды қазыналы қарттарымыз бүгінгі буынға адал еңбегімен үлгі. Салаға озық технологиялар әлі келмеген тұста Жалағашқа “Қызылорданың Қостанайы” деген атау алып берген де осы кісілер еді. Ауыл шаруашылығында өздерін нәзікжандымыз демей, ермен етене жүріп еңбек еткен Айнаш Балғабаева, Ұлмекен Төлегенова, Ақтыныш Қанатжаева, Қазына Жүсіпова, Қазына Өзденбаева сынды ақ жаулықты аналарымыздың өңір экономикасының күретамырына қан жүгіртуі – бүгінгі буынға өнеге. Әр салада қиын-қыстау кезеңдерде қажырлы еңбегімен елдің қажетіне жараған қазыналы қарттарымыз жетерлік. Қазір оның бәрін тізе берсек, аудан тарихына терең бойлауға тура келеді.
Бүгінде сол абыз ақсақалдарымыз бастап кеткен көш әлі жалғасып жатыр. Ауданның абаттануы мен халық әлеуетін арттыру жолында еңбек етіп жатқан ел ағалары қай істі де қолға алмас бұрын ардагерлердің батасын алады, ақыл-кеңесіне жүгінеді. Садық Алиев, Шыңғыс Айбосынов, Жақсылық Адамбаев, Аманкелді Мақатаев, Жайшылық Ағыбаев, Қабыланбек Нұрмағанбетұлы сынды бірқатар қазыналы қарт­та­ры­мыз көрген-білгенімен бөлісіп, түрлі салада жиған тәжірибесін кейінгі буынға насихаттайды.
Қазір аудандағы ардагерлер кеңесі әр жылы атқарылатын іске байланысты әзірлеген жоспарға сай жүйелі жұмыс жасап жатыр. Аудандық ардагерлер ұйымының рөлін көтеру, ардагерлерді қоғамдық өмірге белсене қатыстыру, салауатты өмір салтын қалыптастыруда да атқарылған жұмыстар аз емес.
Жалағашта қазіргі таңда 3785 ардагер 79 ұйымда тұрады. Аудандық ардагерлер кеңесі биылдың өзінде 3 рет алқа мәжілісін өткізіп, онда Аққұм ауылдық округі, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бастауыш ұйымдарының және ардагерлерді әлеуметтік құқықтық қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның жұмыстары қаралды.
Қашанда үлкенге құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырған жалағаштықтар ауданда ұйымдас­тырылған мәдени-көпшілік іс-шараларды ардақты ардагерлерсіз өткізбейді. Жыл сайын 1 қазан қарттар күніне орай салтанатты жиын өткізіліп, оған кент, ауыл ардагерлері қатысады. Ардагерлерді құрметтеу, ұлықтау мақсатында биыл 80-100 жас аралығындағы 17 ардагерге құрмет көрсетілді. Ғасыр жасаған Бибайша Қайырбаева, Бәти Аманбаева, Өтеш Маханова сынды ақ жаулықты әжелерімізге құрмет көрсетіліп, аудандық мәдениет үйінде «Ғасыр ғұмыр – берекелі белес» атты кеш ұйымдастырылды. Бұл кеш ардагерлер, жастар қатысқан тәрбиелік мәні бар шара болды. Аудандық ардагерлер кеңесінің ұсынысымен үш анаға «Жалағаш ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Міне, Жалағаш халқы өнегесін аямаған үлкендерге қашанда құрмет көрсетуді өзіне азаматтық борыш деп біледі.
Қазір ауданда ардагерлер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жыл сайын спорттың 5 түрінен аудандық ардагерлер спартакиадасы ұйымдастырылады. Биыл әлемде қалыптасқан ахуалға байланысты ардагерлер арасында тек дойбыдан аудандық біріншілік өтті. Оған 26 ардагер қатысып, жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды. Мұнан бөлек «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты көркемөнерпаздар байқауы ұйымдастырылды. Байқауда бас жүлдені Ақсу ауылының «Асыл әжелер» ансамблі иеленсе, 1-орынды Есет батыр ауылының ардагерлері жеңіп алды. «Туған жерге саяхат» бағытында 36 ардагер Қорқыт баба кесенесіне барып қайтты.
Қазыналы қарттарымыз қайырымдылық шара­ларынан да шет қалмайды. Мәселен, биыл аудандық ардагерлер кеңесі тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы аналардың отбасына азық-түліктей көмек көрсетті. Сондай-ақ жыл сайын «Мектепке жол» акциясына белсене қатысып, 4 отбасының балаларына планшет табыстауды дәстүрге айналдырған.
Қай бағытта да бізге өнегелі істі насихаттап жүрген қазыналы қарттар барда кейінгі буын өз жолынан адаспайды. Тәлім-тәрбиесімен, азаматтық болмысымен, мемлекет дамуы жолында елеулі істер атқарған саналы ғұмырымен абырой биігінен түспейтін асыл жандар біздің бағдаршамымыз іспетті.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ



30 қыркүйек 2020 ж. 7 790 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930