Ер еңбегімен еңселі
Туған жердің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, адал еңбегімен артына өнеге қалдыруды мақсат етпейтін адам жоқ. Алайда мұндай өзіне артылған сенім үдесінен шығу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Әр салада қажырлы еңбегімен көзге түсіп, көптің ықыласына бөленген жандар Жалағашта да жетерлік. Солардың бірі – Мөрәлі Шәменов ауылының тумасы Далдабай Рахымбайұлы.
Саналы ғұмырын туған жердің еңсе тіктеуіне арнаған Далдабай Рахымбайұлы 1949 жылдың 25 қарашасында Коммунизм совхозында дүниеге келген. Ауыл мектебінен тәлім алған бозбала 1966-1968 жылдары елді мекеннің қайнаған жұмысына араласа бастады. Екі жыл техника тізгіндеген кейіпкеріміз 1968-1971 жылдары әскерде Отан алдындағы борышын өтеді.
Бұрыннан техника тізгіндеуге әуестігі бар Далдабай ағамыз өзінің қызығушылығын әрі қарай кәсіби маман ретінде жетілдіру мақсатында арнайы оқуға бел буды. Әскерден оралған бойда Қызылорда политехникалық техникумына оқуға түсіп, екі жылда техник-механик мамандығын игерді. Оқу орынын бітірген соң ауданда түрлі салада қажырлы еңбек етіп, Жалағаштың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.
«Жалағаш ПМК-14» мекемесінде қажырлы жұмыс жасаған атпал азамат өз ісіне деген адалдығымен артылған сенім үдесінен шыға білді. Алайда Далдабай Рахымбайұлының «Ауылымның еңсесін тіктеп, әлеуетін арттырамын» деген бала күнгі арманы оны туған жерге қайта қауыштырды. Осылайша М.Шәменов ауылындағы тракторшылар бригадасына жетекшілік еткен ол кейін машина ауласының меңгерушісі, көлік жөндеу шеберханасының меңгерушісі, бас инженер, механик болып еңбек етті. Түрлі техниканың тілін меңгерген кейіпкеріміз әсіресе ауыл шаруашылығы саласына жас мамандарды көптеп жұмылдыруға өлшеусіз үлес қосты. 1987 жылдың мамыр айына дейін түрлі қызметте болған білікті маман кейін Аманкелді ауылдық Советі атқару комитетінің председателі болып сайланды.
Түрлі салада табанды еңбек еткен атпал азамат қайда жүрсе де өзінің білікті һәм жауапкершілігі мол маман екенін көрсете білді. Өз ісінде жиған тәжірибесін көппен бөлісуді жөн санайтын Далдабай ағамыздың шәкірттері әлі күнге дейін оның адамгершілігін, ұстаздығын айтып жүреді. Осылайша тек табанды еңбек етумен шектелмеген кейіпкеріміз әр салада білікті кадр қалыптастыруға да орасан үлес қосты.
Ауылдың айбынын асырып, туған жердің түлеуіне күш салу тынымсыз еңбек еткен атпал азаматтың қолынан келді. Он жылға жуық Мөрәлі Шәменов атындағы ауылды басқарған Далдабай Рахымбайұлы осынша уақытта елді мекеннің еңсе тіктеуіне әріптестерін жұмылдырды.
1991 жылы ауыл әкімі болып тағайындалған туған жердің түлегі ауылдағы күрмеулі мәселелердің шешімін табуына жұмыс жасады. Ол тұс егемендікке енді қол жеткізіп, бірқатар шаруаның тұралап тұрған кезі болатын. Ал тұралаған тұрмыстың күретамырына қан жүгірткен Далдабай ағамыз ауылдастарының ыстық ықыласына бөлене білді. Әрине оның артында түсіне білгенге үлкен еңбек жатыр, туған жерге деген ыстық махаббат тағы бар.
Он жылға жуық уақыттың ішінде ауылдың ажарын айшықтауға өлшеусіз үлес қосқан білікті басшы адал еңбк еткен жанға қашан да халықтың көзқарасы түзу болатынын көпке дәлелдеді. Кейін, яғни 1999 жылдан 2005 жылға дейін «Мөрәлі Шәменов» ЖШС төрағасының орынбасары болып жұмыс жасады. Алты жылда ауыл шаруашылығы саласының серпін алуына күш салған кейіпкеріміз кейін серіктестік тізгінін өз қолына алды. Осылайша екі жылда шаруашылық жұмысын ширатуда және техника базасын нығайтуда Далдабай Рахымбайұлы өзінің қолтаңбасын қалдырды. Атпал азамат 2007 жылы зейнеткерлікке шықса да 2012 жылға дейін серіктестік төрағасының орынбасары болып еңбек етті.
Далдабай Рахымбайұлы әкім болып тұрған шағында көбіне ауыл ақсақалдарының үніне құлақ түретін. Кейін өзі де зейнет жасына жеткенде жастарға тәрбиелі, мағыналы өмір сүру үшін ақыл-кеңес беруден жалыққан емес. 2015 жылы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болған тұста да ауыл жастарын ауызбіршілікпен, бірлік һәм ынтымақпен қолға алған істің түбінде береке боларына сендірді. Ақсақалдан тәлім алып, кеңесіне жүгінген жастар да жаман болған жоқ. Ауыл ішіндегі той-томалақ, құдайы астарда да тәрбиелі, мағыналы әңгімелерді көп айтатын. Қазіргідей жиын-тойлардағы арзан дүниелермен жастардың санасын улауға жаны қас еді.
Қазіргі таңда ағамыздың шаңырағынан өрбіген бес перзент бүгінде түрлі салада абыроймен еңбек етіп келе жатыр. «Әке көрген оқ жонар» деген нақыл сөздің мағынасын бір шаңырақтан тараған балалар айшықтап тұрғандай. Ортамызда өзі жоқ болса да, өнегелі ісімен артында өшпес із қалдырған азаматтың саналы ғұмыры бүгінгі буынға үлгі болары сөзсіз.