ҚАЙРАТКЕР АТЫНДАҒЫ ТУРНИР
Ауылшаруашылығы саласының көрнекті ұйымдастырушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері Мөрәлі Шәменов атындағы дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті.
Спорттық шараны аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов ашып, туған жердің көркеюіне, ауыл шаруашылығының өркендеуіне саналы ғұмырын сарп еткен, болмысы ерен тұлға туралы айта келе, дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін турнирдің барлық қатысушыларына сәттілік тіледі. Палуандар арасындағы тартысты бәсекеде Ж.Тажмаханов ауданда спорт саласын дамыту бір жолға қойылғанын айтып, соғыс және еңбек ардагері Мөрәлі Шәменовті еске алуға арналған турнир де жас спортшылардың қабілетін шыңдауға үлкен мүмкіндік екенін жеткізді.
Мұнан соң қоғам қайраткері Мөрәлі Шәменовтің баласы Өмірбек Шәменов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі жаттықтырушысы Рашид Бурлов сөз сөйледі.
– Мөрәлі Шәменұлы – өзінің үлгілі ісімен елге елеулі еңбек етіп, аты аңызға айналған, беделі биік ірі тұлға, заманының іскер басшысы, ауыл шаруашылығының көрнекті ұйымдастырушысы. Оның өмірі мен еңбек жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Танымал тұлға өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына мол үлес қосқан азамат. Соғыстан күйзелген шаруашылықтардың ішінде артта қалған Молотов атындағы колхоздың аз уақытта алға суырылып шығып, кейін «Коммунизм» совхозының бүкіл республикаға белгілі болуы, бұл сөз жоқ, іскер басшы, туған жерін шын жүрегімен сүйетін азамат аға Мөрәлі Шәменовтің еңбегі. Өткенді білмей, болашақты баянды ету мүмкін емес. Саналы ғұмырын мемлекетіміздің өркендеуіне, туған жеріміздің көркеюіне арнаған тұлғаларды өскелең ұрпақ білуі қажет, – деді Садық Әлиев.
Айта кетейік, танымал тұлға атындағы турнир 1994 жылы облыстық деңгейде бастау алған еді. Кейін 2007 жылдан бастап, ауқымы кеңейген шараны республикалық деңгейде өткізу қолға алынды. Аталған сайыста талабын шыңдаған бірқатар жастар бүгінде тартысты бәсекелерде еліміздің, облыстың аудан абыройын асқақтатуда. Ал бұл жолғы байрақты бәсекеде Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қызылорда облыстарынан және Қызылорда қаласы, Қармақшы, Жалағаш аудандарынан келген командалардың 300-ге жуық спортшысы 9 салмақ дәрежесінде татами үстінде тайталасқа түсті.
Екі күнге созылған спорт додасында кіл мықтылар арасынан суырылып шыққан спортшылар қаржылай сыйлықтарға ие болып, арнайы медальдармен марапатталды.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ