Білектілер мен жүректілер
Қазақ күресінен ХХ аудандық «Алтын белбеу» жарысы өтті. Жарысқа кент және ауылдық округтерден 100-ге жуық жас спортшы қатысты.
Спорттық шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов жарысты қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Жалпы, біздің ауданымызда бұқаралық спортты дамыту – басты назарда. Жыл сайын дене шынықтыру және спорт саласының материалдық-техникалық базасы нығайтылып келеді. Өскелең ұрпақты спортқа баулу, денсаулығы мықты азамат етіп тәрбиелеу күн тәртібінен түскен емес. Спорт саласын дамыту бағытындағы жұмыстардың арқасында жалағаштықтардың спортқа деген қызығушылығы күн санап артып келеді. Аудандық «Алтын белбеу» жарысы ауданымызда 20-мәрте өткізілуде. Ауданымызда қазақ күресі федерациясы құрылған. Қазақ күресінен облыста топ жарып жүрген жастарымыз Есенов Жайдар, Жақсыбек Жеңісбек, Рүстем Әділбек, Қасым Ерасыл, Болат Наурыз сынды жас спортшыларымызды біз мақтанышпен айта аламыз, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Көштаев, аудандық қазақ күресі федерациясының президенті Оразбек Ахметов, жарыстың бас төрешісі Болат Жаппасбаев қазақ күресінің маңыздылығына тоқталып, жарыс ережесімен таныстырды.
Айта кетейік, жарысқа қатысушылар төрт жас ерекшеліктері бойынша бақ сынады. Бұған дейін бұл спортшылар мектепішілік, ауылдық кезеңдерде жеңіске жеткен еді.
Жарыс қорытындысы бойынша «Алтын белбеу» жеңімпаздары облыстық кезеңге жолдама алды.
Н.ЖАНҰЛЫ,
М.АХМЕТОВ (сурет).