» » Елбасымен жүздесу

Елбасымен жүздесу

Халқымыздың ғасырлар бойы арманын жүзеге асырған Қазақстан тәуелсіздігіне биыл – 29 жыл. Ал сол тәуелсіздік жолында небір қанды шайқастарды, айқастарды басымыздан өткіздік. Бәріне де көндік, барлығына да шыдадық. Жұдырықтай жұмылғанның арқасында бодандықтың қыл шылбырын үзіп, тәуелсіз ел атандық. Бостандық біздерге оңайлықпен келген жоқ. Кешегі кеңестің тоталитарлық қоғамында заманына қарай адамы дегендей, Елбасымыздың жақынды көріп, алысты болжап, ұлттың болашағы үшін жүргізген салиқалы саясатының арқасында тәуелсіздік біз үшін қан төгіссіз бейбіт жолмен келді. Бүгінгі біздің міндетіміз бен мақсатымыз – егемендік үшін жанын пида еткен батыр халқымыздың тәуелсіздік тұғырын баянды ету.

Ата заңымызда көрсетілгендей, елдің ең басты байлығы, құндылығы адам делінген. Ол – қоғамның қозғаушы және материалдық игілікті жасаушы күші. “Бәрі де адам үшін, қоғамның игілігі үшін” деген қағида экономикалық тәуелсіздікке тікелей байланысты. Сондықтан халықтың әлеуметтік мәселесін жақсартуда азық-түлік қауіпсіздігін жасау ең бірінші мәселе болып қала береді. Елбасының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, ең бірінші экономикасы, мұнан кейін саясат деген ұстанымы бұл күндері өзінің өміршеңдігін көрсетіп келеді. Негізінен тәуел­сіздікке қол жеткізген 90-шы жылдары еліміз өтпелі кезеңде біраз қиыншылықтарды басынан кешірді. Төлем қабілетсіздігінің жаппай сипат алуы, жүздеген кәсіпорын жұмысының тоқтауы, жұмыссыздықтың белең алуы, ауылдарда мал басының азаюы, жанар майлардың тап­шы­лығынан ауылдарда егін көлемінің күрт тө­мен­деуі тәуелсіздігімізге аса қауіп төндірді. «Бұл қиындықтан қашан шығамыз» деген сауалға жауап табу қиын еді. Қазақстан аяғына тік тұру үшін бұрын болмаған саяси-экономикалық ортаға енді. Ол жол не тығырықтан шығуға, не болмаса Қазақстанды бұрынғы бодандыққа апаруға тиіс болатын. Осындай кезеңде Елбасының батыл шешімі мен мемлекеттік монополияға айналған бұрынғы қоғамдық меншіктің түрі мен мағынасы өзгеріп, түрлі меншік нысандар өмірге келді. Өмір көрсеткендей жаңа қоғамды, жаңаша мемлекеттік басқару жүйесін таңдау қажет болды.
Қазақстан Президенттік басқару жүйесін қабылдады және халық Елбасын 1991 жылы 1 желтоқсанда өзі сайлады. Ел тарихында жаңа бет ашылды. Содан бері тәуелсіздігіміздің тұғыр­ланғанына жиырма тоғыз жыл болды. Бұл тарих үшін көп уақыт емес. Десе де, экономикамыздың барлық салалары өсіп-өркендеп келе жатқанының куәсі болып келеміз. Өткенді білмей жаңаны жасай алмайсың дегендей, Қазақстанда экономикалық құлдырау 1991-1995 жылдары, 1990 жылдардың деңгейімен салыстырғанда 38,6 пайыз болып, яғни 5 жыл ішінде жыл сайын 8 пайыз төмендеп отырған. Бұдан кейінгі 5 жылда экономикалық өсу үстінде болған. 1999 жылы ішкі жалпы өнімнің өсуі 2 пайыз шамасында болса, 2000 жылы 9,6 пайыз, 2001 жылы 13 пайыз, 2002 жылы бұл көрсеткіштер 9,5 пайызға жеткен. Бұл сандарды мен бекерден-бекер келтіріп отырған жоқпын. Осы бір ел тарихында өтпелі кезең деп аталатын уақыттың қиындықтарын бастарынан өткізіп, елмен бірге болып, халқын сабырлыққа, шыдамдылыққа, төзімділікке, болашаққа деген үміттерін үзбеуге шақырған әртүрлі деңгейдегі ел басқарған, жоқтан бар жасаған, қысқа жіпті ұзартқан, үзілгенді жалғаған азаматтардың еңбектерін әр кез еске алып отыруымыз керек. Атамыз қазақ «Мың қосшыға бір басшы» дегендей, сол бір жағдай тығырыққа тірелген кезде дана халқымыздың «Бірлік болса, тірлік болады» деген қағидасын бас­шылыққа алып, жұдырыққа жұмылуының ар­қасында қиындықтардың бәрін де жеңіп, бүгінгі күнге жеттік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тұралап қалған экономиканың түрлі салаларын жақсарту мақсатында Елбасының тікелей басшылығы мен халықтың мәдени-рухани өмірін, денсаулығын көтеруде «Денсаулық жылы», «Мәдениет жылы», 2003-2005 жылдары «Ауыл жылы» бағдарламалары қабылданып, пәрменді түрде жүзеге асырылып жатты. Осындай күш пен мүмкіндіктерді және халықтың ынта-жігерін көтеру мақсатында бұл бағдарламалар нәтижелі түрде жүзеге асырылды. Осындай негізі қаланған бағдарламалардың бастауы мен инвестициялық, инновациялық жобалар ел экономикасының барлық салаларына батыл еніп, ол бұл күндері ұлттық инновациялық жаңашыл Қазақстанның қуаттылығымен бәсекеге деген қабілетін арттыруда. Біз және бүгінгі аға ұрпақ қандай деңгейде қызмет атқарсақ та сол бір елдің сыналар шағында халықпен бірге болып, Елбасының саясатын, бағыт-бағдарын, халыққа жолдаған Жолдауларын іске асырудың ұйытқысы бола білдік. Ел игілігі үшін атқарған еңбегіміздің нәтижесімен мақтануға болады. Соның куәсі осы жолдар авторының Елбасымен кездесіп, сәті түскен сұхбаты болатын. 2003 жылдың сәуір айының 13-ші жұлдызында Елбасы іс-сапармен біздің облысқа келді.
Әрине Мемлекет басшысының аймаққа келуі, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды көруі, халықпен кездесуі, елдің тілегін тыңдап, атқарылып жатқан игі істерді Елбасының сөзінен тыңдау, ел азаматтары үшін үлкен ғанибет. Осы жылы Елбасының «Ауыл жылы» бағдарламасының қабылданып, жүзеге асып жатқан уақыты болатын. Мен ол кезде Бұқарбай батыр ауылының әкімі болатынмын. Елбасы сол күні тікұшақпен облыс әкімі С.Нұрғисаевпен «Құмкөл мұнай» кешенінде болып, түске таман Қараөзектегі салынып жатқан су тоспасын көріп, Қалжан ахун ауылына келді. Ауылдың шағын клубына облыстың іс басында жүрген басшылары, түрлі деңгейдегі әкімдері, іскер кәсіпкерлердің шағын тобы шақырылыпты. Нұрекең өте жақсы көңіл-күйде келді. Кездесуге келген шағын клубтың ішінде отырған азаматтармен еркін амандасып, қасына А.Есімов бар президиумға жайғасып, елдің амандығын, көңіл-күйін сұрап, ауыл жылының алғашқы басталу жылы:
«Қазақтың қаймағы бұзылмаған, бірлігі мен тірлігі жарасқан Алаштың анасы атанған Сыр еліне, оның ішінде имандылық пен ағартушылықты халықтың бойына дарытқан ислам дүниесінің өркениетін өңірге жая білген, мешіт салып, жастарды білім нәрімен сусындатқан, артында өшпейтіндей із қалдырған, оның шарапатын бүгінгі ұрпақ көріп отырған ғұлама Қалжан ахун негізін қалаған ауылға келіп, сіздермен дидарласып, сұхбаттасып «Ауыл жылын» бастаудағы істерімізге ғұлама әруағының шарапаты тисін деген тілекпен келіп отырмын» деп сөзін бастады Елбасы. Өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы облыс әкімінің хабарламасынан соң Мемлекет басшысы елдегі атқарылып жатқан және атқарылуы тиіс жұмыстардан, ішкі және сыртқы саясаттардан хабардар етіп, қойылған сауалдарға жауап беріп, сыртқа беттеді. Біз де орнымыздан тұрып, Елбасымен сәлемдесе бастадық. Нұрекең, менің төсімдегі «бейджімді» көзі шалып қалып:
– Ал ауыл әкімі жағдай қалай? – деп бірден сұрақ қойды.
Мен өзімді таныстырдым.
– Нұреке, жылдың алғашқы айында Сыр еліне келіп, өзіңіз айтқандай ғұлама Қалжан ахунның ауылына атбасын тіреп, «Ауыл жылында» басталып жатқан игі ісіңіз берекелі болсын, елге айтқан тілегіңіз қабыл болсын, – деп қос қолыммен сәлем бердім. Өзіңе де соны тілеймін, – деді Нұрекең.
– Елдің жағдайы қалай? «Ауыл жылы» қалай жүзеге асырылып жатыр? Түптеп келгенде соны жүзеге асыратын сендерсіңдер ғой», – деп әңгімеміз осылайша Нұрекеңмен жалғаса берді. Мен «Нұреке, өтпелі кезеңдегі көрген азды-көпті қиындықтарды жеңіп, артқа тастадық. Бұған дейін денсаулық, мәдениет жылдары өз нәтижесін беріп, жақсы аяқталды. «Ауыл жылы» бағдарламасын халық түсіністікпен қабылдап жүзеге асыруда. Біріншіден дедім: “Халық бұрынғыдай мені мемлекет асырайды деген масылдықтан арылып, жаппай еңбек етуге кірісті. Мал ұстап, егін егіп тіршілік жасауда. Майда шаруа қожалықтары бірігіп, серіктестіктер құруда. Елде кіші кәсіпкерлік дамып келеді. Іскер азаматтар мен инвесторлар ауылға бет бұрды, олардың арасында өзара іскерлік ахуал қалыптасуда. Мемлекет тарапынан оларға субсидия берілуде. Жанар-жағармайға, тыңайтқыштарға жеңілдік жасауда” дегенімде Елбасы сөзімді бөліп, “Оларға жасалып жатқан қолдаудың бұл басы. Егіншілерге де, мал ұстаушыларға да жеңілдетілген несие, үлкен көлемде субсидия беріледі. Шағын, орта кәсіпкерлерден салық жеңілдетіліп, олардың жұмысына кең өріс ашылатын болады. Осыны сендер өздерің түсініп, соларға жеткізіңдер. Сендер істің нақты орындалатын жерінде елдің тіршілігіне бас-көз болып жүрген, сенімге ие болған азаматсыңдар. Елдің хал-жағдайы, ахуалы, жастар тәрбиесі, тәртібі, ауызбіршілігі сендердің түсініктерің мен іс-әрекеттеріңе байланысты, осы істердің ұйытқысы бола білулерің керек» деп ақыл-кеңес берген еді.
Елбасының ақыл-кеңесі, ел қамы үшін айтылған өсиет сөздері мені қанаттандырып, бойыма күш-жігер, қайрат бергендей болды. Мен де шабыттанып: «Нұреке, халқыңыз, еліңіз сізбен бірге, біз сіздің салиқалы саясатыңызды қолдаймыз. Ел үшін жасап жатқан игі істеріңізді жүзеге асыруға аянбай еңбек етеміз» дедім. Елбасы да тілегіме риза болып, «Ал суретке түсейік» деді. Осы кезде Болат Омаралиев суретке түсіріп жатты. Елбасымен кездесудегі көтеріңкі көңіл-күйде болған біздер бірнеше рет естелік суретке түстік. Нұрекең әңгімесінің соңында: «Еліңе сәлем айт, бүгін осында ұққаныңды халқыңа жеткіз» деді. Осылайша, Елбасымен қоштасқан едім. Сол жолы Мемлекет басшысы ауылдағы жұмыстың бар­лық ауыртпалығын иықтарымен көтеріп, хал­қымен бірге жүрген ауыл әкімдеріне сужаңа автокөліктердің кілтін тапсырды. Халық игілігі үшін мініп, қызмет атқаруымызға тілектестігін білдірген еді. Елбасымен кездескендегі сұхбатымды еш­уақытта ұмытпаймын.

Рысбай КӘРІМОВ,
еңбек ардагері


01 желтоқсан 2020 ж. 181 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930