» » Сыр бойының байлығы – қызыл мия

Сыр бойының байлығы – қызыл мия

Сыр бойында жыңғыл, жиде, тораңғыл, сексеуіл, қарабарақ бұта тектес өсімдіктермен қатар, жанға шипа, дертке дауа шөп тектес өсімдіктердің де көптеген түрлері кездеседі. Ботаника ғылымында «Миялар» жүйесіне, «ASTRAGAL» сыныбына енген бірнеше түрлері біздің өңірде бар. Олар жабайы шөп тектес өсімдік болғанымен, Сыр бойының тұзды, сортаң, шөлді, ыстық аймағында өсіп-өнеді.
Сырдарияның жоғарғы және орта ағысы бойында атам заманнан бері қарай жерсінген бұл шөптің қоры өңірде баршылық. Жергілікті халықтың тілімен айтқанда, «Есек мия», «Қара мия», «Қызыл мия», т.б түрлері кездеседі.Бұл миялар аттары­ның ата­луы, өсімдіктің биоло­гия­лық, физиологиялық ерекше­лік­теріне байланысты.
Әңгіме болғалы отырған қызыл мияны ықылым заманнан жергілікті халық дәрі-шипалы қасиетін біліп, ем-домға пайдаланып келген. Бірақ өндіріске мә­дени өсімдік ретінде кірме­ген­діктен кейін күтімсіз, қа­раусыз қалып, суға бастырылып, өртеніп, жойылып кету жағдайына келген. Соңғы жыл­дары Дүниежүзілік фауна, флора қорғау қауымдастығы қызыл мияны «Қызыл кітапқа» енгізілуге жатады деп шешкен.
Қызыл мия – көпжылдық, шөп тектес өсімдік. Оның өсу деңгейі топырақтың құнар­лығына қарай 30 сантиметрден бір метрге дейін көтеріледі. Бүкіл сабағы жұмсақ түкті келеді. Тамыры көген тәрізді. Жұмыр әрі жуан, сыртқы қа­бығы қызыл қоңыр болып, тереңге созылып өседі. Дәмі тәт­ті, сабағы тік, түп жағы бұта тектес, жоғарғы жағы көп бұ­талы. Жапы­рақтары қа­рама-қарсы кезектесіп орна­ласқан, формасы жұмыртқа тәрізді, бүтін түкті. Гүлшоғыры сабақ, қолтығында көбелек сияқты көгілдір түсті келеді. Ұрығы имек қынаптың ішінде тұрады. Қынаптың сыр­ты жұмсақ, түк­шелер басып тұрады. Жылтыр қызыл мияның тамыры те­рең кеткендіктен шөл далада, таулардың құмшауытты бөк­терлерінде, жарқабақтарда ал біздің жерде дария, көл жа­ғалауларында, ылғалы мол жи­де, шеңгел өскен алқаптарда көптеп кездеседі.
Қызыл мияның тамыры дәрі, оны көктем мен күзде қа­зып алады. Ұсақ шашақ тамырларын қиып тастап, жуып тазалап кептіреді. Шикілей не­месе дәрілердің құрамына қосады. Қолқа демікпесін емдеуде бұл тамырдың алатын орны ерекше. Пісіп жетілген дәні, тәтті дәмі жағымды ке­леді. Дененің ыстығын басады. Ағзадағы зат алмасу про­цесін ретке келтіріп, бойды сергітіп, ойды жетілдіреді. Көк бауырды күшейтіп, ағза­ны әлдендіреді. Қызыл мия тамырының тұнбасы өкпені қышқылдандырып, жөтелді басады. Ентікпе ауруына бірден-бір ем. Кеудені босатып, қа­ы­­рықты түсіреді. Өкпенің сы­рылын басады.
Қызыл мияның емдік қа­сиетін жергілікті ха­лық бұ­рын­нан пайдаланған. Шығыс, Орта Азия, Тибет, Қытай елдері қызыл мияны дәрі-дәрмекке пайдалануды өн­дірістік негіз­де қолға алып келеді. Бізбен табиғаты қа­райлас қарақал­пақтар да бұл өсімдікті мә­дени түрге айналдырып, өнді­рістік жолға қойған. Ол елде қызыл мияның тамырымен шикізат есебінде зауытты қам­тамасыз ететін бірнеше арнау­лы шаруашылықтар жұ­мыс жасайды. Ал бізде енді қолға алынуда. Сондықтан жаңадан Жалағашта салынған қызыл мия зауыты толыққанды жұмыс жасау үшін бірнеше шаруашылық мамандандыры­лып, қызыл мияның тамырын өндіріп, зауытты қам­та­масыз етіп отыру керек. Мия зауыты қазіргідей қолдан қазып алған немесе сырттан тасымалданған шикізатпен толық жұмыс ат­қара алмайды. Оны қазіргі жағдай көрсетуде.
Осыған байланысты ой бөлісу мақсатында бұрынғы өндіріс жетекшісі, биолог, ғалым-агроном ретінде қолыма қалам алдым. Қызыл мия тамырын жергілікті азаматтарға қаздырып, ауыз жарымайтын пұлға сатып алу жұмыстары көптен бері етек алып келеді. Олар жабайы түрде трактордың соқасымен жыртып, күрек-кетпенмен қазып, жинап келеді. Ал енді арнайы зауыт ашылып, жер бөлініп қызыл мия өндірістік негізге қойылғаннан кейін, кешенді, мәдениетті, аг­ро­техникалық талаппен қы­зыл мияны егу, күтіп-баптау, ору, оның сабағы мен дәнін жұғымды мал азығына пайдалану, тамырын қазып алу, өңдеу жұмыстарының технологиясын жетілдіру бірінші кезекте болуы керек.
Бұрынғы жабайы дақылды, мәдени дақылдардың қатарына қосу ғылымда да, өндірісте де жаңалық болатыны сөзсіз.Қызыл мия бұршақ тәрізді өсімдіктер санатына жатады. Өсу, гүлдену дәуірінде ауадан азотты бойына жинап, тамырына сіңіретін өсімдік. Сондықтан да қы­зыл мияны ауыспалы егіс жүйе­сіне енгізіп, жерді мелио­рациялау, құнарлығын арттыру мақсатында пайдалануға бо­лады. Қазір біздің облыста бұрынғы инженерлік жү­йе­­ге келтірілген бірнеше мыңдаған гек­тар жер айналымнан шы­ғып қалды. Ол жерлерді арам­шөп, жиде, шеңгел, жың­ғыл басып жабайыланып барады. Күтімді көп тандамайтын ылғалы мол осы алқаптарға өндірістік мақсатта қызыл мия ексе болар еді. Ол үшін қызыл мия­ның дәнін, тұқымын өн­діру қажет. Тамыз айының соңғы он­күндігінде қызыл мияның қынаптағы дәні пісіп жетіледі. Осы кезде жаткамен бөлектеп орылып, дестеге түсіріледі. Толық кепкен кезде комбайнмен бастырылып, қырманға түсіріліп, шарланып тазартылады. Келесі жылдың нау­рыз айының бірінші он­күндігінде зябь тырмаланып, жағдай көтерсе, алғашқы жы­лы азот тыңайтқышын беріп, кәдімгі дән сепкісімен сеуіп, ылғалын ұстап катокпен бас­тырып тастайды. Дақыл толық көктеп шыққаннан кейін маусым айында өсу дәуірі кезінде жақсылап бір суғарады. Үш жылдан кейін тамырды қазу күздің қара суығы түсер алдында жүргізілгені дұрыс.
Бұл кезде тамыр өз бойына органикалық, минералды заттарды жинап, зат алмасу процесі тоқтайды. Қынаптағы дән тамыз айының соңғы онкүндігінде пісіп же­ті­леді. Қызыл мия бұрын-соң­ды өндірістік негізге қо­йыл­мағандықтан, оны егудің агро­техникасы іс үстінде же­тілдіріле беретін болады. Оны өмір тәжірибесі көрсетеді.
Өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында біздің өңірде кендір егу науқаны бас­талып, бір жүйеге келмей тоқтаған болатын. Сол жылдары күздік бидай егу жұмыстары да нәтижесіз аяқ­талған-ды. Облыстың оң­түс­тік өңірінде мақта, орталық аймағында қы­зылша егу қолға алынған еді. Олар­дың да өмірі ұзақ болмады. «Тәуекел деген жел қайық, өте­сің де кетесің» дегендей, қы­зыл мия – жаңа бастама. Жабайы өсімдікті жаңа мәдени өсімдік дүниесіне енгізу – үлкен ғылыми өнді­рістік эволюциялық жаңалық.
Жоғарыда айтқандай, зауыт және мия өсіретін шаруа­шы­лықтар бірігіп, мемлекеттік бағдарлама негізінде қолға алатын болса, өндіріс өз шешімін табар еді.
Рысбай КӘРІМОВ,
биолог,
бұрынғы өндіріс жетекшісі
07 қаңтар 2021 ж. 254 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930