МЕН САҒАН ЕСІРТКІ ЖАЙЛЫ АЙТЫП БЕРЕМІН
Адам денесінің жетілуі — оның денсаулығы,
егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек,
ал егер сау болмаса, онда денді сауықтыру керек.
Әбу Насыр Әл-Фараби
егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек,
ал егер сау болмаса, онда денді сауықтыру керек.
Әбу Насыр Әл-Фараби
Жан саулығы мен тән саулығының адамзатқа ұшан-теңіз пайдасы бар. Тіршілігіміздің тұтқасы болған денсаулықты сақтай білу – әрбірімізге парыз. Денсаулықсыз дүние тауып, қызық көрудің қайыры жоқ.
Саулығымызға әсер ететін зиянды факторлар да ежелден бар, қазірде де көбейіп келеді. Адамзат баласы саналы түрде денсаулығын күтуі қажет. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздегеніміз жөн болар. Денсаулығын өз қолымен құртып, дәрменсіз күйге түскендер – «есірткі» атты аждаһаның құрығына іліккендер.
Есірткі – қазіргі уақытта белең алған психикалық дерт, талай жас ғұмырды жалмаған жалын. Тыйым салынған бұл химиялық улағышқа жастар тәуелді болып қалуда. Негізгі себеп – жасөспірім кезеңде кез келген жаман-жақсыны қабылдап алуға даяр саналарында еліктеушіліктің басым болуынан. Бір көрсем, ештеңе етпеске салынып, өмір бойы тажалға тап болғандығын білмей қалған жас жандардың күйініші баршамызға қасірет.
Жастар арасында есірткі пайдаланып, «беделге ие боламын» деген жаңсақ пікір де кездеседі. Жоқ, құрметті жас ұрпақ! Мүлде олай емес! Ессіздікке апаратын ащы есірткі ешқайсымызға бедел де, пайда да әкелмейді.
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық,
Аздырар адам баласын, – деп, ұлы Абай айтпақшы, жұмыссыздық, бос уақытты тиімді қолдана алмайтындықтан да зиянды әрекеттерге апарып соқтырады. Қазіргі жаһандану дәуірінде үйге қажетті технологиялардың барлығы да қол жетімді болды. «Дайын асқа тік қасық болып», ұялы телефонға телміріп отырғанымыз. Бос уақытын мақсатсыз жұмсайтын еліктегіш жанның ермегі - ұялы телефон. Онда беріліп жатқан сан мың хабар түрлі тақырыпта. Еліктіріп әкететін «кейбір ессіздердің есірткіні дүниенің рахатындай» көрсетіп қоюы - құрықтың бір түрі. Жалған жарнамаға алданатын да жастар.
Ғалымдардың зерттеуінше, есірткі орталық жүйке жүйесін тежеу арқылы әсер ете отырып, мидың нейрондарының арасындағы байланыстарды үзеді, нерв жүйесінің электр сигналдарын өткізу қабілетін бұзады екен. Есірткі қолданған, оның құрығынан шыға алмаған жігерсіз жандар көп. Нашақордан денсаулығы нашар ұрпақ тарайды, ұрпақ бұзылса, ұлт бұзылады. Елдің ертеңі үшін жастық шағымызда зиянды заттардан аулақ болып, әсіресе есірткіден аулақ болсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Осыған орай, сөз ұғар қауымға өз үнімді өлеңмен жеткізгім келеді.
Жалмап талай өмірді,
Есірткі естен тандырды.
Құрығы ұзын тажалмен
Жастар талай алданды.
Нашақор ұрпақ көбейсе,
Туады содан тексіздік.
Аулақ бол, қазақ, сақтанғын,
Зиянын оның кеш білдік.
Астында бейбіт аспанның,
Саулығы жақсы жас жанның.
Қазақтың болашағы тек
Қолында біздің жастардың.
Нұрсая ЕРМАНҚЫЗЫ,
Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы
Мардан Байділдаев атындағы №232 орта мектептің 8«б» сынып оқушысы
# УПНДПКЗО
Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы
Мардан Байділдаев атындағы №232 орта мектептің 8«б» сынып оқушысы
# УПНДПКЗО