Ұлттық спорт – ұлт қуаты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнап жариялаған Жолдауында «бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?» деп мектеп оқушыларының ой-өрісін жетілдіріп, жаңғыртып, түрлі бағытта оларға тәлім-тәрбие беру керектігін атап көрсеткен болатын. Ал Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» дей келе, табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керектігін, жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт екеніне тоқталды. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді емес пе?
Расында бүгінгі жастардың мемлекет қамын ойлайтын ертеңгі ел ағалары екенін ескерсек, олардың азаматтық санасы бүгіннен бастап ұлттық болмыспен ұштаса дамуы керек. Осы мақсатты іске асыру үшін ұлттық мәдени мұраның озық үлгілерінің бірі болып табылатын ұлттық ойындарды орта мектеп бағдарламасына енгізу мәселесі көптен назарда жүрген болатын. Биылдан бастап орта мектептерде «Қазақ күресі», «Тоғызқұмалақ», «Асық ату» бойынша міндетті сабақ өткізу әдістемесі әзірленіп жатқаны шынында құптарлық дүние. Бұл жөнінде Премьер-Министр Асқар Мамин «Балалардың денсаулығы мен тәлім-тәрбиесіне ұлттық спорт түрлерінен сабақ өткізу де оң әсерін тигізбек. Қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі «Қазақ күресі», «Тоғызқұмалақ», «Асық атуды» алдағы уақытта дене шынықтыру бойынша мектеп бағдарламасына қосу және міндетті сабақ ретінде өткізу үшін әдістеме әзірлеп жатыр» деп баяндады.
Бұл міндет дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне жүктелмек. Үкімет басшысының атап өтуінше, Білім және ғылым министрлігі дене шынықтыру мұғалімдерінің біліктілігін арттыру жұмысын жолға қойған. «Өткен жылы 447 дене шынықтыру мұғалімі біліктілік арттыру курсынан өтті. Ал биыл 2 мыңнан астам педагогты қайта даярлау көзделіп отыр. Сонымен қатар 2021 жылдың қаңтарынан сабақтан тыс спорт үйірмелерін өткізгені үшін дене шынықтыру мұғалімдеріне базалық лауазымдық жалақының 100 пайызы мөлшерінде үстемеақы төлеу енгізілді. Үстемеақы дене шынықтыру мұғалімдерін білім беру ұйымдарында секциялар ашуға ынталандыратын болады» деді Премьер-Министр.
Айта кетейік, ұлттық ойындардың ішіндегі біз үшін аса танымалы – асық ойыны. Ол – қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойындарының ең қызықты, әрі кең тараған түрі. Сондықтан ғасыр бойы халықтың зердесінде сақталып келген осы бір қызықты ойынды өскелең ұрпақты тәрбиелеудің тиімді құралы ретінде ұтымды пайдаланған жөн. Асық ойынын 3-4 жастағы баладан қарияға дейін ойнай алады. Асық ойнаған бала жылдамдық пен ептілікті, шыдамдылық пен сабырлықты, тәртіп пен мергендікті жастайынан санасына сіңіреді. Ол ойын бола ма, әдет-ғұрып, салт-дәстүр бола ма, бәрі де адамның өзінің өскен ортасына сай, жан-жақты жетілген азамат болуына көмектеседі. Біріншіден, ол достық пен сыйластыққа, бірін-бірі қадірлеуге, ұйымшылдыққа, тәртіпке үйретсе, екіншіден көз мергендігіне, қол мергендігіне үйреткен.
Халықтық педагогиканың ең бір көне тиімді құралдарының біріне «Қазақ күресі», «Тоғызқұмалақ», «Асық ату» жатады. Ойын арқылы бала қоршаған ортаны өз бетінше зерделейді. Сөйтіп, өзінің өмірден байқағандарын іске асырып, адамдардың іс-әрекетіне еліктейді. Соның нәтижесінде өзі көрген жағдайларды отбасылық тұрмыс пен қызмет түрлерін жаңғыртады. Ойын дегеніміз – адамның ақыл-ойын дамытатын, қызықтыра отырып ойдан-ойға жетелейтін, тынысы кең, алысқа меңзейтін, қиял мен қанат бітіретін ғажайып нәрсе. Демек, шәкірттің ақыл-ойы, парасаты ұлттық салт-сананы сіңіру арқылы жетіле түседі. Мамандар оқу үрдісінде ұлттық ойын элементтерін пайдалану сабақтың тақырыбы мен мазмұнына сай алынатынын, сонда ғана оның танымдық, тәрбиелік маңызы арта түсетінін қаперге салуда. Шынында ойынның тәрбиелік маңызы зор. Ол бабаларымыздың асыл қазыналарына деген көзқарасын құрметтеуге, сөз әсемдігін сезінуге үйретеді. Халқымыздың ұлы перзенті, аса көрнекті жазушы М.Әуезов «Біздің халқымыздың өмір кешкен ұзақ жылдарында өздері қызықтаған алуан өнері бар ғой. Ойын деген менің түсінуімше көңіл көтеру, жұрттың көзін қуантып, көңілін шаттандыру ғана емес, ойынның өзінше бір ерекше мағыналары болған» деп тегін айтпаса керек. М.Жұмабаев ойындарды халық мәдениетінен бастау алар қайнар көзі, ойлау қабілетінің өсу қажеттілігі, тілдің, дене шынықтыру тәрбиесінің негізгі элементі деп тұжырымдайды. Кеңес Одағы кезіндегі ұлттық ойындардың маңызы мен қажеттілігін көрегендікпен қарастырған ғалым Б.Төтенаев «Қазақтың ұлттық ойындары» атты еңбегінде қазақ ойындарын бірнеше топқа бөліп, ойын шарттарын жазып, жастар үшін тәрбиелік мәнін зерделеп, ойын білдірген. Сабақта және тәрбиеде ұлттық ойынды ұтымды пайдаланса, алдымен еңбекке баулу және дене шынықтыру пәндерінде оқушылардың өз бетімен жұмыс жасау дағдыларын қалыптастыру шарттары теориялық тұрғыдан негізделсе, онда оқушылардың білімге деген құштарлығын арттыруға және халықтың асыл мұрасын бойына сіңіріп, ұлттық сананы қалыптастыруға болады» деп ұтымды зерттеулер жасаған. Міне, қазақтың ұлттық ойынының сабақ кестесіне енуінің маңызын өткен ғасырдың өзінде ойшыл азаматтар, ғұлама жазушылар өз еңбектерінде талдап, түсіндіріп кеткен. Ұлттық сананы сауықтыратын ойындар оқушылардың міндетті оқу процесіне енсе, одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Себебі ойын – ұлттық педагогиканың ажырамас бөлігі.
Біздің Жалағаш ауданындағы білім мекемелерінде де балаларды ұлттық рухта тәрбиелеуге атсалысып, ұстаздар бұл бағытта жұмыла жұмыс жасайтын болады.
Жасұлан Еспенбет,
аудан әкімінің орынбасары