МАҚСАТ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҚАДІРІН ҰҒЫНДЫРУ
Тәуелсіздік тарихы жас ұрпақтың жадын жаңғыртып, танымын кеңейте түсуі тиіс. Биыл тәуелсіздігімізге 30 жыл толды. Бұл аз да, көп те уақыт емес. Осы жылдар ішінде елімізде қаншама өзгерістер мен саяси-экономикалық жаңғырулар болып, халық рухани тұрғыда толысты. Егеменді Қазақстан әр кезеңдегі жетістігі арқылы жан-жақты дамып, алға қадам басты. Енді ең бастысы кешегі ата-бабамыз аңсап өткен азаттықтың қадірін кейінгі буын білуі, тәуелсіз елде ғұмыр кешіп жатқанын сезінуі тиіс. Сол үшін оларға тәуелсіздік жайында айтудан, түсіндіруден жалықпауымыз керек. Ол – біздің басты міндетіміз. Өйткені тәуелсіз елдің ертеңгі болашағы – бүгінгі жас бүлдіршіндер.
Апта басында «Nur Otan» партиясы Жалағаш аудандық филиалы мен «Дарын» және «Мәдени мұра» бастауыш партия ұйымдарының бірлесіп ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік – тұғырым» атты бастауыш сынып оқушылары арасында оқу сайысы өткізілді. Еліміздегі карантиндік шектеулерге байланысты мектеп оқушылары арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, баланың кітапқа деген қызығушылығын арттыру және оларды сауатты әрі жүргізіп оқуға үйрету мақсатында онлайн форматта өткізілген шараны «Nur Otan» партиясы Жалағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева ашып, жүргізіп отырды.
Аудан мектептерінен барлығы жиырма оқушы қатысқан сайысқа ардагер ұстаздар Гүлдерай Пірімжанова, Жұмакүл Ерғазиева және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Бибәсия Дүйсенбиева, аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің қызметкері Қуат Адис қазылық етті. Байқаудың ережесіне сәйкес қазылар алқасы балалардың жүргізіп оқудағы бір-бірінен ерекшеліктерін сол жерде берілген тәуелсіздік тақырбындағы әртүрлі мәтінді бір минут ішінде оқыған сөздері арқылы бағалап, жеңімпазды анықтады.
Әрине мақсат – тек сыдыртып, жылдам оқып шығу ғана емес, тыныс белгілеріне тоқтап, аталған тақырыптағы мәтінді түсіну, тәуелсіздіктің мәнін ұғыну. Сонымен сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Аққыр аулындағы №188 орта мектеп оқушысы Дарья Қойтбай жеңіп алса, І орынмен Шекер Ермағанбетова атындағы №246 орта мектеп оқушысы Шұғыла Сейітқасын және Әл-Фараби атындағы №201 мектеп лицей оқушысы Ердан Азиз, ІІ орынмен №33 орта мектеп оқушысы Тынымбек Ақсұлтан, №114 орта мектеп оқушысы Айару Ахет және Зейнулла Жарқынбаев атындағы №202 орта мектеп оқушысы Інжу Сұлтанханқызы, ал ІІІ орынмен №203 орта мектеп оқушысы Нұрәлі Берікұлы, №116 орта мектеп оқушысы Оңдасын Ерхан және №122 орта мектеп оқушысы Балнұр Ерболқызы марапатталды.
Сайыс соңында әрбір қатысушы «Nur Otan» партиясы Жалағаш аудандық филиалының алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен бірге балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында Жалағаш аудандық мәслихатының депутаты Қайрат Досымов қаржылай демеушілік жасап, сайысқа қатысушыларға қазақ халық ертегілері мен балаларға арналған қызықты кітаптарды сыйға тартты.
– Біз еліміздің ертеңін ойлсақ, ең алдымен балалардың бүгінгі бағытын бақылауымыз керек. Осы өткізіліп отырған шараның негізгі мақсаты да сол. Тәуелсіз елде бақытты, бейбіт өмір сүріп келе жатқан жас ұрпаққа тәуелсіздіктің қадір-қасиетін, біздің халқымызға азаттықтың қандай қиындықпен келгенін ұғындырып, олардың жүрегінен елжандылық сезімін оятып, бойларына патриоттық рух қалыптастыруға тиіспіз. Мен бүгінгі сайысқа қатысқан оқушыларды дайындаған барша мұғалімге алғыс білдіремін. Бүгінгі сыйға тартылып отырған кітаптарды алдағы күндері оқушылармен бірге отырып талқылайтын боламыз, – деді сайысты қорытындылаған Қаншагүл Шоңмұрынқызы.
Қуат АХЕТОВ