САУАПТЫҢ ЕҢ ҮЛКЕНІ – ТАЗА НИЕТ

Осыдан бірер жыл бұрын Арыста болған жарылыс салдарынан үйсіз-күйсіз қиын жағдайда қалған қала тұрғындарына Қазақстанның әр өңірінен көмек жіберілді. Біздің облыстан да көмек керуені жетті. Көрші отырып, қол созбағанымыз жарамас деп, Қызылордадағы қалың ел арнайы құрылған қайырымдылық қорына қалтасындағы бар ақшасын салды. Әрине көбі мұсылманға тән шын көңілімен, жанашырлық ниетімен хал-қадірінше қаржылай, заттай көмектерін беріп, аянып қалмады. «Көп түкірсе көл болады». Оған әлеуметтік желінің де көп ықпалы болды. Күні-түні «Алланың разылығы үшін Арысқа көмек берейік» деген жазбалар фейзбук бетінде қаптап кетті. Бірақ кейін сол жандардың кейбіреуінің «Қақсап қоймаған соң қалтамдағы соңғы ақшамды Арысқа беріп, өзім ақшасыз қалдым» деген әңгімелерін де естідік...
Осы күндері дүкендерге кірсеңіз де, вокзалдарға барсаңыз да, басқа да адам көп жиналатын көпшілік орындарға бас сұға қалсаңыз да алдыңыздан садақа жәшігі шығады және оның сыртына «садақа беру мың бір бәледен құтқарады», «тұрмыстық мәселелеріңді шешеді» деген сипаттағы сөздер жазылады. Дұрыс, діни тұрғыдан да, қазақы ұғымға салсақ та жетім-жесірлерге, мұқтаж адамдарға берілген садақаның сауабы мол. Алайда бұрын садақа салатын жәшік тек мешіттерде тұрмаушы ма еді?! Садақа да әр адамның еркімен, шын ниетімен берілуі тиіс емес пе еді?! Ендеше неге демократиялы зайырлы құқықтық мемлекет саналатын біздің елімізде садақа жәшіктері мешіттен шығып, дүкендерді аралап кеткен? Жарайды, сауап үшін қойылды делік. Басқа жерлерді айтпағанда, дүкендердегі осы садақа жәшіктеріне көп адам өз жағдайларына қарай ақша салып жатады. Таяуда бір ауылда тұратын танитын жеңгем маған телефон соғып, қарызға ақша сұрады. Ауылға қайтатын жолпұлы жоқ екен. Автовокзалға апарып бердім. Ұялып тұрып мән-жайды айтты. Таңертеңгілік ауылдан келген. Ай сайын әлеуметтік көмек ретінде балаларына берілетін ақшасы түскен соң азық-түлік алмақшы болып дүкенге кіреді. Өзі мардымсыз қаражатқа қажетті заттарын там-тұмдап алып, есептесуге келген жеңгеміздің кассада тұрған әлгі садақа жәшігіне көзі түседі. Сыртындағы жазуды оқиды. Тұрмыс тауқыметінен әбден титықтаған, күйеуі бірнеше жылдан бері төсек тартып жатқан ауыл әйелі ойланбастан қалтасындағы соңғы 500 теңгесін жәшікке сүңгітіп жібереді. Шыққан соң ғана ол ақшаның жолпұлға деп алып қалғаны есіне түседі. «Қай күні де ақшам болмай, осы баланың көлігіне қарызға мініп едім, тағы айтуға ұялып, өзімсініп саған хабарласқан түрім ғой. Ендігі ақшамды алуға келгенде міндетті түрде қайтарамын» деді. Мен ол ақшаның қарыз емес екенін ескерттім жеңгеме. Бірақ бәрібір ол кісінің көңілінде мен берген ақша қарыз болып қалады ғой. Көрдіңіз бе, садақа жәшігіне соңғы ақшасын салып, өзі біреуден қарызға ақша алды. Мен жеңгеме «Бұдан кейін шын көңіліңмен беретініңді мешітке барып бер немесе ауылыңдағы өзіңнен де жағдайы төмен отбасыларға бер» дедім.
Рас қой, шариғатта да қайырымдылықты, садақаны тек қаржылай, заттай беру керек деп айтпайды және міндеттемейді. Шын жанашырлықпен жетімнің басынан сипап, жылы сөз айтқанның өзі садақа. Сондықтан есі дұрыс, қол аяғы сау мұсылман баласы ең алдымен өзін, отбасын қамтамасыз етіп, бауырларына, туған-туысына беріп, содан соң ғана қайманаға қайырым қылғаны дұрыс. Жалпы қазірде сол садақа жәшіктеріне қатысты осындай жағдайлар көптеп кездеседі. Алып-қашпа қауесет те көп. Бірақ халық арасында желдей есіп жүрген ол әңгімелерге қасиетті Рамазан айында құлақ түрмей-ақ қойғанымыз абзал. Алайда садақа жәшіктерінің мешіттен бөлек, көпшілік жиналатын орындарға қойылуы қаншалықты заңға сәйкес келеді және осыны қадағалап отырған құзырлы орындар бар ма?
Сауаптың үлкен-кішісі болмайды. Сауаптың үлкені – таза ниет. Қазірде жарияға жар салмай-ақ жақсылық жасап жүрген азаматтар көп. Барлық өңірде мамыр айында әр жылғы мектеп түлектері туған жерінде бас қосатын үрдіс бар ғой. Осыдан екі жыл бұрын «25 жылдыққа» жиналған түлектер өмірден өткен ұстаздары мен құрдастарының рухына құран бағыштауға аудан орталығындағы «Иманқұл» мешітіне барады. Сол күн жұмаға тұспа-тұс келсе керек, жиналған жамағаттың көбі ішке симай жұма намазын сыртта тұрып оқиды. Түлектер кездесуіне арнайы Алматыдан келген Ақсу ауылының тумасы Ерлан Сағынбаев деген бауырымыз әлгі көрініске куә болып, мән-жайды ұғынған соң ертесіне аудан әкіміне жолығады. Не керек, аудан басшысының келісімін алып, ақсақалдармен кездесіп, кеңесіп, өз қаржысына аудан орталығынан 900 орындық жаңа мешіт және оның жанынан діни рәсімдер өткізетін 350 орындық асхана салып беретін болады.
Екі жыл бойы құрылысы қарқынды жүрген сол жаңа мешіт жақында ашылып, осы өңірдегі иісі мұсылман баласын қатты қуантты. Бұны ауданымыздағы, тіпті аймақтағы сәулеті келіскен зәулім мешіттердің бірі десе болады. Айта кетейік, мешіт құрылысының демеушісі Ерлан Сағынбаев азуын айға білеген алпауыт компаниялардың иесі емес, бар болғаны қатардағы кәсіпкер ғана. Солай бола тұрса да, ешкімнің ықпалынсыз-ақ, жалаулатып жарнама жасамай-ақ, «сауап жасайық» деп дабыра қылып жұрттан ақша жинамай-ақ өз қалтасынан 300 миллион теңге қаржы шығарып, ниетін жария етпей-ақ үнсіз ғана сауабы мол, игілікті іс тындырды. Міне, туған жеріңе деген жақсылық, Алланың разылығы үшін сауап іс осылай жасалауы керек шығар.
Осы орайда тоқсаныншы жылдарға дейін қойма болып келген ескі «Иманқұл» мешітін қайта жаңғыртып, Алланың үйіне айналдырған қоғам қайраткері Қожахмет Баймаханов ағамыздың да еңбегін айта кеткеніміз жөн.
Қуат АДИС