» » Махаббат жасқа қарамайды

Махаббат жасқа қарамайды

Бұдан бірнеше жыл бұрынғы оқиға көз алдымнан кетер емес. Қолыма қалам ұстатқан да осы көрініс. Жүйіткіген пойыз доңғалақтары қиялыма қанат бітіріп, түрлі ой жетегінде қыран құстай самғап келемін. Не деген ұзақ жол еді. Оның үстіне купенің үстіңгі қабатында ұйықтап жатқан қарт кісінің қорылы да ұйқымның сәнін бұзды. Бір кезде зулап келе жатқан жүйрік көлігіміз ентігін басып ыңырана тоқтап, бірен-саран жолаушылар ішке ене бастады. Сауысқаннан сақ сергектігім осындайда жаныма маза берер емес. Кірпік қақпай жатырмын. Бір кезде біздің есігіміз ептеп ашылып, ер жігіт пен әйел ішке кіріп, заттарын қойып, орналасып жатты. Әңгімесіне қарағанда екеуі бір үйдің адамы секілді. Маған қарсы беттегі қатар орынға жайғасты. Лезде жым-жырт тыныштық орнады.

Түн баласы көз ілмей ұзақ жатқаннан ба, таңға жақын тас боп ұйықтап қалыппын. Көзімді ашсам, талтүс болған. Кешегі түнде мінген жолсеріктерім шайды сораптап отыр екен. Мен де тұрып жуынып, өзімді ретке келтіріп, ол кісілермен жылы амандасып, орныма отырдым. Бір кезде «Шайға келіңіз» деді келіншек сәл жымиып. Әйелдің мінезі ақжарқын, ашық екені көрініп тұр. Мені де әңгімеге тартып, оны-мұны сұрап сыр тартып жатыр. Мен де сөзге көп ынталы болмаған соң, диалог онша өрби қоймады. Бір кезде келіншектің қасындағы жігіт сыртқа беттеді. Сол мүмкіндікті пайдаланғысы келген болуы керек, әлгі әйел әй-шәй жоқ маған «Менің қасымдағы жігітті кім деп ойладыңыз?» деді жұлып алғандай. Тысқа шығып кеткен әлгі жігіт естіп қоймасын дегендей сыбырлап сөйледі. Мен де бетім бүлк етпей «жақын інілерің бе?» деп қарсы сауал тастадым. Әйел маған шамданып, жақтырмай қарады да «Ол менің байым» деді шімірікпестен, дауысын қатайтып. Жаңағы әдептіліктің ізі де жоқ. «Менен 12 жас кіші. Жас алшақтығымыз қатты сезіле ме?» деп түсі сұрланып сала берді. Жаңа ғана екеуміздің арамызда өрбіген жылы сыйластық нілдей бұзылды. Сөйтем дегенше жас күйеу қайта оралды. Өлі тыныштық тағы орнады. Келіншектің мені жақтырмай отырғанын сезіп, мен де сөйлеудің ретін таппадым. Қайта орныма жайғасып, қолыма Фариза апамның жыр кітабын алып, өлең өлкесіне бір мезгіл сапар шектім.

Иә, шынында қазір өзінен жасы үлкен әпкелерімен отау тігіп, жас алшақтығына қарамай, махаббат отын маздатып жатқандардың қатары күн санап өсіп келеді. Бұл жайтты күнделікті өмірде көп кездестіріп жүрміз. Өзіміздің араласып жүрген таныстарымыздың арасында да осы құбылыс көбейді. Әрине, әр адамның көзқарасы бұл жөнінде әрқилы. Сонау ресейлік жұлдыздарға еліктеп осы әрекетті бойға сіңірдік пе, әлде «дайын асқа тік қасық» болып өз жағдайын түзеген қалыңдық табуды жөн көрдік пе? Шынымен жүрек қалауы ма? Оны дөп басып айту қиын. Бірақ біздің қазақтың дәстүрінде бұрын ағасы өлсе, жасына қарамай оған жеңгесін қосқан. Бұл – «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» деген қазақтың қаймағы бұзылмаған ескі әдет-ғұрпы. Қайнысы жас мөлшері қаншама кіші болса да, ағасынан аманатқа қалған жеңгесі мен оның балаларына иелік еткен. Бұл ата дәстүрді қазақ халқы құп көрген. Ал қазіргідей «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда бойында қан ойнаған өндірдей жігіттер неге өзінен көп үлкен арулармен некелесіп жатыр? Бұл – ел көкейіндегі көп жұмбақтың бірі. Зерттеп көргенімізде олардың ішінде шиеленіскен шырмауықтай тағдыр тәлкегіне ұшырап жатқандары да бар болып шықты. Өзінен 6 жас үлкен келіншекке үйленген кейіпкеріміз жан сырын жайып салды. «Мен ол кезде әскерден енді келген болатынмын. Қалада жұмыс табу қиын. Достарымды жағалап жүріп бір кафеге бармен болып орналастым. Даңғаза әуен, ойын-сауық, тамақты жібітетін салқын сыра әскери тәртіптің қатаң сынынан өткен сарбазды лезде өзіне тартып, керемет әсерге бөледі. Сол кезде өзімді сондай бақытты сезіндім. Қанша дегенмен еркіндік тепсе темір үзетін жігітті сиқырлы сырымен елітіп әкетті. Кафенің иесі дөңгелек жүзді, көздері тостағандай қара торы, келісті келіншек болып шықты. Бір-бірімізді іштей ұнатып жүрсек те, біразға дейін тіл табыса алмадық. Мен де «ғашығым» қожайын болғасын жүрек дүрс-дүрс соғып, алғашында сескеніп жүрдім. Бір күндері туған күн, мерейтойлар жиілеп, жақын араласудың оңтайлы сәті келді. Сол күн әлі есімнен кетпейді. Біз оңаша қалдық. Әйтеуір айтып айтпай не керек, махаббат майданы басталып кетті. Ыстық-суығымыз басылмай, бір-бірімізге бауыр баса бастадық. Сөйтіп жүргенде оның аяғы ауыр екенін білдім. Енді сүйіктімнің әке-шешесі біздің өмірімізге араласа бастады. Ақыры ол босанбай тұрып, оған үйлендім. Жұбайым заңды некеге тұрғысы келмеді. Шариғат бойынша мешітке барып неке қидырдық. Көптен күткен сәбиіміз өмірге келді. Махаббатымыз нәрестемізбен нығая ма деп жүрсем, қайта ушығып кетті. Ол үлкендігіне басып, ақыл айта бастады. Әке-шешесі байлығына мастанып, өздерін жоғары ұстады. Әйтеуір жұлдызымыз жанбай қойды. Осылайша, жұбайлық өміріміздің тас-талқаны шықты. Қазір өзімнен жасы үлкен адамға үйленгеніме қатты өкінемін. Не болса да өзіңмен қатар немесе кіші қызбен жұп құрған дұрыс екен. Қазір өзім ажырасқан жігіттер қатарындамын. Қыздар маған «Бұрын неге ажырасты екен?» деп күдікпен қарайтынын сеземін. Бұл әрине тағдырдың талқысы болар. Ешкім өзінің алдынан не күтіп тұрғанынан бейхабар ғой. Мен секілді у ішпесін деп өз пікірімді білдіріп отырмын» дейді отызға тақап қалған жігіт.
Шынында абайсызда торға түскен торғайдай болып жүрген осындай азаматтарды көргенде, «әттеген-ай» дейсің. Дүниеге келген сәбидің не жазығы бар? Ол ананың мейірімін көргенмен, әкенің тәрбиесінің орны бөлек қой. Оны жүз мектеп бере алмайды деп ән салып жүрген жоқпыз ба? Баланы тірі жетім қылып, жаутаңдату оңай деймісің? Кім-кімге болсын сабақ алатын дүние.
Ал өнер жұлдызы әнші Кенжебек Жанабіл болса:
Махаббат жасқа қарамайды,
Сезім ескертпей жаралайды.
Ал сүйген жүрек қаламайды
Үндемей қалуды.
Сүймейтін жан болмайды,
Білгендер таң қалмайды,
Әр адам армандайды, бақытын табуды, – деп әндетіп, өне бойыңды балқытып, сезімге ерік береді. Осы өлеңнің дәлеліндей өмірлік серігін өзінен жасы әжептәуір кіші азаматтардан тапқан Мәдина Сәдуақасова, Мереке Бауыржанқызы және өзге де жұлдыздардың пікірі мүлде бөлек. Қазақтың өнерлі қыздары өздерінің бұл қадамына өкінбейді. Қайта өздерін бақыттылар қатарына жатқызады. Осы мәселеге қатысты өзінен алты жас кіші жігітке тұрмысқа шыққан жайдарманшы Мереке Бауыржанқызы да пікір білдірген.
«Шынымен мықты жігіт табу қиын. Мен көбінесе жігіттердің мінезіне қараймын. Маған көп сөйлейтін, өзінше бір күлдіргісі келетін, дабырлап қалған жігіттер ұнамайды. Күйеуімді басында «кіп-кішкентай бала ғой» деп өзім айтып алдым да, бірақ ойлап қарасам, істеп жатқан істері, айтып жатқан сөздерінің барлығы салмақты. Өте ақылды әрі сабырлы. Бір сөзді жігіт. Қосылғаныма еш өкінбеймін» дейді ол.

Бұл мәселеге қатысты қоғамда түрлі пікір қалыптасқан. Олардың бірі бұл махаббаттың белгісі екенін айтса, екіншілері еркектердің жауапкершіліктен қашып, дайын нәрсеге қол жеткізуге тырысуы дейді. Ал ақжаулықты аналардың пайымы мүлде басқаша. Қала тұрғыны, алтын алқа иегері Тынымкүл Асқарова жанұяда жігіттің жасы қыз баладан үлкен болған дұрыс дейді. «Қазір қоғамда ажырасу жиілеп кетті. Мен негізі қыздардың өзінен жасы кіші жігітпен отау құрғанын қаламаймын. Ажырасудың да көпшілігі сондай сәтсіз жұптан шығады. Әсіресе әншілер, әртістердің арасында ұлттық ұстанымға жат құбылыс көп кездеседі. Қазақта «Тең-теңімен, тезек қабымен» деген сөз бекер айтылмаған. Әйел ер адамға қарағанда тез қартаяды. Басқа қызға көз салу осыдан шығады. Мен мұндайға жол бермес едім. Үлкендер жағы осы жағдайға тосқауыл қойып, қарсы болуы керек. Жастың ара салмағы көзге ұрып тұрады. Ерлі зайыптылар екеуара сөзге келіп қалса, әйелі «мен сенен бір көйлек болса да бұрын тоздырғанмын» деп жатса, ерсілігі сонда білінеді» дейді ол.

Сабыры сары алтындай қазақтың басына қандай нәубет түспеді дейсің. Сол кезде ақырын төзіммен күтіп, тосын қылыққа бой алдырмаған. Бозбалалықпен бозда ойнап жүрген босбелбеу жігіттер қалталы арулардың байлығына қызығып, өрімдей өз тағдырымен ойнап жатса әрине, ол – қасірет. Ұрпаққа да, ұлтқа да сын сәт туды дей бер. Ал, қазақ қызының бағын ашамын деп байлам жасап, осындай тәуекелге тәубе қылып, мойымасқа мойын ұсынса оның ешбір айыбы жоқ. Намысымен нар идіріп, қазақ қызының мәртебесін аяқасты етпеген ондай азаматтарды мақтан тұтамыз, әрине. Тек келісіп шаңырақ көтеріп, жұптасып отау құрған ерлі-зайыптылардың ақыл таразысы тең түсуін тілейік. Өзге жарылқауды Жаратқаннан сұрадық.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

27 сәуір 2021 ж. 412 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930