» » ӘДЕП ОЙЫМЫЗДА ЕМЕС, БОЙЫМЫЗДА БОЛУЫ ТИІС

ӘДЕП ОЙЫМЫЗДА ЕМЕС, БОЙЫМЫЗДА БОЛУЫ ТИІС

Қоғамдық қарым-қатынас нормаларының барлығы әдепке байлаулы. Яғни, адамдардың саяси, тілдік, рухани қарым-қатынастарында әдеп маңызды роль атқаруы тиіс. Әдеп – біздің ұлттық болмысымыздың бір бөлшегіне айналып кеткен. Қазақ халқының қанындағы қасиеттің бірі де осы әдеп. Сондықтан біздің ұлттық тәрбиеміздің бастауында тұрған әдеп, қазіргі мемлекеттік қызметшілердің бойынан да табылуы тиіс. Өйткені мемлекеттік қызметшілер аты айтып тұрғандай, халыққа қызмет көрсетіп, қалың бұқараның алдында үлгі болып жүретін тұлғалар. Бұл – талап. Елімізде 2016 жылдан бастап Елбасының «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қыметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы қолданысқа еніп, Әдеп кодексі мен Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ереже бекітілді. Мемлекеттік қызметшілердің бітімі, білім-білігі, мінез-құлқы, іс-әрекеті, сөйлеу мәнері, халықпен байланысы, айналасымен қарым-қатынасы, қысқасы, бүтін болмысы сол ережеге сәйкес болуы шарт.

Әйтсе де, мемлекеттік қызметшілерден ең алдымен халықтың талап ететіні – адалдық, елжандылық мінез. Моральдық-адамгершілік қағидаларын белден басып, мемлекет мүлкіне немесе халық қазынасына зиян келтірген, қызметтік лауазымын асыра пайдаланып, қол астындағы қызметкерлердің құқын аяққа таптаған, өз жеке мүддесі үшін антынан айнып, адалдық жолынан тайған мемлекеттік қызметшілер бар. Әрине, олардың ондай теріс әрекеттері өз кезегінде мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігінің әдеп жөніндегі кеңесінде қаралып, шара көріліп келеді. Алайда, бұл мәселенің түйіні тек ескертулер беріліп, шаралар көрумен шешілмейтіні белгілі. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметішінің бойында да, ойында да Әдеп кодексінің талаптарынан бөлек, өзін өзі ұдайы тәрбиелеп, жан-жақты жетілдіріп отыратын қуатты рухани күш болуы керек секілді. Өйткені, кім рухани толық адам болса, онда ол қоғамдағы, өз ортасындағы орнын, бағасын білетін адам. Ал, өз бағасын білетін адам өзгенің де талап-тілектерін ескеріп, олардың ортақ мүддені көздеген орамды ойларымен санасып, құқықтарына құрметпен қарайтыны сөзсіз. Өкінішке орай бүгінде, мемлекеттік қызметшілердің ішінде Әдеп кодексінің ережелерін білгенімен, оған бағынбайтын лауазымды тұлғалар бар. Оған себеп, жоғарыда айтып өттік, мемлекеттік қызметке келген адамның әдепті белден басып, өзін-өзі бақылаудан шығарып алуы.  
   
Қысқасы, сөзіміздің басында айтқан біздің ұлттық кодымыздың бір таңбасына айналып кеткен Әдеп ұғымы мемлекеттік қызметшілердің тек қажетті кезінде кітаптан оқып алатын жаттанды, жалаң сөзіне айналып кетпей, өмір бойы бойынан табылуы тиіс басты қасиеті болып қалыптасуы керек. Біз сонда ғана өркениетті елдердің көшіне ілесіп, ашық айдында кемелді келешекке желкен кереміз.
                                                                                             
  Мадина ТҰРСЫНБАЕВА,
                                                                                                         Жалағаш аудандық қазынашылық
                                                                                        басқармасының бас маман бас-қазынашысы
ӘДЕП НОРМАЛАРЫН САҚТАУ – БАСТЫ МІНДЕТ
27 мамыр 2021 ж. 269 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930