ОҚҚА БАЙЛАНҒАН ҒҰМЫРЛАР МЕН ТЕМІР ТОРДАҒЫ ТАҒДЫРЛАР
Қазақ көрген зұлматтың шет-шегі жоқ. Жер үшін, ел үшін болған қантөгіс соғыстар мен қолдан жасалған ашаршылық нәубетінен бөлек миллиондаған адам өз жерінде, өз елінде қуғын көріп, жазықсыз жазаланды. Ұжымдастыруды желеу етіп, халықты ортақ қазаннан ас ішуге бейімдеу үшін елдегі бай-манаптардың малын тәркілеп, өздерінің аяқ-қолына кісен салып, абақтыға жапты. Шекаралық аймақта отырғандар қолындағы ақ адал малы мен дүниесін қызыл үкіметке бергісі келмей көрші мемлекеттерге өтті. "Өтті" деген сөз ауызбен айтуға оңай болғанымен, шын мәнінде сол қияметтің қылкөпіріндей азапты сапарда елінен үдере көшкен қаншама қандастарымыз діттеген жеріне жетпей қырылып қалды. Бұл жайында жазушы Сәкен Жүнісовтің "Аманай мен Заманай" романында жақсы суреттеледі.
Әсіресе өткен ғасырдың жиырма-отызыншы жылдарында қазақ зиялыларының басына қара бұлт үйірілді. Елін, жерін қорғап қалу жолында торғайдай шырылдап, арыстанша арпалысқан арыстарға "ұлтшыл", "халық жауы" деген жалған айып тағылып, атылды, "итжеккенге" айдалды. Сөйтіп сан мыңдаған зиялы азаматтар жалған жаланың құрбанына айналды. Олардың үрім-бұтағының өзі түрмеге қамалып, азап шекті. Кеше еліміз егемендік алғанша "халық жауының" ұрпақтары сол "қара таңбаны" арқалап, ел алдында именшіктеп ғұмыр кешті.
Тәуелсіздіктен соң азаттық үшін атылып кеткен арыстарымыз ақталып, тарихи ақтаңдақтардың беті ашыла бастады. Отандық тарихшылар отарлаушы елдің қазақтарға қасақана жасаған қиянатын ашық жаза бастады. Одан бұрын да Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның "Қызыл жебе" романы сол кездегі қандықасап жүйенің шындығын там-тұмдап болса да ашқан болатын. Қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың өмірі жайында жазылған сол романда бас кейіпкер арқылы Алаш арыстарының елінің келешегі үшін бастарын бәйгеге тігіп, Қызыл империяның қанды жүйесіне қалай қарсы шыққанын суреттейді. Шығарманы жүрегің дүрсілдемей, өзегіңе ащы өксік кептелмей, қос жанарыңнан жас үзбей оқу мүмкін емес. Алайда сол қуғын-сүргіннің құрбаны болған арыстардың өмір жолдары қалғып жатқан санаңды сілкіп, бойыңа алапат күш берді. Бір сәт кеуде-қапасыңда құлдықта жатқан намыс пен жігерден жаралған рух қараңғы құрсауды бұзып шығып, еркіндікте шарықтап самғай жөнеледі.
2010 жылы Алматыға жол түсті. Көлігіміз Қапшағайға қарай бет түзеді. Жетіген бекетінен өтіп, Жаңалық ауылына жақындағанда шопыр жолдың оң жағындағы кешенге тоқтады. "Аға, мына жерде қуғын-сүргін құрбандары жатыр. Барып, дұға бағыштайық" деді.
Ат шаптырым аймақты алып жатқан тарихи кешеннің ортасында қуғын-сүргін құрбандарына арналған биік ескерткіш белгі тұр. Үш тағаны жерге тіреліп көтерілгенімен, басы бір-біріне бірігіп қосылған бағанның ортасында темір тор тұр. Әлгі үш баған сол тордағы елі үшін құрбан болған арыстардың рухын әлі күнге дейін азаптап жатқан сталиндік жүйенің қатыгез жендеттері секілді. Көз салсаң, аза бойың қаза болады. Сол азапты жылдардың куәсіндей болған бұл кешен 1998 жылы Елбасының идеясы бойынша ашылыпты. Басында музейі де бар. Кешеннің дәл сол жерден ашылуында да үлкен мән бар екен. Оны біз сол жердегі шырақшы ағамыздан естідік.
– Менің өзім қазір сексенге келіп қалдым. Ол жылдары ойын баласы едік. Ойнап жүріп осы маңайға әскери жүк көліктердің тоқтайтынын жиі көретінбіз. Бірақ жақындауға қорқамыз. Кейде күн батар апақ-сапақ шақта үш-төрт көлік келіп тоқтайды да, мұздай қаруланған әскерилер түседі. Мылтықтың бірнеше мәрте атылған дауысы шығады. Содан соң көп айналмайды, кетіп қалады. Сол көріністі алыстан бақылап тұрған біз үрейленіп тұрсақ та, бойымыздағы қорқынышты балалық құмарлығымыз жеңіп, әлгі жерге барамыз. Әр жерде үйілген жас топырақтар жатады. Кейін білдік қой, жүйеге қарсы шыққан саяси тұтқындарды сол жерге әкеліп атады екен. Қазір осы аймаққа ескерткіш белгі қойылып, кешен ашылғалы келетіндер көп. Әсіресе жастар, мектеп оқушылары ұстаздарымен жиі келеді. Сосын өздеріңіз секілді жолаушылар да ат басын іркіп, аялдап өтеді. Халықтың, соның ішінде жас ұрпақтың өткен тарихын білгені жөн. Өткен тарихтың әр беті келешек үшін сабақ. Кешен құрылысы кезінде осы жерден қаншама адамның сүйектері табылды. Әлі күнге дейін осы маңайда жерасты электр, газ, су желілерін тарту жұмыстары барысында адам қаңқаларын кездестіріп жатады. Оның барлығы сол қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандары. Қолымыздан келгенше құран оқып, қайтадан анау шеттегі қорымға жерлейміз, – деді шырақшы қарт.
Қалай айтсақ та біз тарихи қуғын-сүргін құрбандарын ұмытуға тиіс емеспіз. 1937-1939 жылдар аралығында Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесіліпті. "Халық жауларының" "құйырышықтары" да арнайы құрылған “Қарлаг”, “Степлаг”, “АЛЖИР” секілді қатаң жүйедегі түрмелерге ұзақ жылға тоғытылды. Миллиондаған адам жер аударылды. Сондықтан бұл ашаршылық нәубетінен кейінгі қазақ халқының басына түскен азалы күн. Осы қаралы күнде жыл сайын қазақ қоғамы қайғы жамылып, жазықсыз құрбан болған арыстарын еске алады. Тоталитарлық жүйенің қарауылына ілініп, атылып кетсе де біз үшін солардан бақытты адам жоқ бүгінде. Өйткені олардың барлығы рухтас, мұраттас, мүдделес еді. Мұратына жетпегенімен, олар елі, халқы үшін күресте жеңілген жоқ. Отарлаушылар олардың өзін атқанымен, рухын өлтіре алмады. Бүгінгі тәуелсіз мемлекетте бейбіт өмір сүріп жатқан біз және бізден кейінгі ұрпақ сол арыстарға қарыздармыз.
Қуат АДИС