» » АТА КӘСІПТІ АЛҒА ОЗДЫРҒАН

АТА КӘСІПТІ АЛҒА ОЗДЫРҒАН

Еңбекте соңғы жылдары кәсіпкерлік саласы алға басып, жергілікті тұрғындардың мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдалануға ынтасы артып келеді. Бірі қайтарымсыз грантпен тігін цехын ашуға бел буса, енді бірі кондитерлік өнім өндіруге талаптанып отыр. Олардың алды бүгінде бастаған ісінің жемісін көре бастады. Ал 1997 жылдан бері мал шаруашылығын дамытуға бел буған Бейбітшілік Толыбаев биыл тағы мемлекеттік бағдарламамен несие алып, мал басын асылдандыру ісін қолға ала бастады.
1997 жылы “Боранбай” шаруа қо­жа­лығын құрған кейіпкеріміз бүгінде қо­ра­дағы ірі қара санын жүзден асырған. Осыған дейін асыл тұқымды ақбас бұ­қалар мен жергілікті сиырлар сатып алған төраға бүгінде 4-5 адамды жұ­мыс­пен қамтып отыр. Алдағы уақытта ешқандай шатысы жоқ, тек асыл тұ­қымды ірі қара басын көбейтуді көздеген кейіп­керіміз мемлекеттік бағ­дарламаның ар­қа­сында пайыздық үс­темақысы төмен 15 млн теңгеге қол жет­кізіпті. Бұйыртса, аққошқарлық кә­сіпкер Арал ауданынан асыл тұқымды мал алып келуге жолға шыққалы отырғанын айтады.
– Мал шаруашылығымен ай­на­лы­сып келе жатқаныма 25 жылдай уақыт бо­лыпты. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында малдың өзі де, еті де ар­зан бо­латын. Алайда болашақта оның өні­мінің өтімді боларына сеніп, ша­руашылық құруға бел будым. Қазір жаман емес, бастаған ісімнің жемісін көріп келемін. Қазір төрт түліктің өзінің де, етінің де на­рықтағы бағасы қымбат. “Баға неге шарықтап барады?” деп байбалам са­лудың қажеті жоқ. Себебі бүгінде ауылда отырып, қорада мал ұстауға құлқы жоқтар да бар. Тіпті ауылдық жерде отырып, нан сатып алатындарды көріп таң қалған кездер де болды. Мал бағу оңай шаруа емес. Оны шаруашылық құрып, мал бордақылап отырғандар жақсы біледі. Себебі бүгінде мал азығы да жиі қымбаттап жатыр, нарыққа ілесу керек, – дейді кәсіпкер.
Бейбітшілік ағамыз ата кәсіпті қолға алғалы оның бабын жасаудың да қыр-сырына әбден қаныққан. Сыртынан қараған жанға үйіп-төгіп азығын алдына қойсаң, төрт түліктің кез келгені етті мол беретін сияқты. Алайда әр үй жануарының күтімін жасаудың өзіндік әдісі бар. Мәселен, сиырдың таңғы азығын мол беріп, түсте жемдеудің аса қажеті жоқ екен. Ал кешкі азығын таңмен бірдей салу керек. Сонда ғана бағымдағы мал ерте қоң жинап, иесін шығынға батырмайтын көрінеді. Түскі азығын аз салмасаң, ірі қараның күтімінде қателікке бой алдырдым дей беріңіз.
Жалпы екеуара әңгіме барысында шаруашылық төрағасының расында малды күтіп-баптаудың барлық әдісін мең­гергенін аңғардық. Ағамыз бірақ мұнымен шектелгісі жоқ, алдағы уақытта әлі де сырттан асыл тұқымды ірі қара алып келіп, олардың санын еселеу Бейбітшіліктің күн тәртібінде тұр екен.
– Бұрын тек сырттан асыл тұқымды ақ­бас бұқалар алып келіп, жер­гі­лікті сиырлармен будандастыру ар­қылы олардың санында өсім қа­лып­тастырғанмын. Енді аналық сиырды да, бұқаны да таза асыл тұқымды мал асы­рап отырған шаруашылықтардан алып, олардың санын көбейтемін. Мұн­дай жетістікке қол жеткізу бағы тә­уелсіздіктің арқасында бұйырып отыр. Себебі кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар ел егемендік алғаннан кейін ғана қолға алынды. Оның жемісін бүгінде халық көріп отыр және солардың қатарында мен де бармын. Жалпы төрт түлік жесең азық, ішсең сусын, мінсең көлік. Оның пайдасын ата-бабамыз бұрын байқаса, біз енді біліп жатырмыз. мұндай шаруашылықтардың көп болғаны халық үшін де, мемлекет үшін де тиімді. Бұйыртса, жақында Арал ауданынан асыл тұқымды мал алып келемін. Мал басында өсім қалыптасса, жұмыс орындарын да көбейтуді көздеп отырмын, – дейді іскер азамат.
Аққошқарлық кәсіпкер үшін мал азығы да биыл аса мәселе болмайды. Себебі төраға 300 гектар жайылымдық жерінің 50 гектарын жоңышқа егуге дайындап қойған. Биыл жоңышқа өсіру ісін бастап та кетті. Қажетті техникаларын да жарақтап қойған. Өзі бала-шағасымен облыс ор­та­лығында тұрғанымен бақташылар мұнда төрағаның орнын жоқтатпайды. Себебі уақытылы айлығын алып отыр.
Құрылғанына 25 жылға жуық уақыт болған “Боранбай” шаруа қожалығының бүгінде шаруасы ширақ. Себебі мына ыстықта шаруашылықтардың көбісі мал бордақылауды күзге дейін тоқтатады екен. Жылдың төрт мезгілінде де тұ­ты­ну­шыларын өз өнімімен қамтамасыз етіп отырған Бейбітшілік ағамыз бүгінде сиыр етіне сұраныстың артқаны мал шаруашылығын қолға алған кәсіпкерлер үшін тиімді болып отырғанын жа­сырмайды.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
01 маусым 2021 ж. 193 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930