» » Мал басын асылдандыру маңызды

Мал басын асылдандыру маңызды

Төрт түлікті түлету – қашаннан қазақтың тұрмысынан ажырамас кәсіп. жергілікті халық көшпелі қазақ тұрмысынан бастап күні бүгінге дейін жалғасқан ата кәсіптің бұл түрінің көкжиегін кеңейтуде. Ата-бабамыз төрт түлікті қастерлегені сонша жайлаудан күзеуге, одан қыстауға көшіп, малдың қоңды, төлді болуына жағдай жасаған. Ауыл шаруашылығының бір саласы мал басын көбейту, ірілендіру мен асылдандыру жұмыстары жалағашта саланың дамуына айтарлықтай сеп болуда.

Былтыр ауданда МІҚ 114,4, жылқы 107,6, түйе 111,5, қой-ешкі 96, шошқа 100,9 пайыз көрсеткішті құраған. Өңірде 106 шаруашылық мал шаруашылығымен айналысса, оның 88-і «Сыбаға» бағдарламасы аясында жұмыс істеуде. Аудан көлеміндегі асыл тұқымды МІҚ малының үлес салмағы 2, жылқы 0,16, қой 24 пайызға жеткен. Мал шаруашылығымен, оның ішінде асыл тұқымды түлік түрін көбейту, экспорттаумен айналысып жатқан кәсіпкерлер туралы ақпараттан хабардар еткен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі осы жылы 265 бас импорттық ірі қара сатып алуға «Агронесие корпорациясы» АҚ-дан несиеге 200 млн теңге бөлінгенін, 5000 бас қой сатып алу қолға алынғанын жеткізді. Осы жұмыстар аясында Таң ауылдық округінен «АгроЛидерТаң» ЖШС 300 бас, «Қайсар-СМ» ФҚ 200 бас Ресейден асыл тұқымды «қалмақ» сиырын сатып алуды мақсат етіп отыр.

Бұдан бөлек Қаракеткен ауылындағы «Жанель» шаруа қожалығы «Ауыл КТ» серіктестігі ЖШС-дан 37,5 млн теңге несие алып, 780 бас қой және шаруашылыққа қа­жетті трактор сатып алып, қазіргі таң­да шаруашылық жұмысы ширап тұр. Жа­ңаталаптағы «Махамедияров» ЖК «Ауыл КТ» серіктестігі ЖШС-дан алынған 7 млн теңге несиеге 88 бас жергілікті қой және асыл тұқымды қошқар сатып алуға ниетті. Сондай-ақ Таң ауылдық округінен «Ізбасов» ЖК өз қаражатымен Алматы облысынан 200 бас асыл тұқымды «гиссар» қойын сатып алуды көздесе, бүгінгі күнге 70 бас қой шаруашылық иелігіне алынған.

Жалпы мал басын асылдандыру – маңызды бағыт. Асыл тұқымды ірі қара малына күтім жасау, бабына қарай бағу, одан нәтиже шығарып, басын көбейту, экспорттау жұмысын жолға қою нағыз маманның ісі деуіміз керек. Әрине кәсіпкерлерге қолға алған ісін жалғастыруға мемлекеттен демеу болмаса қиын. Бірақ қазір бұл салаға қолдау көп. Арнайы бағдарламалар да іске қосылған. Әсіресе ауыл шаруашылығымен айналысамын деушілерге өте тиімді «Сыбаға» бағдарламасы аясында жергілікті 25 шаруашылық 76 бас асыл тұқымды бұқа сатып алған. Нәтижесінде өңірде 3 шаруашылық тікелей асыл тұқымды МІҚ малын өсірумен айналысады. Атап айтар болсақ, «Бақдаулет-57» ФҚ, «Адал» ЖК, «Қиясов Еркебұлан» ФҚ. Бұдан бөлек «Бақдаулет-57» ШҚ, «Туған жер» ШҚ ет бағытындағы асыл тұқымды қой өсіруді кәсіп қылып отыр.

Осы тұста Аққұм ауылындағы «Бақдаулет-57» ШҚ-ның асыл тұқымды түлік түрлерін көбейтудегі жемісті жұмысын атап өтуге болады. Шаруашылық 2017 жылы ет бағытындағы «қазақтың ақбас» асыл тұқымды шаруашылық статусын алған. Шаруашылықта асыл тұқымды 173 бас қазақтың ақбас сиыры, 1107 бас асыл тұқымды «қазақтың ірі қылшық жүнді құйрықты қойы», 123 бас жылқы мен 40 бас түйе өсірілуде. Жыл басынан бері 12 бас асыл тұқымды бұқаны бағдарлама аясында жұмыс істеп тұрған басқа да шаруашылықтарға сатып, ерекше тұқымды МІҚ өсіретін жергілікті шаруашылықтар қатарын арттырды. Алты бас бұқа Жалағаш ауданы, алты басы Сырдария ауданының шаруашылықтарына сатылған. Аталған шаруа қожалық сыртқа да мал экспорттауды бастап кетті. Мәселен, былтыр 127 бас асыл тұқымды қойды Иран республикасына экспорттап, аудандағы мал шаруашылығының серпін алуына септігін тигізді. Алдағы уақытта да маңдай тер, еткен еңбек оң нәтижеге бастап, сырт елдерге экспортталатын мал басының саны өседі деп ойлаймыз.

Соңғы кездері ауданда мал басын арттыру мақсатында шаруа қожалықтар мемлекет ұсынған бағдарламаларды тиімді пайдаланып келеді. Осының нәтижесінде мал шаруашылығы өнімі де артты. Былтыр мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар 77,6 млн теңге субсидия алды. Шаруашылық басшылары мен мал иелері асыл тұқымды малды сырттан әкелуге және қолдан ұрықтандыруға да ден қоюда. Былтыр ауданда ауыл шаруашылығы саласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында 3 жоба іске қосылса, олардың қатарында салаға тың серпін берер «Толғанай» жеке кәсіпкерлігінің «МІҚ малын бордақылау алаңы» бар.

Жергілікті шаруагерлердің нәтижелі еңбегінің арқасында биыл да өңірде төрт түлік мал басында едәуір өсім қалыптасты. Биыл ірі қара 34 471, жылқы 15 181, түйе 648, қой-ешкі 42 799 басқа жетті. Нәтижесінде, 3 851,9 тонна ет, 11 362 тонна сүт өндірілді. Бүгінде ауданда 106 шаруашылық мал шаруашылығымен, оның ішінде 88 шаруашылық «Сыбаға» бағдарламасы арқылы жұмыс істеп отыр. Аудан көлеміндегі асыл тұқымды ірі қара малының үлес салмағы 2 пайызға, жылқы 0,16 пайызға, ал қой 24 пайызға жеткен.

Биыл жоспарға сәйкес 125 бас ірі қара және 3750 бас қой сатып алу, 981 бас бұқашықты мал бордақылау алаңына өткізу жоспарланып отыр. Аққұм ауылдық округінде орналасқан «Бақдаулет-57» шаруа қожалығы асыл тұқымды сүт бағытындағы мүйізді ірі қара малының 50 бас аналығын сатып алып, сүт өңдеу цехын ашу бағытында жұмыстар атқаруды қолға алса, Таң ауылдық округіндегі «Манақ баба» шаруа қожалығы асыл тұқымды 30 бас «Әулие көл» қашарын, Еңбек ауылдық округінен «Боранбай» шаруа қожалығы 20 бас асыл тұқымды «қалмақ» сиырын сатып алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Аққыр ауылдық округіндегі «Атамекен» шаруа қожалығы «Ауыл кредиттік серіктестігі» ЖШС-дан 47 млн 6 мың теңге несие алып, 1 200 бас қой сатып алу жұмыстарын жүргізуде. Қазірде аталған шаруашылық 400 бас қылшықты қой алып, шаруасын ширата бастады. Дәл осы қарқынмен жергілікті шаруагерлер жұмысы алға басса, салада серпін қалыптасары анық.

Нұр НАУАН
13 сәуір 2021 ж. 581 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930